Жандауовтың жанқиярлық ерлігі
Әлбетте, әркімге ата-әжесі, әке-шешесінен ыстық, олардан мерейлі ешкім жоқ. Содан да болар, 9 мамыр жақындағанда редакция поштасына келетін Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар жөнінде мағлұматтар көбейе бастайды. Олардың көпшілігін ұрпағы әкеледі. Ал, майдангерлердің қай-қайсысы да әркез мадақтауға лайық бола тұра, келген мәліметтердің барлығын бірдей жариялауға газеттің көлемі көтере бермейтіні өкінішті. Сондай мәліметтердің бірі – әскери дәрігер, медициналық қызметтің майоры Қадим Жандауов жөнінде.
1907 жылы Азғыр ауылында кіндік қаны тамған Қадим дəм тартып, Оралдан гимназия бітіреді. Себебі, ол кездегі əкімшілік-аумақтық бөлініске сəйкес Азғыр өңірі Орал округінің Орда ауданына қарайтын. Сондықтан, қазіргі Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласы ірі əкімшілік-экономикалық орталық еді. Ал, Қадимның əкесі Жандау отағасы өз аймағында тəп-тəуір абырой-беделге ие, дөңгелек шаруасы бар, көзі ашық азаматтардың бірі-тұғын. Жағдайы жетіп тұрған соң кенже баласы Қадимды гимназиядан да тереңірек оқуға беруді ойға алыпты. Сөйтіп, өзі де білім ұстартуға талпынған жас жігіт Саратовтағы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Бұл 1929 жыл болатын…
Ормандай орыстың ортасы болса да Қадим өзі құралпы жастармен таласа-тармаса жүріп, дəрігердің оқуын тереңірек меңгеруге барын салды. Өйткені, елде ауру көп, науқасты емдеп жазатын білімді жан жоқ, сауатсыз елдің жүгінетіні құшнаш-тəуіптер еді. Осылайша, ол 1933 жылы Саратов мединститутын «дəрігер-терапевт» біліктілігі бойынша тəмамдап, дипломын алады. Бұл кезде тек қазақ даласын ғана емес, күллі Одақ аумағын аштық жайлай бастаған болатын. Өкімет оның алдын алудың орнына, белсенді көрінгендердің арасынан «халық жауын» іздеп, «жаппай күрес» жүргізіп жатты. Содан сескенген ата-анасы Қадимның келешегін ойлап, оның Батыс Қазақстан облысының Гурьев округіне бағынышты Орал-Ембі ауданының Қосшағыл кəсіпшілігіндегі аурухана дəрігерлігіне баруына қарсы болған жоқ. «Қара алтын» өндірісі енді ғана қарқын ала бастаған шақта бұл өңірге дəрігер ауадай қажет еді. Сондықтан, Қадим Жандауовтың жұмысы жақсы бағаланып, аз уақытта Қосшағыл ауруханасының бас дəрігерлігіне тағайындалады. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың күрделілігі сол, жерлестерінің саулығын сақтауға барын салған жас дəрігердің еңбегі 1939 жылғы 15 қарашадағы КСРО Денсаулық сақтау халық комиссары Георгий Митеревтың бұйрығына сəйкес «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен лайықты бағаланды. Əрбір қағаздың астарын терең зерттейтін сол шақта қарапайым ауыл дəрігері үшін бұл өте жоғары награда еді. Ал, 1940 жылдың қаңтарында Мақат ауданындағы Доссор поселкелік ауруханасының меңгерушілігіне ауысқан Қадим маман тапшы болған соң дəрігеррентгенолог міндетін қоса атқарды. Өйткені, мұнайлы Доссор жерінде көкірек ауруының да көрсеткіші көп…
Дəл осы шақта неміс басқыншылары тұтқиылдан басып кірген Кеңес Одағының Жоғарғы Бас қолбасшылығы майданға əскермен бірге дəрігерлердің де аса керектігін түсініп, тылда тапшылығы сезіліп тұрса да кəсіби дəрігерлерді шақыртуға пəрмен етті. Гурьев аудандық əскери комиссариатынан Қызыл Армия қатарына шақырылған Қадим Жандауов 1941 жылдың 1 шілдесінен бастап СолтүстікБатыс майданның 312-атқыштар дивизиясы құрамындағы 244-медициналықсанитарлық батальонына бағынышты қабылдау — сұрыптау взводының командирлігіне ІІІ рангалы əскери дəрігер шенімен тағайындалады. Қызыл Армияның Балтық бойы əскери округіндегі жасағы аса маңызды əскери база еді. Өйткені, жау əскері Москва мен Ленинградқа өршелене шабуылдап, КСРО-ның астанасын басып алуды көздеп тұрды. Сондықтан, бұл майдан нағыз қансоқтаның өзі болатын, санитарлар сəт сайын топ-тобымен жаралыларды дала госпиталіне жеткізіп жатты. Олардың жарақатын емдеп жазу да аса қиын, себебі дəрі-дəрмек пен құрал-жабдық, тіпті жарақаттың орнын жансыздандырып, құрал-жабдықты жуатын спирттің өзі тапшы болды. Сөйтсе де, взвод командирі Қ.Жандауов жауынгерлердің саулығын сақтап қалуға жанқиярлықпен тер төкті. 1941 жылғы 2 қазанда мұның взводының бағыныштылығы 53-атқыштар дивизиясына ауысса, 1943 жылдың қаңтарында оны Батыс майданның №2261-жылжымалы дала госпиталінің хирургия бөлімшесінің бастығы етіп тағайындайды. Сол жылғы 3 мамырда дəл осы лауазыммен І-Белоруссия майданындағы №4348-жылжымалы дала госпиталіне ауыстырған.
Арада тура бір жыл өткенде №4390-жылжымалы хирургиялық дала госпиталінің бөлімше меңгерушілігіне тағайындалған Қ.Жандауовты 1945 жылдың мамыр айында №4348-госпитальдегі бұрынғы қызметіне ауыстырып, қыркүйекте №57-эвакогоспиталі хирургия бөлімшесінің меңгерушілігіне тағайындаған. Бұл лауазым атауларын қағаздан оқуға ғана жеңіл еді. Өйткені, взвод командирі деген лауазымы болмаса, Қ.Жандауовтың өзі əскери дəрігер-хирург ретінде үштөрт тəулік бойы жаралы сарбаздардың қанына малшына жүріп, тапжылмастан ота жасаған кездері болған. Нақты мəліметтерге үңілсек, төбеден жау оғы мен снаряды жауып тұрғанда майдандастарын аман алып қалуға барын салған медицина қызметінің майоры Қ.Жандауовтың бір өзі үш тəулікте 150- ге жуық операция жасап үлгерген екен. Тіпті, жау əскері дала госпиталіне шабуыл жасаған сəттерде қолындағы скальпелін автоматқа ауыстырудан да тайсалмапты. Мұның барлығы əсіреқызыл мадақ емес, əлеуметтік желідегі «Память народа» сайтында дəлел-дəйегі жазулы. Алайда, сондай шақта өшпес ерлік үлгісін көрсеткен өзге қаруластары тəрізді, Қадим Жандауұлы да ешбір мадақмарапат сұраған жоқ. Бірақ, мемлекет оларды ешқашан ұмытпады. Далалық жылжымалы госпитальдің хирургиялық бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің майоры Қадим Жандауов КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 1 мамырдағы Жарлығы негізінде «Москваны қорғағаны үшін», 1945 жылғы 9 мамырдағы Жарлыққа сəйкес «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, 1943 жылы 23 қазанда «Қызыл жұлдыз», 1945 жылы 23 наурызда ІІ дəрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Өкініштісі сол, қазақ жəне орыс тілдерінде білімбілігі жоғары болғанмен, Қадим өзінің құжаттағы тегін сауатты жазғызуға қол жеткізе алған жоқ. Сондықтан, сайттағы құжаттарда оның тегі «Джандаулов», «Джамбаулов» болып кездеседі. Қадим Жандауов 1945 жылдың желтоқсан айында əскер қатарынан босатылып, елге оралды. Тылда да жағдай керемет емес еді, материалдық жағдайды айтпағанда, маманның өзі тапшы. Ал, майдандағы қанды қасаптың ортасынан мол тəжірибе жинақтап, шұғыл шешім қабылдауды меңгерген маманның тылдағы ауыр ахуалды жақсартуға зор септігі тиді. Сол себепті, 1946 жылғы 20 ақпаннан бастап Доссордағы ауруханада əуелі дəрігер-рентгенолог, дəрігер-хирург, сосын бас дəрігер болып жұмыс істеген оны Мақат аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатты.
Ауданның медицина саласындағы жоғары жетістіктері мен ұйымдастыру ісіндегі жоғары біліктілігі үшін 1947 жылдың 6 желтоқсанындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығына сəйкес «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дəрігері» атағы беріліп, Құрмет грамотасы қоса тапсырылды. Соғыс аяқталғанмен, əлі де əскери міндеттілігі жойылмаған майор Қ.Жандауов 1952 жылдың шілде-қараша айлары аралығында Гурьев қаласындағы №5 зауыттың медициналық бөлімінің бас дəрігері болып тағайындалды. Бірақ, бір ғана зауыттан гөрі бүкіл ауданның маңызы жоғары шақта Мақат аупарткомының ұсынысына сəйкес ол Доссордағы біріккен ауруханаға əуелі хирург ретінде ауыстырылып, сосын бас дəрігер, аздан соң аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметіне екінші рет жоғарылатылды. 1958 жылғы қарашадан бастап, Мақат аудандық туберкулез диспансерінің бас дəрігері, кейін оның Доссор кəсіпшілігі бойынша рентгенологы, фтизиатры болып ауысты. Мұның бəрі де тегін емес болатын, қан кешіп жүрген төрт жыл дəрігердің саулығына əсер етпей қойған жоқ. Біліктілігі жоғары болғанмен, Қадимның өз саулығы да сыр берді. Соған қарамастан, Ембі ауданының орталығы – Құлсары кентінде туберкулезге қарсы диспансер ашып, оның жұмысын ұйымдастыру үшін аудандық диспансердің бас дəрігерлігіне тағайындалып, фтизиатр жəне рентгенолог міндетін қоса атқарды. Алайда, дендеген сырқат əл бермей, 1963 жылдың қаңтарында алтын қолды дəрігер Қадим Жандауұлына денсаулығына байланысты зейнетке шығуға тура келді. Бұл оның бейнетке толы өмірінің ақырғы сəттері болғандай, өйткені 1963 жылдың 15 мамырында қайтыс болған Қадим Жандауовқа өзі саналы ғұмырын өткізген Доссор кентінен топырақ бұйырды. Бүгінде оның даңқты ерлік жолын айғақтайтын ресми құжаттардың барлығы Алматы қаласындағы Қазақстан медицина жəне денсаулық сақтау тарихының музейінде сақтаулы. Ал, Доссор кентіндегі бір көшеге оның есімі берілген. Тағдыр білікті дəрігерге елу алты жас ғұмыр жазғанмен, артына өшпес мұра қалдырды, саналы ұрпақ өсірді. Екі қыз, бір ұлының мұнай өнеркəсібінің жоғары білімді маманы болуына барынша мүмкіндік жасады. Олардан өрбіген ұрпақ та бүгінде сол саланың абыройлы қызметкерлері. Ал, Қадим Жандауовты Мақат, Доссор жəне Құлсарыдағы аға буын өкілдері ұмыта қойған жоқ, облыс медицинасындағы алдыңғы толқын оны білікті дəрігер, шебер ұйымдастырушы ретінде бағалайды. Жандаудың үлкені Зейнеденнің кіші ұлы, жоғары санатты дəрігер-хирург, Қазақ КСР денсаулық сақтау ісінің үздігі Əмірхан Жандауов ата жолымен Алматы мединститутын 1953 жылы бітіріп, Форт-Шевченко, Мақат, Қызылқоға, Балықшы аудандарында денсаулық сақтау бөлімдерін басқарып, туберкулез ауруының алдын алуға зор үлес қосты. Гурьев облыстық сүйекбуын туберкулезі санаторийінің бас дəрігері болып тағайындалған бірденбір дəрігер. Ол Қазақ өкпе аурулары ғылыми-зерттеу институтының базасында 14 жасар Алик есімді жасөспірімге 1000-ншы рет жасаған отасы жөнінде баспасөз бетінде жазылып, тəжірибесі таратылды. Сондай ерен еңбегі үшін Əмірхан Жандауов Еңбек Қызыл Ту, «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Зейнеденұлы Ғаббас та сауда саласында өз заманындағы санаулы ғана мамандардың бірі еді. Қазір соғыс жəне еңбек ардагері Қадим Жандауұлының жолын Ақтау қаласында тұратын Жазира Махмудқызы (Ғ.Жандауовтың немересі) жалғап, еліміздің медицина саласын дамытуға үлес қосып жүр.
Әрине, қан майдандағы қаһармандар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Алайда, қиын кезде қасық қаны қалғанша жаумен шайқасқан даңқты сарбаздардың жанын аман сақтап, денсаулығын жақсартуына күшжігерін аямаған Қадим Жандауовтай алтын қолды дәрігерлердің де есімдерін елі біле жүруге тиіс. Ол үшін соған лайықты шаралар қабылдануы шарт. Сонда ғана жас ұрпақ бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімі қалыптасары сөзсіз.
Назарбек ҚОСШИЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі