Жанбайда жаңа дәріхана ашылды
Өткен жұмада Жанбай ауылында З.Құрасұлы көшесінен аққыстаулық кәсіпкер Гүлжан Нысанқұлованың иелігіндегі «Еркежан» дәріханасының ашылу салтанаты өтті. Бұл – кәсіпкердің дәл осындай атаумен ашып отырған екінші кәсіпкерлік нысаны. Нақтырақ айтқанда, аудан орталығындағы қолжетімді қызметімен танымал дәріхананың ауылдағы бір бөлігі.
Мереке қарсаңында тұсауы кесілген жаңа нысанның жұмысына сәттілік тілеген аудан әкімінің орынбасары Асқар Құрманғалиев бұл жұмыстардың ауыл халқын дәрі-дәрмекпен қамтуда жасалып жатқан игілікті іс екендігін атап өтті. Бұған дейін бір дәріханасы бар ауылға тағы бір жаңасы қосылып жатқаны бәсекелестікті күшейтетіні сөзсіз. Ал, бәсекелестік бар жерде қызмет сапасының да артары анық.
Аудан әкімінің орынбасары Асқар Құрманғали пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзажан Балпанов ғимараттың лентасын қиды. Ауыл тұрғындары атынан Мұстажап Аяшев пен медицина саласының ардагері Ағзираш Уапова жылы лебіздерін білдіріп, жаңа орынның жұмысына сәттілік тіледі.
Білгеніміздей, кәсіпкер нысанды ашу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалынан 2017 жылы «Ауылдық жерлердегі шағын орта бизнесті дамытуға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 пайызбен 8,0 миллион теңге несие алған. Облыстық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының нысанды ашуға сервистік ілеспе қызметтер көрсеткенін де айта кетейік. Шарада сөз алған филиал директоры Нұрым Мусин кәсіпкерді құттықтап, алғыс хат табыстады.
Дәріханада тыл ардагерлері мен зейнеткерлерге және 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға дәрі-дәрмектер 10 пайыздық жеңілдікпен сатылады.
Алға қарай дәріхананың ішінен емдік кабинеттер ашу да кәсіпкердің жоспарында бар. Бұл – бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтып отырған орын алдағы уақытта басқа да мамандарға қызмет ұсына алады деген сөз.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Суретті түсірген: Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ