
Жаңа идеялар орталығы
2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында еліміздің барлық өңірлерінде «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісінде технологиялық хабтар құру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы жүзеге асыру аясында 2024 жылдың тамыз айында Атырау қаласында, К.Маденов көшесі 7А мекенжайында жаңа өңірлік IT-хаб – Atyrau Hub өз жұмысын бастады. Astana Hub – Орталық Азиядағы IT-стартаптарға арналған ең ірі халықаралық технопарк болып табылады, онда қазақстандық және шетелдік технологиялық компаниялардың дамуына қолайлы жағдай жасалған. Atyrau Hub осы үлгі бойынша аймақтағы инновациялық бастамалар мен IT-жобаларды жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Хабтың басты мақсаты – энтузиастар мен сарапшыларды біріктіріп, білім мен тәжірибе алмасуға жағдай жасау, сондай-ақ келешегі зор жобаларды қолдау арқылы олардың дамуына жол ашу. Atyrau Hub IT-компанияларға резиденттік бағдарламалар, инвестициялар және заманауи инфрақұрылымға қолжетімділік ұсынып, жергілікті стартаптарды халықаралық нарықтармен байланыстыруға ықпал етеді. Бүгінде Атырау облысынан 10 IT-компания осы технопарктің резиденті болып отыр. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап Atyrau Hub базасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында 37-ден астам іс-шара өткізіліп, 461-ден астам тыңдаушы қамтылды.
Бюрократияны азайту және ашықтықты арттыру мақсатында облыстық мәслихат сессияларын ұйымдастыру процесі толықтай цифрландырылды. Қатысушыларды тіркеу, дауыс беру және материалдарды тарату автоматтандырылып, сессияларды халыққа онлайн трансляциялау мүмкіндігі іске қосылды.
Алмас ҚАБДОЛ