ЖАНҒА ЖАЙЛЫ САЛҚЫНДЫҚ
ЖАҢА ӘДІСТІҢ ТИІМДІЛІГІ
Шаруа қожалығы иелерінің айтуынша, жалпы бұл тәсіл дүние жүзінде әлдеқашан-ақ қолданысқа еніпті. Өйткені, оның тиімділігі сол, онсыз да әлем бойынша тапшы энергия көзін үнемдеуге мүмкіндік береді, әрі табиғи таза өнімді пайдаланамыз. Ол қожалық маңында орналасқан ұңғыманың көмегімен жүзеге асқан. Гидрогеология саласының мамандары оны тәжірибе ретінде жасап көріпті.
— Бірінші тәжірибе болғандықтан, пешпен жылытылатын жеке сектордағы үйдің бір бөлмесінің қабырғасына құбырларды орнатып, сыртын майладық. Бір қарағанда, кәдімгі үй қабырғасынан еш айырмасы жоқ. Бірақ, іші толы ирелеңдеген құбырлар. Сол құбыр үйдің сыртындағы температураны өлшеп тұратын арнайы құралға жалғасады да, жартысы жер астына қарай кетеді. Бәріміз білеміз, онда 80 метр тереңдікте су бар, оның салқындығы 18 градустай болады. Сөйтіп, құбырдағы су насоспен жерасты суының температурасымен салқындап, қайта өтеді. Насосқа небәрі 52 Вт кетеді, ал, мына бөлмені салқындатуға 2 кВт қажет, — деген Едіге ақсақал мұндай әдістің күнделікті қолданатын салқындатқыш жүйеден айырмашылығына да тоқталып өтті.
Оның байыпты пікірін біз де қостаған жайымыз бар. Себебі, жаз айларындағы салқын тию, ауру-сырқаудың бәрі осы сплит жүйесінің салдарынан болады. Ал, бұл тәсіл күндіз ыссылатпайды, түнде тоңдырмайды, қалыпты температураны ұстап тұрады. Оның үстіне, салқындатқыш жүйеге көп энергия керек. Шынымен де, шаруагерлердің осынау идеясына таңдай қақпасқа болмайды. Ешқандай шығынсыз, әрі экологиялық жағынан таза. 2000 Вт жұмсап бөлмені салқындатудың орнына 52 Вт қуатты ғана пайдалану таптырмас технология екені даусыз.
— Бір ескерте кететін жайт, бұл біз тапқан идея емес, әлемнің көптеген елдерінде іске асырылып келеді. Тек отбасымызбен гидрогеолог болғандықтан, жер астының температурасын жақсы білеміз. Былайша айтқанда, құбырдағы су бөлменің ыстығын сорып алып, бөлмені салқындатады, — дейді кәсіпкер Едіге Сабуров.
ШЫҒЫНСЫЗ ЖОБА – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА ӨНІМ
Тиімді тәсілдің бізді де қызықтырғаны соншалық, насостардың бағасын сұрап үлгердік. Білгеніміздей, насосты 9 мың теңгенің шамасында қаланың базарларынан оңай табуға болады. Бөлмеге орнату үшін бір сплит жүйенің бағасы ғана кетеді. Тек бұрғылау жұмыстарымен гидрогеологтар айналысады.
Ал, қыс мезгілінде насостарды ұңғыдан ажыратып тастап, жылыту қазандығына жалғайтын көрінеді. Сонда қазақы пеш сияқты бөлме жып-жылы боп тұрады. «Негізінен, еденді жылыту жағын ойластырғанбыз. Бірақ, еден астымен келетін судың температуасы 40 градус болса, аяқ астын тым ыссылатып, жүрек соқтыра бастайды. Сондықтан, қабырға арқылы пайдаланған тиімді», — дейді шаруагерлер.
Жаңа әдістің тағы бір ғажабы, терезені қанша уақыт ашып қойғанның өзінде де бөлме іші бірқалыпты температураны ұстап тұрады. Мамандардың пікірінше, қалыпты ауаны сақтау үшін бөлмені желдетіп тұрған да дұрыс. Өйткені, ол су арқылы салқындатылатындықтан, ылғалдылық мол болуы мүмкін.
Айбөпе САБЫРОВА.