Жарнама
Қоғам

Жалғыздықтан асқан азап жоқ

Қазақ қоғамында отбасын құру, шаңырақ көтеру – ежелден маңызын жоғалтпаған тақырып. Дегенмен соңғы жылдары жастардың үйленуге деген құлшынысы бұрынғыдай емес. 23–25 жасында отау тігуге ұмтылатын дәстүрлі көзқарас әлсіреп, бүгінде көпшілік бұл жауапты қадамды кейінге қалдыруда. Бұл үрдістің астарында не жатыр? Қоғамдық стереотиптердің әлсіреуі ме, әлде жаңа буынның өмірлік басымдықтарының өзгеруі ме?

Үйленуге не кедергі?

«Әскерден келген соң бірден үйлену – ер-азаматқа тән жауапкершілік» деп білетін аға буын бүгінгі жастардың бұл мәселеге бейжай қарауын түсіне алмай дал. Кезінде жиырмаға толған қыздың тұрмыс құрмауы, әскерден кейін бойдақ жүрген жігіттің үйленбеуі көпшілік үшін ұят саналатын.

Ал қазір ше? Қазір жиырма жастағы жігіттердің көпшілігі өзін бала сезінеді. «Үйлену» деген сөзді естісе, өзіне емес, басқа біреуге айтып тұрғандай таңырқап қарайды. «Әлі ерте», «алдымен аяққа нық тұрып алайық», «өмір сүру қиын, қыздар тым талапшыл» деген сылтаулармен бұл тақырыптан алыстап кеткендей.

Жастардың үйленуге салғырт қарауының себебі әртүрлі. Бірі қыздардың материалдық сұранысын алға тартады. Түр-келбет, киім үлгісі, қымбат сыйлық, көлік, пәтер – осының бәрін сұрап, жігіттің мойнына артатын қыздардың көбейгеніне налиды. Тағы бірі қалың мал мен той шығыны секілді дәстүрлі жоралғылардың шектен тыс қымбатқа түсетінін себеп қылады. Жұмыс таппай жүрген немесе еңбекақысы төмен жастар үшін бұл үйленуге деген сенімсіздікті тудырады. Кейбірі болса махаббат жолында сәтсіздікке ұшырағанын, сүйгенінің басқаға тұрмысқа шыққанын айтып, көңілі қалғанын жасырмайды. «Сол қыздан кейін ешкімге көңіл бөлмедім» дейтіндер де бар.

Қыздардың уәжі қандай?

Жігіттер қыздардың тым талапшылдығын айтып шағымданса, бойжеткендер керісінше, қазіргі ер-азаматтардың жауапкершіліктен қашатынын алға тартады. Олардың айтуынша, қазіргі көптеген жігіттер өзіне сенімсіз, батылдық танытпайтын, өмірлік шешімдерден қорқатын күйде. Кейбір қыздар ер азаматтардың тек көңіл көтеру үшін ғана жақындап, қарым-қатынасты ойыншыққа айналдыруға ұмтылатынына назалы. Ал қаржылай тәуелді, дайын тұрмысқа қызығатын, тұрмысы түзелген қыздарға «масыл» болғысы келетін жігіттер бүгінгі қоғамда аз емес. Қыздар мұндай жігіттерді «альфонс» деп атайды.

Бірыңғай әйелдер жұмыс істейтін ортада жүрген, яғни ер азаматтармен жиі араласа бермейтін мамандық иелері де өз ортасында лайықты жанды жолықтыра алмай жүреді екен. Ал кейбір бойжеткендер жалғызбастылықтың бір себебін өздерінен көреді: «Үйде көп отырамын, қонақ, той-томалаққа баруға зауқым жоқ. Кім келіп іздейді? Қазір танысу да қиын» дейді олар.

Кейбір қыздар үшін ер адамның отбасы құруға дейінгі өмір жолы маңызды. Бұрын ажырасқан, баласы бар жігіттермен бас қоспау – олардың нақты шешімі. Өмірде бір рет қана отбасын құрғысы келетін қыздар мұндай қадамға тәуекел еткісі келмейді.

Ал бойдақ қыздар мен жігіттерге ортақ бір уәж бар – әлеуметтік тұрақсыздық. Қазір жастар алдымен материалдық жағдайын дұрыстағысы келеді. Мектептен соң жоғары оқу орны, одан кейін жұмыс, жұмыс болған соң пәтер, көлік дегендей, бәрін реттеп барып үйленуді ойлайды. Әрине, бұл – түсінікті жайт. Себебі үй-күйсіз, табыссыз жаңа өмір бастау жас отбасы үшін үлкен сынақ. Алайда дәл осы «алдымен бәрін дұрыстап алайық» деген ұстаным жүйрік уақыттың қалай зулап өтетінін де аңғартпайды.

Ішкі күйзеліске тап болады

Үйленбей жүргендердің көбеюі бүгінде демографиялық мәселе ғана емес, терең психологиялық және әлеуметтік түйткілге айналды. Бұл ахуалға алаңдаған мамандар арасында психологтар да бар. Олардың айтуынша, отыздан асып, отбасын құрмаған адамдар сырт көзге ештеңеден тарықпайтын, толыққанды өмір сүріп жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде, ішкі жан дүниесі жалғыздықпен күресіп жүруі мүмкін. Мұндай ішкі күйзеліс ашық айтылмаса да, адамның мінезінен, өмір салтынан, болашаққа деген көзқарасынан білініп тұрады.

Психолог Жайсан Ибадоллаева «бойдақтықты тек материалдық қиындықпен байланыстыру – мәселені үстірт пайымдау» деген пікірде. Көп жағдайда адам ішкі сенімсіздігі мен жауапкершіліктен қашу салдарынан жалғыздықты саналы түрде таңдайды.

Бұрынғы буынның ұстанымында «екеуіміз қосылсақ, өмірдің қиындығын бірге көреміз» деген үміт пен сенім бар еді. Ал қазіргі буын бұл көзқарастан алыстап бара жатқандай.

Кей жастардың жалғыз жүргенді еркіндіктің нышаны, сәннің бір түрі деп қабылдауы да қоғамда қалыптасқан үрдіске айналды. Дегенмен бұл еркіндік уақытша ғана иллюзия болуы мүмкін. Себебі табиғат заңын айналып өту мүмкін емес. Адам баласы жаратылысы бойынша жалғыз өмір сүруге бейімделмеген, ол екінші жартысын іздейді, табуға тырысады. Таппаса іштей жабығады,-дейді психолог Ж.Ибадоллаева.

Маманның айтуынша, егер бұл үрдіс жалғаса берсе, келешекте толыққанды отбасылардың саны азайып, халықтың ішкі ынтымағы мен тұрақтылығына да сызат түсуі мүмкін.

Кеш некенің кесірі көп

Қоғамда үйлену жасын шегере түсу қалыпты құбылыс сияқты көрінгенімен, бұл үрдістің физиологиялық, психологиялық, тіпті ұлттық қауіпсіздік деңгейінде де зардаптары бар екенін ескере бермейміз. Ақ халатты абзал жандардың айтуынша, ер мен әйелдің биологиялық сағаты шексіз жұмыс істемейді. Әсіресе, әйелдердің ұрпақ өрбіту қабілетінің белгілі бір шегі бар. Медицинада 27–28 жастан асқан әйел адамды «кең мағынадағы репродуктивтік жастан асып бара жатқан» категорияға жатқызады. Бұл біреуге қорқынышты, біреуге тосын естілгенімен, ғылыми негізі бар дерек.

Дәрігерлердің сөзіне сенсек, тұрмысқа кеш шыққан әйелдердің үштен біріне жуығы ана болу бақытынан айырылуы мүмкін. Себебі жас ұлғайған сайын ағзадағы гормондық өзгерістер, жүйке жүйесінің әлсіреуі, экологиялық факторлар мен өмір сүру салты бала көтеруге кедергі келтіре бастайды.

Тағы бір маңызды жайт, кеш үйленудің салдары тек бедеулікпен шектелмейді екен. Жастар арасында еркін жүрістің артуы, зинақорлық пен кездейсоқ қарым-қатынастың көбеюі түрлі жыныстық жолмен жұғатын аурулардың таралуына жол ашуда. Бұл – тек жеке саулыққа емес, келешектегі ұрпақтың да денсаулығына төнетін қауіп. Ал балалы болу мүмкіндігі шектелген кезде, ерлі-зайыптылар арасындағы қатынас суып, отбасылық жанжал, тіпті ажырасуға дейін апаратын қиындықтар туындайды. Қоғамдағы көпбалалы отбасы санының азаюы, бір немесе екі баламен шектеліп қалатын шаңырақтар осы кеш некелердің бір салдары екенін де мойындау керек.

Халқымыздың көне дәстүрінде де ерте үйленуге мән берілген. «Он үште – отау иесі» деген аталы сөз ер жеткен ұлдың иығына жауапкершілік жүктеп, оны ерте бастан еңбекке, отбасын асырауға бейімдеу мақсатында айтылған. Бала күнінде атастырылып, бесікте жатқанда-ақ құда түсетін дәстүрдің астарында ұрпақ қамы мен ерте отбасылық тәрбие жатыр.

Қазіргі медициналық зерттеулер де ата-бабамыздың бұл ұстанымының өміршеңдігін растап отыр. Себебі ерте жаста құрылған некеде дені сау бала туу мүмкіндігі жоғары, ана мен әке болуға бейімділік те табиғи түрде қалыптасады. Жас ағза баланы көтеруге, тәрбиелеуге де анағұрлым икемді келеді. Осы тұрғыдан алғанда, неке құруды соза беру тек жеке тағдырдың емес, ұлт тағдырының, ұрпақтың болашағының мәселесі екенін терең түсінетін уақыт жетті. Денсаулықты сақтау, ұрпақ өрбіту, ұлттық болмысты жоғалтпау үшін ерте үйленудің тек салт-дәстүрмен емес, нақты ғылыми дәйектермен де бекемделіп тұрғанын ұмытпауымыз қажет.

Мұрат Мұстафаев, «Иманғали» мешітінің наиб имамы:

Нәпсіні тыятын тетік

Бұл ретте ислам діні де әрбір мұсылманды мүмкіндігінше ертерек шаңырақ көтеруге үндейді. Осы орайда біз пікірін білдік. Оның айтуынша,

Отбасы – адамзат тарихындағы ең көне әрі ең қасиетті әлеуметтік құрылымдардың бірі. «Отбасы – бұл қоғамның іргетасы. Әр отбасы – шағын мемлекет. Ал сол мемлекеттің тұрақтылығы мен беріктігі тек махаббатпен, сеніммен, жауапкершілікпен ғана сақталады. Егер осы үшеуі болмаса, отбасы ыдырайды, ал отбасы құласа қоғам әлсірейді. Сондықтан дініміз бұл мәселеге ерекше мән береді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл жайында: «Ей, бойдақтар! Араларыңда кімнің үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Себебі бұл көзді де, ұятты жерлерді де қорғаудың ең дұрыс жолы. Ал кімнің шамасы жетпесе, ораза ұстасын. Себебі ораза – нәпсіні тыюдың ең тиімді жолы» деп өсиет қалдырған екен.

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың «Көбейіңдер, өсіп-өніңдер. Мен қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» деген сөзі де ұрпақ жалғастырудың, ұлтты өсіру мен өркендетудің имани негізі екенін көрсетеді. Демек, шаңырақ көтеру, бала сүю – жеке бастың қалауы ғана емес, ислам алдындағы борыш.

Қазіргі жастардың кейбір қателіктерінің бірі неке мен махаббатты екі бөлек ұғым ретінде қарастыруында. Анығында махаббат – уақытша сезім, ал неке – өмірлік жауапкершілік. Махаббат некеге жол ашуы мүмкін, бірақ отбасын ұстап тұратын – өзара сенім мен ортақ құндылықтар. Сондықтан жастар бір-біріне тек ғашық болуды ғана емес, бірге өмір сүре білуді, бір-біріне сабыр таныта білуді де үйренуі керек.

Алтынай Құмарова (аты-жөні өзгертілді), қала тұрғыны:

«Жұптарға қызыға қараймын»

Жас болдық, тәкаппарлыққа бой алдырып, өміріміздің болашағына қиялымыздағыдай серік іздеп, яғни кейбіреулер айтқандай, ақ боз атты ханзаданы күтіп жүргенде сынаптай сырғыған уақыттың қалай өткенін байқамай да қалыппыз. Оны түсінген кезде кеш болып қалды.

«Адам өз бақыты үшін күресу керек» дегенімізбен барлығы өмірде ойыңдағыдай бола бермейтінін мойындағанымыз жөн. Қазір кейде тойға немесе кешкі отырыстарға барғанда жұптары жарасып, көңілді отырған ерлі-зайыптыларды көргенде ішкі дүниең астаң-кестең болып, оларға сыртынан қызыға қарайсың, санаңа тәтті ойлар келеді. Жалғыздықты сезінуден өткен ауыр азаптың жоқ екенін жалғызбастылыр ғана түсінеді. Жасандылықпен кейде жалғыздығыңды басқаларға білдіргің келмейді.

Ұмсынай Нұрғалиева, көп балалы ана:

«Ақылымды айтып отырамын»

«Өлімнен ұят күшті» деп өскен біздің кезімізде «кәрі қыз» деген атымен жоқ еді. Жесірдің жалғыздығы жанға бататыны сонша, жыл өтпесімен әмеңгерлікпен қайын інілерінің біріне қосатын.

Қазір ай десе аузы, күн десе көзі бар қыздардың өзі оң босағада отырып қалып жатыр. Бірі «оқимын» деп жүріп қалса, енді бірі «жұмыс істейін, ата-анама пайдам тисін» деп жүріп, жасы біразға келіп қалғанын байқамай да қалады. Ал сосын ақыл тоқтатып қалған қызға екінің бірінің ұнай қоюы екіталай. Таңдайды. Сөйтіп жүріп уақыт өткізіп алады.

Мен 8 құрсақ көтерген анамын. Қазір келіндеріме, қыздарыма «үйленем» деген ұлдың, «орнын табам» деген қыздың жолын бөгемеңдер деп ақылымды айтып отырамын.

Түйін:

Жалпы, адам баласы бұл дүниеге не үшін келеді? Тек ішіп-жеп, тіршілік кешіп, уақыт өткізу үшін бе? Әлде қызмет қуып, мансаптың соңында жүріп, өмірін өткеріп жіберу үшін бе? Жоқ әлде «сен тимесең, мен тиме» деген немқұрайлылықпен қара басының ғана күйін күйттеп өту үшін бе? Әркім бұл сұраққа өзінше жауап берер. Дегенмен жаратылыстың ең биік иесі адам баласының бұл өмірдегі ең басты миссиясы – ұрпақ өрбіту, адамзат санын көбейту ғана емес, сол ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, қайырым мен парасатқа баулу. Бұл әр пенденің ең асыл парызы, ұлттың болашаққа аманат еткен үміті болып қала бермек.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button