ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН ЖАНДЫ БАСТАМА

Атырау өңіріндегі қайырымдылық шаралары бүгінде «Жанашыр» жобасы аясында жалғасын табуда. 

Облыстық білім беру басқармасының қорғаншылық, қамқорлық бөлімінің басшысы Анар Каюпованың айтуынша, облыста 170 жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала бар. Балалар үйінің ішкі тыныс-тіршілігі көңілге қонымды. Мемлекет оларды киер киімі мен ішер асынан кенде қалдырып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта балалар жазғы демалысқа жіберілуде. 63 бала Ресейдің Железноводск қаласында демалуда. Демалыстан кейін де балалар уақытын текке өткізбейді. Түрлі үйірмелерге қатысады.

 Осы тұста айта кету керек, С. Қазыбаев атындағы балалар үйі мен «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы жанынан жуырда жазғы лагерь ашу жоспарланып отыр. Онда балаларды ойын-сауық кешендеріне, кинотеатрларға апарады.

Десек те, балалар ата-ананың аялы алақанын, отбасының жылуын аңсап тұрады. Олардың осындай рухани қажеттілігін қанағаттандырып, қамқор болуға асығу – әр азаматтың адами борышы.

Осы орайда өңірде «Жанашыр» жобасы шеңберінде «Атырау су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, «Атырау мұнай өңдеу зауыты»,  «Потенциал Ойл», «Іскер груп» ЖШС-тері алғаш болып жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйінен төрт баланы ұжымдық қамқорлыққа алып, игі іске қадам басты.

Бұған дейін де айтылғандай, жоба аясында кәсіпорындар негізінен үш бағытта  қамқорлық көрсетеді. Балалардың қосымша білім алуына жағдай жасау, әлеуметтік қолдау бағытында оларды жұмыспен және баспанамен қамтуға міндетті. Ал, бұған қоса қамқоршы кәсіпорын ұжымы өз еріктерімен баланы отбасыларына апарып, жанұя жылулығын көрсете алады. Жазғы демалыстарға жіберу немесе басқа қырынан қамқорлық көрсетемін деушілерге шектеу қойылмайды.

Бүгінде балаларды қамқорлықтарына алған кәсіпорындар өз міндеттерін орындауға кірісті.

– Біз «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылынан 13 жасар Дамир Төребаевты қамқорлыққа алдық. Ол Геолог поселкесіндегі  Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебінің жетінші сыныбында  оқиды. Спортпен айналысқанды ұнатады, дзюдодан секцияға қатысады. Балалармен әңгіме барысында біз Дамирдің мінезі салмақты, тіл алғыш екенін байқадық. Әр істі мұқият орындауға тырысады. Өскенде бапкер болуды армандайтынын айтқан Дамирге біз өз қамқорлығымызды көрсетуді жөн көрдік, – дейді «Іскер груп» ЖШС директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Сайын Қуанышев. Оның айтуынша, өңірде қолға алынған бұл жобаны естігенде, серіктестік өкілдері бірауыздан қолдаған. Қызметкерлер өз игі істерін көрсету мақсатында қазір жазғы демалыстағы Дамирдің оралуын асыға күтуде.

Сондай-ақ, «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы Равиль Меңдіғалиевті қамқорлыққа алған «Потенциал Ойл» серіктестігі өз жанашырлықтарын көрсетуге дайын. Равиль Геолог поселкесіндегі Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебінің  бесінші сыныбында оқиды. Сурет салуды  ұнатады.  Өз отбасында өмір сүргенді, бауырларының болғанын қалайды. Үлкендердің айтқанын бұлжытпай орындайды. Өзінен кішілерге қамқор бола алады. Келешекте  полиция қызметкері болуды армандайтын Равилді аталған серіктестік басшылығы оның бар арманын іске асыруға жан-жақты қолдау болатындықтарын айтады. 

«Жанашыр» жобасы бойынша балаларға қамқорлық танытушы кәсіпкерлер өз еріктерімен ғана келісім-шарт жасай алады. «Бүгінде білім беру басқармасы балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің фотосуреттерімен олар туралы сауалнама, тізімдерін жасақтауда. Кәсіпкерлерді мерекелік немесе әр түрлі тақырыпта өтетін іс-шараларға қатысуға шақырып, балалармен кездесулер ұйымдастыруда. Алдағы уақытта жүрегі жылы «жанашырлықтар» қатары артады деп сенеміз» дейді аталған басқарманың қорғаншылық, қамқорлық бөлімінің басшысы Анар Маратқызы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз