ЖАЛҒАН ЖАЛА ҚҰРБАНЫ
Сол зұлматтың ауыр азабын көргендердің бірі – менің әкем Мұхит Біләлұлы еді. Әкем өзі туып-өскен Новобогат ауданындағы Нарын құмындағы жаз жайлауда отырғанында бірде екі аттылы кісі келе қалады. Бұл 1940 жылдың шілде айы болатын. Әлгілер әкемізді үйдің бір бұрышына отырғызып қойды да, сықырлауықты жауып қойып, еш себепсіз үйдегі заттардың астын үстіне шығара бастады. Көрші қоныстанған Әтекем (көкемнің әкесі – Біләл) үйінде ұйықтап жатқан біздерге келген әкеміз үнсіз құшақтап, бетімізден сүйді де кете барды. Сол көрініс мәңгілікке есімде жатталып қалыпты. Ол кезде менің төрт жастан енді кеткен кезім еді. Таңертең оянсақ, анамыз еңіреп жылап отыр екен. Сөйтсек, әкемізді түнде суыт жүрген екеу ертіп алып кетіпті. Осылайша шешеміз Алхаш жан жарынан, шиеттей бес бала әкемізден тірілей айырылып, зар еңіреп қала бердік. Балалардың үлкені Айжан апам сол кезде небары он үште ғана екен. Осы оқиғадан соң арада он екі күн өткенде анамыз аудан орталығы Қамысқаладағы түрмеде жатқан әкемізге тамақ алып бара жатқан жолда «Шәуіптен» деген жердегі Әлмұхан атты пошта тасушы қарттың үйінде босанып қалады. Осылайша, кенже ініміз Жолдасқали өмірге келеді.
Әкеміз 1892 жылы Новобогат ауданына қарасты Дуаберген аталған ауылдық кеңесте дүниеге келген екен. Арғы атасы Әбубәкір арабша сауатты болыпты. Молда, әулие атанып, мешіт те ұстапты. Әкеміз де сөзге шешен, кісіні бір көргеннен танитын адам жанының психологы еді. Кемшілікті бетке айтатын бірбеткейлігі де болыпты. Суырып салма ақындығы да бар еді. Әкемнің өлеңдерінің денін жасы үлкен апам Айжан жатқа айтып та жүрді. Осы орайда көзкөргендерден естіген мына бір жайтқа тоқталғым келіп отыр. Дуаберген ауылдық кеңесінің бұрынғы төрағасының орнына жоғарыдағылар басқа адамды сайламақ болады. Ел ішіндегілер әкеме хабарласып, кеңескен уақытта, «Үйренбеген періштеден үйренген пері артық болар» деп, тілдей қағазға жауап жазып жібереді. Сөйтіп, елге жұғымсыз бола тұра, бұрынғы төраға қайта сайланады. Осы бір ғана мысал қатар жүрген азаматтардың әкеміздің ой-пікірімен санасқандығының анық дәлелі сияқты. Әкеміздің ел ішіндегі беделін кейбіреулердің көре алмағаны себеп болса керек, сол кездегі «үштік» аталған НКВД-ның төтенше жиынының үкімімен әкем күндердің күнінде нақақтан-нақақ жер аударылып кете барды. Сол кезде оған «мемлекеттік құпияны жариялады» деген жала жабылды.
«Халық жауы» деген жалған ат жазықсыз тағылса да, қатарларымыз арасында күні кешеге дейін айыпты кісідей күй кештік. Алғаш мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барғанда да туған әкеміздің атын көрсетуге бата алмай, біріміз атамыздың, біріміз әкеміздің ағасының не інісінің атына жазылдық. Тіпті, енді, шындықты жасырмай, ашық айтуға қол жеткен кезеңде комсомол, партия қатарына өтерде «әкеміз әскерден келмей қалды» не «қайтыс болды» деп өтірік айтуға да мәжбүр болдық. Осылайша бәріміз де басқа түскен қиыншылықтарды көре жүріп оқыдық, білім алдық, бір-бір жоғары білімді маман иелері болдық.
Сөз соңында мынаны айтқым келеді: зұлмат саясаттың зардабынан жазықсыз құрбан бол-ған қайран әкелер мен аталардың, аналар мен әжелердің атын дәріптеу, мұражайларда оларға арнап бұрыштар ашу – бүгінгі ұрпақтың, билік басындағы азаматтардың боздақтар алдындағы борышы. Осындай құптарлық шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы Жарлығынан кейін қолға алына бастады. Мәселен, облысқа танымал өлкетанушы, журналист Өтепберген Әлімгереев өңірлік өлкетану мұражайында директор болып тұрған уақытта орталық мешітпен, облыстық мұрағат қызметкерлерімен, «Рух-Память» қоғамдық ұйымымен бірлесіп, бірқатар оқу орындарының студенттерін қатыстырып, қолда сақталған құжаттардан бұрыш ашып, жиналғандар естеліктермен бөліскен еді. Бұл үрдісті кейін мұражайға басшылық жасаған марқұм Нариман Үлкенбаев та жалғастырды. Осындай іс-шаралар тұрақты түрде керек-ақ. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген сөз, біздіңше, тегін айтылмаған. Бүгінгі ұрпақ сол кездері қолдан ұйымдастырылған зұлматтан қазақ ұлтының айрықша жапа шеккендігін жанымен ұғына білуі тиіс…
Хафизолла БІЛӘЛОВ,
зейнеткер,
Атырау қаласы.