Жарнама
Қоғам

ЖАҚСЫНЫ КӨРІП, ЖАНЫҢ СҮЙСІНЕДІ

 

Тарихқа көз жүгіртсек, Кеңес Одағының жұмысы жоспарлы жүргізілді. Тұрғын үймен, тауарлармен, жиһаздармен баршаны толық қамтамасыз етуге күш-жігер бағытталды. Бірақ, қоғамның дамуымен, жаңаруымен қатар, адамдардың мәдениеті мен талғамы өсетіні ескерілмеді. Салынған көп қабатты үйлер бірыңғай сұрқай түсті, бірінің үстіне бірі құрастырылған қорапша тәрізді еді. Сәулеттік, эстетикалық, көзайымдық, сымбаттылық, ұлттық өрнектілік сол кездегі қала құрылысшыларының, оны әрлеушілердің кең ауқымды дизайндық үлгі жобалары әлемдік өркениеттің қатары түгілі, шаңына да ілесе алмайтын. Әрине, бұл өткенді жоққа шығару емес, заманалық өркениет дүрмегіне ілесе алмағанды дәлелдеп тұрғандай еді.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деп бұрынғы ата-бабаларымыз айтқандай, 74 жылда социалистік жүйе ыдырады. Тап осы шақта ежелден тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамаларын қызу қолдады. Оның жаңашыл, батыл іс-қимылының арқасында ел іргесі бекіп, көршілермен шекара айқындалды. Қоғам нарыққа қадам басты. Бұрын еңбек етсең болды, бәрін өкімет бередіге үйреніп, бойкүйез болған халық, тіршілік, күнкөріс қамын неден бастауын білмей абдырап қалғаны жасырын емес.

Тап осы бір аумалы-төкпелі ауыр шақта жалпы халық сенім көрсетіп, бірауыздан сайлаған Президентіміз жаңа заман, жаңа қоғам басталғанын, оның өзіндік даму ерекшеліктерін түсіндіріп, нарыққа кең жол ашты. Жеке кәсіпкерлер қалыптасты, компаниялар құрылды. Жаңаша ойлау, іздену жайбарақаттығымыздан арылтты.

Осы бір қарбалас кезеңде әуелден бірлігі берік еліміздің достығы нығая түсті. Елбасы Қазақстан халқының Ассамблеясын құрып, ұлттар мен ұлыстардың бір-біріне сенімін арттырды.

Н.Назарбаев әлем таныған, әрі аса құрметтейтін тұлға – лидер. Ол тек қана Қазақстанның көшбасшысы емес, бейбітшілік сүйгіш саясатқа негізделген тың бастамалардың иесі де. Соның дәлелі, Семейдегі сынақ полигонының жабылуы, әлемде ядролық қарусыздандыру мәселесінің көтерілуі.

Елбасының барлық өңірге қамқорлығының арқасында бір кездегі сұрқай Үйшік (Гурьев) қазір мұнайлы астанаға айналды. Жерінің асты мен үсті қазынаға бай Дендер өңірі де жаңалық үстінде. Көп қабатты үйлер, түзу де сәнді көшелер, «Болашақ», «Шығыс», «Көктем» шағын аудандары көрікті қалашыққа айналды. Шағын Индербор кентінде көп қабатты үш орта мектеп және өнер мектебі, бірнеше балабақша, екі аурухана, екі емхана бар. Жаңадан еңселі бірнеше қабатты емхананың пайдалануға берілуі жергілікті жұртшылық үшін үлкен қуаныш болды. Оның іші осы заманның талабына жауап беретін медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған.

Ал, жақында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Индерге келіп, 60 пәтерлік екі жаңа үйдің кілтін иелеріне тапсырды. Бұл өзі, шыныменен, айта қаларлықтай жаңалық еді. Себебі, соңғы жылдар бойында мұндай үй салынып көрмеген. Жалпы, Индер ауданы Жайық өзенінің қос жағалауында орналасқан. Осы себептен бұрын адамдар өзеннен әрлі-берлі өте алмай, қиын күйге түсетін еді. Сондықтан, көпір Индер үшін өмірдің аса қажеттілігі болатын. Стратегиялық алып нысан да соңғы жылдары Елбасының қолдауымен жүзеге асты. Ерекше атап өтерім, Атырау-Индер арасындағы күрежол. Оның жөнделмегеніне біраз уақыт болған. Аталған бағытпен көлік жүре алмайтындықтан, жол бойындағы ауылдар жұртта қалғандай күй кешкен-ді. Енді, міне, қараңыз, тақтайдай тегіс жаңа жол. Адамдар да қуанышты. Осылайша, Индер ауданында жылдар бойы жыр болып келе жатқан проблемалар шешімін табуда.

Кеңес САХИЕВ,

Индер ауданының

Құрметті азаматы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button