ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ
Өткен ғасырдың 19-ыншы жылы Нарын топырағында дүниеге келген ол қарапайым малшының отбасында ержетті. Мектеп бітірген соң, Гурьев балық-өнеркәсіп техникумына оқуға түсті. Одан оқуын Махашқалада жалғастырған Қабижан әскер қатарына шақырылып, екі жылдан кейін бұрқ ете қалған Ұлы Отан соғысына алғашқылардың қатарында аттанып кете барған еді.
Содан Батыс майданында атқыштар дивизиясының құрамымен соғыстың алғы шебіне кірді. Аға сержант шенінде барлаушылар тобының командирі болып, талай қанды шайқастардың бел ортасында жүрді. Осындай жойқын шабуылдарды 1943 жылы Брянск, 1-ші Украина майдандарында жүріп бастан кешті. Черниговский, Шепетовка, Тернополь, Рыбкино, Тропполу қалаларын жау қолынан азат етуге қатысты.
… Бірде Украинаның Львов қаласын жау қолынан босату жолында барлау жасап, жау солдаттары мықты бекінген селоны фашистерден босатуға бұйрық берілді. Тапсырманы алысымен Қабижан Ғаббасов взвод жауынгерлеріне жігер бере сөз сөйлеп, бұйрықтың өте маңызды екенін түсіндірді. Ұзаққа созылған қанды шайқас нәтижесінде жоғары командованиенің тапсырмасын ойдағыдай орындап, елді мекенді жаудан босатады. Осы жолы Қабижан Ғаббасов взводының қолға түсірген «тілдері» дивизия басшылығы үшін құнды мәліметтер берді. Бұл туралы майдангердің ұрпақтары бүгінде ресейлік ғаламтор сайтынан, сондай-ақ КСРО Қорғаныс комитетінің құпия мұрағатынан тың құжаттар тауып отыр.
— Ғаламтор сайтындағы құжаттарды қарап отырып, әкеміздің сол бір отты жылдардағы ерлігі жөнінде біраз мағлұматтарға қанықтық. Онда аға сержант Ғаббасов Қабижанның Қызыл Тулы Хмельницкий атындағы 326-ыншы артиллерияның штаб батареясында, сондай-ақ Чернигов Қызыл Ту орденді Суворов дивизиясының 148-інші атқыштар полкінде барлаушылар взводының командирі болғаны, ерлігіне орай үшінші дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Польшаны азат еткені үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталғаны айтылады. Әрі майдангердің соғыста көрсеткен қаhармандығы үшін Жоғары Бас Қолбасшының қолы қойылған жеті Алғыс хаты және бар, — дейді майдангер немерелері.
Қабижан ағаның көзі тірісінде бізге айтқан мына бір әңгімесі де осындайда ойға оралады. «Қарағым, — деген еді ол сонда, — несін жасырайын, жастық шақтың жалыны соғыста басылды! Ысқырған снаряд, жарылған бомба… Сұрапыл соғыстың осындай жан түршігерлік оқиғаларын, көз алдыңда оққа ұшқан жауынгерлерді көргенде одан аман қаламыз деп ойлаған да жоқпыз. Адам шыдамды ғой. Төздік. Жаумен арпалыстық, талай қиын сәттерді бастан өткердік. Төрт жыл бойы қан кеше жүріп, жауды жеңдік. Ұлы Жеңіске қолымыз жетті…»
Айтса айтқандай, майдангер аға соғысқа бастан аяқ қатысып, 1946 жылы елге оралды. Жеңіскер жауынгерді енді бейбіт еңбек күтіп тұрған-ды. Балық шаруашылығы саласында еңбек етіп, өзінің бар күш-жігерін еліне қызмет етуге арнады. Өмірінің соңына дейін балық зауытында, Орал-Каспий мемлекеттік балық тресінде, балық өнеркәсібі басқармасында, балық қорғау инспекциясы мен Орал-Каспий балық зауытында басшылық жұмыстарда болды. Әрқашанда ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен көрініп, абырой арқалады.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» демекші, жақсы ағаның адал жары, кезінде жас жеткіншектерге ұстаздық еткен Ниетқызы Мұғалила екеуінің шаңырағында дүниеге келген ұл-қыздары да бүгінде ел қатарлы азаматтар атанды. Олардың тәлімді де, парасатты азамат болып шығуларына Қабижан ағаның туған інісі Нәбижан мен Мұғалила ананың еңбектері аз болған жоқ. Мұхидені кезінде облыс, республикаға сазгерлігімен танымал болды. Жұмабек, Марфуға, Мұрасқали ана жолын жалғастырып мұғалім болған Фаруза мен Гүлнәр – өз ұжымдарының мақтаныштары. Ал күйеу, келіндері Зоя, Жұмазия, Теңелбай, Гүлнәр да – көргенді жердің ұрпақтары. Олардан өрбіген немере, жиен, шөберелер де бір қауым ел. Олар ата бейнесін өздерінің сурет альбомдарында емес, жадыларынан еш шығармай сақтап, жеке дүниелеріне дейін шаң тигізбей әспеттеп, қасиетті мүбарак ескерткіштей етіп сақтап келеді.
— Қабекең ақ жүректі, шыншыл, жалғанды жаны сүймейтін байсалды жан болатын, — дейді Еламан Қошқаров ақсақал.
Бұдан екі жыл бұрын дүние салған соғыс және еңбек ардагері Қарақұлов Ахмет ағаның мына сөзі де жадымызда:
— Қабижан ұйымдастырушылық қабілетімен, алуан түрлі ой-пікірімен, ғибрат аларлық сөздерімен, жарасымды әзіл-қалжыңдарымен отырыстың мән-мазмұнын ажарлап отырушы еді. Бұл күндері оның орны біздің ортамызда ойсырап-ақ тұр…
Ендеше, соғыстың сұрапылында да, бейбіт күннің еңбек майданында да абырой арқалаған ардагер Қабижан Ғаббасұлындай абзал азаматтың есімі елдің, келер ұрпақтың жадында сақталсын десек, өзі тұрған Жұмыскер ауылының бір көшесі оның есімімен аталса деген тілек бар.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.