ЖАЙЫҚТАН БАСТАЛҒАН ШҰҒЫЛАЛЫ ЖОЛ
Бүркіт ағамыздың балалық шағы қазақ халқының рухын күйреткен саяси-экономикалық, мәдени-тұрмыстық зобалаңдарға ұрындырған кезеңмен тұспа-тұс келіп, ол балалықтың бал дәуренін алаңсыз көре алмай өсті. Кейін бұл келеңсіз кезең Ұлы Отан соғысына ұласып, әке бастаған ет жақын бауыр-туыстары жаппай майданға аттанды. Ал, кәрі-қариялар мен аналарға, бұғанасы бекімеген балалар иығына ауыр салмақтар түсіп, ерте есейіп, түрлі қиындықтарға тап болды.
Бұл ауыртпалықтар Бүркіт Баймұханұлын жас қайындай майыстырғанымен, сындыра алмады. Қайта сол кезеңнің халқын барынша шынықтырып, жігерлерін шыңдап, алдағы жарқын өмірге ұмтылдырды.
Ағамыз соғыстан кейінгі жылдары Махамбет орта мектебін үздік бітіріп, Алатау баурайындағы әсем қала – Алматыға жетіп, білім мен ғылымның шыңына жеткізер абыройлы жолға қадам басты. 1953 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік аяқтап, еңбек жолын Атыраудағы педагогикалық институтында сабақ беруден бастады.
1957-1961 жылдары Украинаның Харьков қаласындағы политехникалық институттың аспирантурасында оқып, математикалық теңдеулерінің ең бір күрделі тарауы – «Үзілісті коэффициенттері бар параболалық типті теңдеулер есебін» алғашқы болып шығарып, диссертация қорғап, ғылым кандидаты атанды.
Кейін 1972 жылға дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінде қызмет етіп, еліміздегі жоғары оқу орындары оқытушыларының білімдерін жетілдіру факультетін құрып, оның алғашқы деканы болды.
Бүркіт Баймұханов 1972 жылдан бастап бұрынғы Кеңес Одағы Педагогикалық ғылымдар академиясы Оқытудың мазмұны мен әдістерін ғылыми-зерттеу институтының қазақ филиалында аға ғылыми қызметкер, математиканы және физиканы оқыту зертханасының меңгерушісі болды. Орта мектептерде математиканы оқыту проблемаларына арнап бірнеше құнды ғылыми еңбектер жазды және осы саладағы әріптестеріне де көмек-кеңесін аямады.
Бүркіт ағамыз 1992 жылы ұзақ жылдардағы зерттеу еңбектерін жинақтай келе, елімізде тұңғыш рет математиканы оқыту әдістемесі бойынша докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғап, педагогика ғылымдарының докторы атанды. Кейін осы салада профессор атағын алды.
Бүркіт Баймұханұлы ғылымды дамыту саласында 65 жыл бойы елеулі еңбек етіп келе жатыр, көптеген әдістемелік құралдардың авторы атанып, Қазақстандағы әдіскер-математиктер мектебін құрушылардың бірі болды. Сонымен қатар, ұстаз-ғалым 1993-1996 жылдар аралығында Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы педагогика ғылымдарынан кандидаттық диссертация қорғайтын арнайы ғылыми кеңестің құрылуына да ұйытқы болып, оның төрағасы болып сайланды.
Оның ғылыми жетекшілігімен елуден астам кандидаттық, 11 докторлық диссертациялар қорғалды. Қазіргі таңда Бүркіт аға тәрбиелеген шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етуде.
Бұған қоса, ол 1950-60 жылдары Атырау мұнайшыларының ғылыми-теориялық және кәсіби мамандықтарын ұштау, жетілдіру мақсаттарында жан-жақты көмек көрсетіп, мұнайшылар арасында да шынайы құрметке ие болды.
Жұбайы Тамара Васильевна екеуі екі ұл тәрбиелеп, қазір бес немере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Марат әке жолын қуып, математиканы оқыту әдістемесінен кандидаттық диссертация қорғады. Ал, екінші ұлы Олжас – заңгер.
Еліміздің халық ағарту саласына еңбегі сіңген, көптеген елдердің математик-әдіскер ғалымдарымен шығармашылық байланыста болған, республикамыздағы бірнеше жоғары оқу орындарының «Құрметті профессоры» атанған Бүркіт Баймұханұлын 85 жасқа толуымен құттықтап, ұзақ өмір, мықты денсаулық, отбасына бақ-береке, ғылыми-педагогикалық еңбегіне зор табыстар тілейміз.
Еліміздің математиктері мен оны оқытуда заман талаптарына сай біліктілікті арттыратын барша әдіскер ғалымдар арасында еңбегімен еленген ұстаз-ғалымға туған топырағында облыс, қала, немесе кіндік қаны тамған Махамбет ауданының «Құрметті азаматы» атағын берсе артық болмас еді. Бірақ, жақсылықтың ерте кеші жоқ деп есептейміз.
Жеңісбек МҰСТАФИН,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты.