ЖАБЫРҚАУ КӨҢІЛДЕРГЕ – ЖАН ЖЫЛУЫ

Сұрақ: - Біздің өңірде түрлі қор да көп, қоғам да көп. Олардың әрқайсысы өздерінің функционалдық міндеттерін түбегейлі орындап жүргенге ұқсайды. Ал, біз мүгедектер қоғамының жұмысы жайлы білсек дейміз. Айталық, өткен жарты жыл ішінде оларда нендей іс-шара жүзеге асты?

Ж.ЖАРЫЛҒАСҚЫЗЫ,
«Күміс алқалы» ана,
Жаңа Қаратон кенті.

Жауап: – Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылында облыс бойынша мүгедек жандармен біркелкі жұмыс жүргізілді. Айтатын болсақ, мүгедектердің Атырау қалалық филиалының өзінде 89 мүгедек жанға 930 000 теңге берілсе, 100 мүгедекке 1 млн. теңгенің купоны таратылды. Сондай-ақ, 15 мүгедек жанның отбасына 300 мың теңгенің көмегі көрсетілсе, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 30 балаға сыйлық табыс етілді.

Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде де бұл бағытта жұмыс жүйелі жүрді. Мәселен, 77 мүгедекке ымдау тілі мамандары бөлініп, 173 мүгедек жеке көмекші қызметін пайдаланды. Оларға жергілікті бюджет қаражатынан бірнеше миллион теңге жұмсалды. Бұған қоса гигиеналық құралдармен 136 мүгедектің сұранысы қанағаттандырылған. Сонымен бірге 600-ге тарта аса мұқтаж отбасыларына жергілікті бюджет қаражаты есебінен барлығы 20 800 000 теңге материалдық көмек көрсетілді.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңы негізінде мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар 13 отбасына 134 513 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек және «Балалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңына сәйкес 18 жасқа дейінгі балалары бар 46 мүгедек отбасына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Үстіміздегі жылдың алты айына тұрғын үй көмегі тағайындалған 318 отбасының 91-і мүгедектер отбасын құрап, оларға 2 млн. 95 мың теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалып отыр.

Жыл басынан бері мүгедектерді жұмысқа орналастыру мақсатында бес рет «Бос жұмыс орындарының» жәрмеңкесі өтті. Оларға 450-ге жуық мүгедек қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өз қалауы бойынша хат тасушы, іс жүргізушісі, диспетчер, киім ілуші, тағы басқа жеңіл жұмыстарға осындай 24 адам орналасты. Жалпы барлық ауданда да мүгедектерді әлеуметтік қолдау жұмыстары өз дәрежесінде жүрді деп толық айта аламыз.

   М.АБДРАХИМОВ,

облыстық мүгедектер

қоғамының төрағасы.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз