Жарнама
Қоғам

Жаңғыруға бастайтын жаңа жобалар

Жақында Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Алқалы жиында еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерістері аясында партияның атқарған жұмысы қорытындыланып, оның қызметін әрі қарай жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды. Осыған орай, біздің тілшіміз «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаевқа жолығып, жаңғыруға бағытталған жаңа жобалардың өңірде қалай жүзеге асырылып  жатқандығы жөнінде пікірлескен еді.

 Screenshot_2

Нұрлыбек Жұмахметұлы, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы қандай аспектілерге ерекше басымдылық берді?

– Елбасы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және олардың орындалуына бақылау жасау ісіндегі «Нұр Отан» партиясының маңызды рөлін, әлемдік дамудың және экономикалық үдерістердің жоғары қарқынына тоқталып, жаңа сын-қатерлерге бейімделу қажеттігін айтты.

– Біз жүзеге асыруды жоспарлап отырған жұмыстардың бәрі бәсекеге қабілетті болуымыз үшін қажет. Экономиканың үшінші жаңғыруы, «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» біздің тарапымыздан атқарылуға тиіс нәрсенің бәрін толық айқындап берді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын және партияның цифрландыру саласындағы жобаларын орындаудың маңыздылығына назар аударды.

Қазір осы ел игілігіне бағытталған бастамалардың жүзеге асырылуына бақылау жасайтын «Нұр Отан» партиясы саяси ұйым Төрағасының тапсырмасына сай өз қызметін жаңғыртуда. Бірқатар нақты стратегиялық жобалар қолға алынып, оларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері де қарастырылуда.

Атырау өңірінде «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» қалай жүзеге асырылып жатыр? Оның алғашқы қадамдары туралы не айтар едіңіз?

– Президенттің бес әлеуметтік бастамасы барша қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайтып, болашаққа деген көзқарастарын нақтылай түсті. Еліміздің даму моделі қалыптасқан, экономикалық ахуалы тұрақты мемлекет екенін көрсетті. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы бұл маңызды құжаттың жүзеге асырылуына бақылау жүргізуді «Нұр Отан» партиясына тапсырғаны белгілі.

Осыған орай, саяси ұйым алғашқы кезекте халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдары көрсетілген құжатты насихаттау, түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Қазір Президент ұсынған бастамалар аймақта қызу қарқынмен жүзеге асырылуда.

Атап айтар болсақ, еңбек ететін әр қазақстандықтың жеңілдікпен ипотекалық қарыз алуына мүмкіндік беретін «7-20-25» бағдарламасын орындау – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Облыста осы бағытта жұмыстар жалғасып, жалпы көлемі 1400 гектар болатын аумақ бөлінді.

Бүгінгі күні инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталуда және ауданы 320,6 мың шаршы метр 5568 пәтерлік 70 көп қабатты тұрғын үй құрылысына жобалау-сметалық құжаттарын жасақтауға тендерлік рәсімдеу жүргізілуде.

Былтыр екінші деңгейлі банктер 8,6 млрд. теңгенің 860 несиесін берсе, биыл бұл көрсеткішті екі есеге көбейту жоспарланды. Ипотекалық несие алуға бастапқы жарна пайызының азаюы әлеуетті қоныстанушылар қатарын арттырады.

Елбасы келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, бір процент қана салық салуды ұсынды.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасында айтылған жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, студент жастарды жатақханамен қамту жайы өңірде қалай жүзеге асырылмақшы?

– Қазір облыстағы үш жоғары оқу орнында 12,5 мыңдай студент оқиды. Осылардың  тек 13 проценті ғана жайлы жатақханамен қамтылған. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы 700 орындық жатақханасын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартып, аталған оқу орны бойынша мәселе толықтай шешілді. Ал, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты студенттерінің жатақханаға сұранысын қамтамасыз ету мақсатында жер телімі бөлініп, қазір қаржыландыру жайы қарастырылуда. Оның құрылысы келер жылдың сәуірінде басталып, 2021 жылдың күзінде аяқталады.

Облыс бойынша 25 колледжде 17 мыңнан астам жас білім алуда. Бұларда бір жарым мыңдай студент жатақханаға мұқтаж. Мәселені шешу мақсатында облыста кәсіптік және техникалық оқу орындары бойынша 200 орындық екі жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Екі оқу орнының жатақхана құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қазір конкурстық жұмыстары рәсімделуде. Сонымен қатар, 960 орындық сегіз кәсіптік және техникалық оқу орындарына жатақхана құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда.

–  Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы қандай жұмыстарды тілге тиек етуге болар еді?

– Шағын және орта бизнесті дамыту – жергілікті атқарушы биліктің ұдайы назарында. Кәсіпкерлерге несие беру бойынша мемлекеттік бағдарламалар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге жол ашып отыр. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңгеден астам қаражатқа 312 жобаның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Бұларда 1210 жұмыс орны құрылды. Ауылдық жерлерде 191 жоба жүзеге асырылды. Биыл аталған бағдарламаға сай жергілікті бюджеттен 2,2 млрд. теңге бөлінді, оның 752 млн. теңгесі жергілікті бюджеттің еншісінде.

 –  Саралап қарасақ, алда атқарылар жұмыстар да ұшантеңіз. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша белгіленген шараларға тоқтала кетсеңіз.

– «Нұр Отан» партиясы бірнеше стратегиялық жобаларды қолға алды. Олардың қатарында цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған партиялық жобалар бар. Сондай-ақ, партия стратегиялық бағдарламалық құжаттарды дайындауға белсене қатысу, кадрлық резервті жандандыру, жастар саясатын одан әрі жетілдіру, партияның талдау және сараптау әлеуетін арттыру сияқты бірқатар нақты бағыттарды жүзеге асырады. Ең басты мақсат – «Нұр Отан» партиясын заманауи, инновациялық, ел мүддесіне жұмыс істейтін ХХІ ғасырдың саяси ұйымы ретінде қалыптастыру.

Қазір жаңғыру аясында түрлі саланы қамтитын жиырмадан астам жаңа партиялық жоба іске қосылды. Мәселен, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына үлес қосу үшін балаларға арналған тегін IT-сыныптар ашу және IT-мамандар даярлау ісі қолға алынды.

Бұл мақсатта облыста 10 IT-сыныбы ашылып, 1 қыркүйектен бастап өз қызметін бастайды. Арнайы сыныптар Атыраудағы «Білім – инновация» лицейі мен Байбосынов атындағы ұлттық гимназия, мектептен тыс орталық және Махамбеттегі Ағелеуов, Мақаттағы Қанатбаев, Миялыдағы Досмұхамбетов, Құрманғазыдағы Абай, Құлсары қаласындағы №8, Индербор кентіндегі Уәлиханов, Аққыстаудағы Абай атындағы орта мектептер базасында ашылады. Бұларда биыл – 700, 2019 жылы – 1500, 2020 жылы 2000 бала оқытылады деп жоспарланып отыр. Мамандарды оқыту мен заманауи бағдарламаларды сатып алу жергілікті Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе бизнес өкілдері және демеушілер қаржысымен ұйымдастырылады. Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптарын іске қосу үшін негізгі оқыту бағдарламасы ретінде арнайы британдық Love to code бағдарламалауының халықаралық білім франшизасын сатып алу қарастырылған.

Жуырда партияның облыстық филиалы бастамасымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында ІТ-орталық ашылды. Орталықта жас ерекшелігіне қарамастан ниет білдіруші азаматтар цифрлы сауаттылықтарын арттырып, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы веб-бағдарламаларды жасақтауға оқи алады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ауылдарда ағылшын тілін үйренуге қолайлы орта қалыптастыруға және елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға басымдық берілді. Осыған орай ағылшын тілін еркін меңгерген 500 қазақстандық және шетелдік жас ерікті түрде ауыл мектептеріне жіберіліп, олар арнайы құрылған клубтарда жергілікті жастарға тіл үйрететін болады. Жоба аясында  биылғы 21 маусымынан бастап аймақта ағылшын тілін үйрететін арнайы  185  жазғы лагерь өз жұмысын бастайды.

«Үштілділікке көшу» жобасына Жылыой ауданының  Жаңа Қаратон кентіндегі №23, Индербордағы Көктем, Аққыстау селосындағы Аққыстау, Мақат аудандағы Хамза Санбаев, Құрманғазы ауданындағы Бегалиев, Махамбет ауданының Сарайшық селосындағы Қарашаұлы, Атырау қаласындағы Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектептер мен Миялыдағы №1 мектеп-гимназиясы қатысады.

 – Болашағымыз – жаңа технологияларда. Солай емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Партияның бастамасымен отандық кітапханалар да заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрылып, олардың жұмысын жандандыру ісі қолға алынбақ. Нәтижесінде, бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды форматқа көшіріледі. Бұл жүйеге мәдениет саласына қарасты кітапханалармен қоса, барлық мектеп және университет кітапханалары да қосылады. Кітапханаларда жастарға арналған қызықты лекциялар ұйымдастырылып, пікірталас алаңдары жұмыс істейді. Сол арқылы қазақстандық кітапханалар заманауи бағытта қызмет көрсетіп, халыққа маңызды, сұранысқа ие кез келген әдебиетті оқуға мүмкіндік алады. Жоғарыда аталған игі істер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағыты бойынша жүзеге асырылады.

Жуырда  облыстық филиалдың қолдауымен Ғабдол Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапхана базасында «Балалар коворкинг орталығы» ашылды. Заманауи үлгіде жабдықталған орталық кітапханаға келген әр жанұяның сүйікті демалыс орнына айналады деп күтілуде.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында саяси партия «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп Бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құруды жоспарлады. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлік саладағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең үздік үлгілерін енгізу және бизнестегі шығындарды азайту. Партия тарапынан өңірлерде мемлекет-жекеменшік әріптестігін одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізілмек. Сол арқылы мектеп асханаларының жұмысы жанданып, спорт алаңдары қайта қалпына келтіріледі.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың басшылығымен бейнебайланыс жүйесі арқылы өткен жиын барысында бұл партиялық жобалардың сапалы жүзеге асырылуына қатысты шаралар тізбегі бекітіліп, орындау мерзімі анықталды. Соның ең бастысы – жаңа партиялық жобаларды және Елорданың 20 жылдық мерейтойы мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын жобаларды насихаттау мақсатында  8-16 маусым аралығында «Партия күні» шарасы ұйымдастырылмақ.

 

Бақытжан Жұмат

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button