Жарнама
Қоғам

Жақсының жолын жалғаған

Адал еңбегінен бақыт тауып, абырой асқары мен бедел биігінен көрінген, соның арқасында ел-жұртының құрметіне бөленген жандарды қай өңірден де кездестіруге болады. Солардың санатында қызылқоғалық Жұмаш Жақсиев та бар.

жақсы

Бүгінде жасы сексеннің сеңгірінен асқан ақсақал осынау ғұмырының саналы бөлшегін атакәсіп – мал шаруашылығына арнаған. 1936 жылы Махамбет ауданының Таңдай ауылында дүниеге келген ол отбасындағы бес перзенттің бірі, екінші ұл болатын. Бір жастан енді ғана асқан сәби шағында отбасы ауылдастарымен бірге Жайық бойынан құйқалы Қызылқоға өңіріне қоныс аударады. Қызылқоғада әкесі Жақсы қолына шопан таяғын ұстап, шаруашылықтың малын бағады. Сол уақыттың талабына сай облысқа емес, Мәскеуге тікелей бағыныста болған бұл шаруашылық «Гурьев» асыл қаракөл қой кеңшары еді. Кейіннен зауыт атанды. Мұнда сапалы, аспан көк түсті, жоғары сұрыпты қаракөл елтірісі өндірілетін. Шаруашылықтың өнімі әсіресе, соғыстың отты жылдарында жоғары қажеттілік пен сұранысқа ие болатын.

Осындай сындарлы кезеңде елде қалған ер-азаматтар мен әйел, бала-шағаға үлкен салмақ түскені де жасырын емес. Сондай ауыр жүкті мойымай, қайыспас қайсарлықпен, қайрат-жігермен көтере білгендердің бірі Жақсы қарт еді. Шаңырақтың тұңғышы Қапез қолына қару алып, елін жаудан қорғау үшін майданға аттанғанда Жұмаш аға  анасы Тәменмен бірге әкесінің жанынан табылып, соған қолғанат бола білді. Соңынан ерген інісі Жөкеш есі енді ғана кірген сәби болса, кейінгі бауырлары Бақтықожа мен Бақтығали соғыстан соң өмірге келген-ді.

Алдына қойған мақсат–межесіне жетпей тынбайтын әке ерлікке пара-пар жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсете жүріп, әркез берілген тапсырма мен қабылдаған жоспарын артығымен орындайтын. Жеңісті жақындатуға, одан қалды соғыстан есеңгіреп қалған елдің еңсесін көтеруге қосқан қомақты үлесі, ерен еңбегі ескеріліп, 1948 жылы Жақсы Кенжебаев Социалистік Еңбек Ері атанды.

Бұғанасы бекіместен еңбекке араласып, жастайынан әкенің үлгі-өнегесін, тәлімін алған Жұмаш Жақсыұлы 1957 жылы шопанның құтты таяғын қолына алып, атакәсіпті жалғастырады. Әр бесжылдық сайын алдан көрініп, социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Бағымындағы отардың әр жүзінен 160-қа дейін қозы өргізіп, шаруашылық шопандарының көшін бастағаны бар. Тиісті малдәрігерлік-зоотехникалық талаптарды қатаң сақтаған тәжірибелі малбегі түлікті өз төлі есебінен өсірді.

Кешегі кеңестік шаруашылықтар таратылып, жекешелендіріліп кеткенге дейін атакәсіптен ажырамаған еңбекқор жанның маңдай тері өтеліп, лайықты да шынайы бағаланды. Соғыс жылдарындағы еңбегі ескеріліп, үш жыл бұрын тыл ардагері атанса, 2016 жылы Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды.

Қосағы Нәзирамен бірге 13 перзентті тәрбиеледі. Шаңырақтарын шаттық пен қуанышқа кенелткен ұрпақтары да бүгіндері ұлағатты ұяның өнегесін өрістетуде. Ал, Жұмаш ақсақал өмірін жалғастырар ұрпағы мен ағайын-туыс, ауылдастарының арасында бақуатты тұрмыс кешуде.

 

Дәулетқали Аруев

 Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button