Жаңарған Кодекс: ЖАҢАЛЫҒЫ МЕН ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?
Семинарды кіріспе сөз сөйлеп ашқан аудан прокуроры АсланбекЖоланов 2015 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енетін, жаңадан қабылданған заңдардың бірқатар ерекшеліктерін талқылау мақсатын көздейтін осынау шараның маңыздылығына баса мән беріп, қоғамның даму сипатына сай жаңарған құжаттың баспасөз беттерінде жарияланып, халық арасында талқыға түскенін, жұртшылықпен арада әлі де түсінік жұмыстарын жүргізіп, жаңа баптарға сәйкес олармен өзара байланысты айқындап алу қажеттігін айтты.
Процесс прокуроры деген кім?
Басқосуда мінберге алдымен көтерілген аудан прокурорының орынбасары Жәнібек Қаражанов жаңадан қабылданған қылмыстық Кодекстің қазіргі қолданыстағы Кодекстен ерекшелік тұстарына тоқталды.
— Құжатта прокурордың рөлі көп көрініс тапқан, 7-баптың 35-тармағында процесс прокуроры ұғымы енгізілді. Ұйымдасқан және мамандандырылған қылмыспен, соның ішінде ақпараттық технология және медициналық қылмыстармен күрес түріндегі жаңа нормалар көрініс тауып отыр. Кейбір қылмыстық әрекеттерден қосымша жаза түрлері алынып тасталған. Мысалы, қылмыстық заңнаманы гуманизациялау мақсатында жаңа Кодекстегі 45-баптың санкциясына сәйкес мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жазалар енді болмайды, — деді ол. — Жаңа қылмыстық Кодекске сәйкес, денсаулыққа ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты жекелеген санаттағы адамдар бірінші рет жасаған жағдайда, егер жәбірленуші тараппен, арызданушымен татуласса, соның ішінде медиация тәртібімен татуласып, келтірілген залалды өндірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Сондай-ақ, экстремизм мен терроризм әрекеті үшін жауаптылық қатайтылады, радикалды насихат жүргізу әрекеті қылмыс болып есептеледі.
Тергеу судьясы құзыретіне не жатады?
Аудандық соттың судьясы Руслан Алдамбергенов өзінің хабарламасында қылмыстық-процестік Кодекстегі жаңа ұғым – тергеу судьясы, оның өкілеттіктері туралы кеңінен баяндады.
— Бұрын прокуратура құзыретіне жатып келген өкілеттіктердің едәуір бөлігі енді тергеу судьясы міндеттері жауаптылығына ауды, — деді ол. — Айталық, осы Кодексте көзделген жағдайларда тергеу судьясы: лауазымынан уақытша шеттетуді, жақындауға тыйым салуды, кепілді қолдануды, мүлікке тыйым салуды санкциялау, сондай-ақ күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру және қажет кезінде мәйітті эксгумациялау мәселелерін қарайды. Тергеу судьясы міндетіне енгізілген өкілеттіктер мұнымен шектелмейді. Мәселен, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәнің айғақтарын сақтауға қояды, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, сараптама тағайындау туралы мәселені қарайды.
Тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды. Сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органнан қаралып жатқан мәселе бойынша қосымша ақпаратты талап етуге құқылы. Адамның құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеу фактілері анықталған кезде, тергеу судьясы заң бұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселені шешу үшін жекеше қаулы шығарады.
Қылмыстық іс жүргізу – жаңа жүйемен
Аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу-анықтау тобының басшысы Сағын Доржиков азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында енгізілген өзгерістерге тоқталды. Жаңа жобада «Миранда ережесі» енгізілген, бұл ереже Америка Құрама Штаттарында кеңінен қолданылады. Яғни, қылмысқа сезікті адамды ұстау кезінде лауазымды тұлға ұсталушыға, қандай қылмыс үшін ұсталғанын, қорғаушы шақыруына, жауап беруден бас тартуына, жауап берген жағдайда сол жауап өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екені туралы құқықтарын түсіндіру міндеттілігі қарастырылған. Келесі ерекшелік – «Кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге келу». Ол үшін қылмыс жасаған адам өз еркімен істеген қылмысын мойындап, келтірілген шығынмен келісуі және жәбірленушінің келісімі қажет. Бұл істі қысқа мерзімде тергеп, сотта істің тез қаралуына қол жеткізеді. АҚШ-та, Грузияда, Ресейде, Украинада қылмыстық істердің 90 пайызы осы процессуалдық келісіммен аяқталады.
Жаңа жобада қаралған жаңалықтың бірі — «Жасырын тергеу амалдары». Ол жедел-іздестіру қызметі заңы қолданылмай, қылмыстық топпен жасалған, дайындалып жатырған қылмыстар бойынша жасырын жүргізіледі.
Құқық бұзушылыққа құрық салынады
АІІБ-нің әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы Жорахан Ахипов өз сөзінде жаңадан қабылданған әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің кейбір ерекшеліктеріне басымдық берді. Бір жаңалық – енді қоғамдық орындарда шылым шеккендерге үш айлық көрсеткіш деңгейінде айыппұл салынады.
Семинарда, сондай-ақ аудан прокурорының аға көмекшілері Жанна Смағұлова мен Алтынгүл Исмағұлова сөйлеп, жаңадан қабылданған қылмыстық- атқару және әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстер бойынша жалпы түсіндірмелер жасады.
Семинар соңында сауалнама жүргізіліп, жұртшылықтың арыз-шағымына, әкімшілік құқық бұзушылыққа және ішімдік ішіп, көлік айдауға қатысты жаңа жаза түрлері, сонымен қатар тергеу судьясының міндеттері турасында қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар қайтарылды.
Қаржау Оразбаев,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.