ЖАҢА ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ

жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Табыс молая түссін десеңіз, жұмысшылардың жағдайын жақсартыңыз. Осынау қағидатты ұстанған Ембі мұнайшылары келер жылдан бастап жаңаша талаппен жұмыс жасамақ. Өткен сәрсенбі күні бір топ қызметкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы 2014-2016 жылдарға арналған жаңа ұжымдық келісім-шартын бекітті. Оған жұмыс беруші тарапынан АҚ-ның бас директоры Махамбет Досмұхамбетов, кәсіподақ ұйымынан комитеттің төрағасы Мұрат Нысанбаев қол қойды. Осылайша, «қара алтынды» өндіріп, кәдеге жаратқан мамандар әл-ауқаты алдағы уақытта төмендемейтіні белгілі болды.

Қай мекеме болмасын, сапалы кадрларымен мықты екендігі белгілі. Соған сай қызметкер де беделді компанияға жұмысқа орналасуға тырысады. Өйткені, онда заман талабына сәйкес әлеуметтік пакеттер толық қарастырылған. Мамандардың денсаулығын сақтау, кезекті еңбек демалысында мекеме есебінен санаторийде демалу секілді және тағы да басқа жеңілдіктер ұсыну көптеген кәсіпорындардың міндеті саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамасында жұмысшылардың рөлі мен маңызы туралы тереңірек тоқталған еді. Басқаларға қарағанда, мұнай компанияларында бұл жүйе әуелден-ақ қалыптасқан.
Ембі мұнайшылары бұған дейін «ҚазМұнайГаз Барлау. Өндіру» АҚ-мен арадағы ұжымдық шартты қолданып келген еді. Бес мыңнан астам жұмысшысы бар өндірістік филиал «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы болып құрылғаннан кейін тұңғыш рет осындай келісім-шартты жасақтап отыр. Бүгінгі таңда қызметкерлердің 99,7 пайызы кәсіподақ мүшесі болып тіркелген. Қалған бөлігі жұмысқа жаңа кірген жастар болғандықтан, мұның тиімділігін енді ғана түсініп жатыр екен.
Мұнай-газ өндіру басқармалары мен құрылымдық мекеме басшылары, әр ұжымдағы кәсіподақ комитетінің жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысқан ресми шарада «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Махамбет Досмұхамбетов қызметкерлерге құттықтау тілегін жолдады:
– Мамандардың әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін қамтамасыз ету, кәсіпорынның қызметіне тиімді жағдай жасау – біздің мақсатымыз. Осы орайда жасақталған 2011-2013 жылдар аралығындағы ұжымдық шарт өз міндетін толығымен атқарды. Жаңа ұжымдық шартты дайындау үшін екі жақтан топтастырылған жұмыс комиссиясы құрылды. Оларға үлкен жауапкершілік жүктелді. Комиссия сапалы жұмыс атқарды деп есептеймін. 2014-2016 жылдарға арналған осындай құжаттың бекітілуімен құттықтаймын. Бұл ұжымдық шарт жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жемісті ынтымақтастықтың негізі болып табылады деп ойлаймын, – деді бас директор.
Келесі сөз кезегін алған кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұрат Нысанбаев құжаттың ерекшелігіне тоқталды. Айтуынша, мұнда қолданыста болған ұжымдық шарттағы талаптар мен міндеттердің басым бөлігі сол күйінде қалған. Бірақ, келесі жылдан бастап жаңа еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізілген. Сөйтіп, мұнайшылардың жалақысы көтерілмек. Ал, ескерілмей қалған жайттар бойынша қосымша шарт жасалмақ. «Жоба үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап еңбек ұжымдарында талқылана бастады. Олардың пікірлері жинақталып, мазмұны мұнайшылар тарапынан айтылған ұсыныстары енгізіле отырып толықтырылды. Біз үшін мамандар мүддесі алдыңғы кезекте қала береді», – деген ол жаңа құжат 2014 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енетінін хабарлады.
Жалпы, М. Нысанбаевтың сөзіне қарағанда, мекемеде осындай шарт жасақтау 1920 жылдан бастап жүзеге асып келеді. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғам болып құрылғалы бері бұл құжат алғаш рет бектіліп отыр. Яғни, бұл күннің кәсіпорын тарихында алар орны ерекше.
Жұмысшылар атынан тілегін жеткізген «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы Шығыс Мақат мұнай-газ өндіру цехының өндірістік құрал-жабдықтардың жөндеушісі Марат Тәжімұратов ұжымдық шарттың әр мекемедегі ішкі әлеуметтік мәселелерді шешуде еңбек қатынастарын реттеп отыратын басты құжат екендігін атап көрсетті.
– 28 адамнан құралған жұмыс комиссиясы жаз бойы жұмыс істеді. Мен сол комиссияның өкілі ретінде атқарылған шаралардың басы-қасында болдым. Барлық цехтарды аралап, жұмысшылармен кездестік. Олардың талап-тілектерін мұқият тыңдадық. Орынды айтылған ұсыныстар толық ескерілді. Бастысы бүгін қол қойылып отырған құжат осыған дейінгісінен кем емес, қайта мұнайшыларға әлеуметтік көмек жасау тұрғысынан бұл әдістің тиімді жақтары көп. Өзім мұнай-газ саласында қырық жылдай еңбек етіп келемін. Сондықтан, да қарапайым еңбек адамының мұң-мұқтажы маған таныс, – дей келе, ол өзі куә болған аздаған олқылықтардың орнын толтырмақ мақсатта ұсынысын қосқанын айтты. Мәселен, қаладан өндіріске қатынайтын жұмысшыларды тасымалдау жайы, өндірістік арнаулы киімдердің сапасы көбірек қозғалған. Мұның барлығы да ұжымдық шартқа енген. Демек, жұмыс комиссиясы өкілінің пікірінше, қауіпсіз ортада алаңсыз еңбек етуге толық жағдай жасалды.
Бұдан кейін «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы журналистердің сауалына жауап қайтарды. Журналист Талғат Өтеғұлов екі ұжымдық шарттың арасындағы айырмашылықтар төңірегінде сұрады. Аталған АҚ-ның бас директоры Махамбет Досмұхамбетов бұрынғы құжаттың мерзімі өткенін, сосын жалақыға қатысты өзгерістер енгізу қажеттігі туындағанын жасырмады.
– Бұған дейін «Ембімұнайгаз» өндірістік филиал болып «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-ның құрамына кірді. Сондықтан, әр мекемеде жұмыс ауқымына сай жалақы көлемі әртүрлі болды. Бірақ, үйден гөрі түзде көбірек жүретін мамандық иелерінің еңбекақысы бірдей болуы тиіс. Жаңа шарттың басты өзгешелігі де сол – мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы мен еңбекақысы төмендемейді, керісінше жақсара түседі, – деді ол.
Ал, бізді жұмыс комиссиясының жиыны барысында мұнайшыларды көбірек мазалаған проблемалар жайы қызықтырды. Бұл ретте жұмысшылар жалақы мен әлеуметтік пакеттерді төмендетпеу турасында мәселе қозғаған. Сондай-ақ, медициналық қызмет түрін ұсынатын «Медикер» дәрігерлік орталығының бөлімшелері көбеюіне қатысты пікірлер айтылған. Оны шешу жолында акционерлік қоғам басшылығы бөлімшелер ашылатынын алға тартты. Жас мамандардың кәсіби шеберліктеріне қарай қызметтік өсу туралы сауалдары да назардан тыс қалмаған.
Жаз бойы жұмыс комиссиясының құрамында еңбек еткен «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бюджеттеу және экономикалық сараптау департаментінің директоры Нұрсәуле Тәжмағамбетова келісім-шартта бұрынғы құжаттағы негізгі мәселелер сақталғандығын жеткізді. Сондай-ақ, ол «Парыз» жүлдесіне үміткер ретінде өтініш бергенін, бұл байқаудан жеңімпаз атанатынына сенімді екенін атап айтты. Себебі, кәсіпорынға сыйлықтан дәмелі болуға барлық мүмкіндіктер бар. Жұмыс беруші тарапынан қызметкерлерге әлеуметтік жағдайлар жасалған. «Әр мұнай өндіруші компанияда жалақы деңгейі әртүрлі болды. Сол мұнайшылар тарапынан наразылық тудырғаны белгілі. Ұлттық компания шеңберінде бұл мәселе қозғалып, еңбекақыны бір деңгейге келтіру жайы шешілді. Соған қарағанда, біздің жалақы өседі деп сенеміз», – деді ол.

Айбөпе САБЫРОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз