Жаңа зауыттан үміт көп
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаев пен «ҚазМұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиевті қабылдады.
Кездесу барысында әлемдік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. «Теңізшевройл» ЖШС зауытын болашақта кеңейту жобасы, Қашаған кен орнын игеруді бастау, «Ембімұнайгаз» АҚ ескі кен орындарын пайдалану мен жаңа кен орындарын ашу мүмкіндіктері жөнінде пікір алысылды.
Сауат Мыңбаев өз сөзінде аталған бағдарламалардың жүзеге асуы белгіленген кестеге сай атқарылып жатқандығын мәлімдеді.
— Теңіздегі болашақ кеңейту жобасы бойынша жуық арада инвесторлар мұнайдың қазіргі бағасына сәйкес нақты шығындарды анықтайтын болады. Қашаған кен алаңындағы жұмыстардың бірқатары белгіленген кестеден озыңқы келеді. Биылғы жылдың қазан айында дүние жүзіндегі ірі мұнай кен алаңынан өнім өндіру басталмақшы. Аймақтың бұған деген қызығушылығы жоғары. Атырау облысы – еліміздің стратегиялық дамуын айқындайтын аймақ. Сондықтан, облыс аумағында қолға алынған бұл жобалар ұлттық экономиканың дамуында шешуші рөл атқарады, — деді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы.
Аймақ басшысы жергілікті атқарушы орган осынау ірі жобалардың ойдағыдай жүзеге асуына барлық жағдайларды жасап, шұғыл шешілуіне ықпал ететіндігін айтты.
Б.ХАМИТҰЛЫ.