«ЖҮЗІМІЗ БАСҚА БОЛСА ДА, ЖҮРЕГІМІЗ БІР…»
Ауылда қазақтармен дәм-тұзы жарасқан он үш ұлт өкілі тұрады. Соның бірі – 1954 жылы дүниеге келген неміс ұлтының азаматы Валера Розенов.
«Ата-анам зұлмат заманда осы ауылға жер аударылып келген. Олар қиын-қыстау кезеңдерде кездескен қиындыққа қарамастан төрт баланы өмірге әкеліп, аяққа тұрғызды. Бәріміз осы ауылдың топырағына аунап өсіп, он жылдық мектепті тәмамдадық. Әскердегі борышымды өтеп келген соң Атырау техникалық училищесіне оқуға түсіп, темір жол технигі мамандығын меңгеріп шықтым. Бала кезден қазақ қыздарының қарапайымдылығына, алғырлығына, инабаттылығына қызыға қарайтынмын. Қазақ неткен кең пейілді, қонақжай халық деп, өзге ұлттан гөрі оларды жақын тартушы едім. Сөйтіп жүріп, топ басшысы Райхан есімді қызға ғашық болып, әңгімеміз жарасып, оқуды бітірген соң бас қостық. Ата-анам шаңыраққа келін етіп қазақ қызын алып келгеніме риза болды» деп, Валера қазақ қызының арқасында ұлттық салт-дәстүрлерді, оның құндылықтарын одан әрі жаңғырта түскенін мақтанышпен жеткізді.
«Орыс сыныбында білім алсақ та, қазақ тілі біз үшін туған тіліміз болып кетті.Ұлтымыз неміс болғанмен, оның бірде-бір дәстүрін білмейміз. Отбасында балаларды қазақы тәрбиемен өсіріп, жетілдірдік» дейді үш қызды ұзатып, ұлын үйлендіріп, шаңыраққа келін түсірген Валера мен Райхан. Виктория, Венера, Марина есімді қыздары да қазақ азаматтарымен бас қосқан. Ұлы Артурдың өмірлік серігі етіп таңдаған жары да – Арайлым есімді қазақтың қызы. Неміс пен қазақ ұлтының өкілдерінен құралған бұл отбасының бүгінгі күні түтіні түзу, бақытты ғұмыр кешуде.
«Құдайға тәубе! Осыған дейін сен қазақ, мен неміс деп ұлтқа бөлініп, араздасып көрген емеспіз. Жолдасым Валера қазақы ортада туып-өсті ғой. Қазақтарды өте қатты сыйлайды. Салт-дәстүрден ешқашан аттап көрген емес. Өзімнің әке-шешем неміс ұлтына тұрмысқа шығамын дегенде еш қарсылық танытқан жоқ» дейді Жамбыл облысында туып-өскен шаңырақтың отанасы Райхан. Валераның бірге туып-өскен бауырлары да интернационалды отбасы екен. Үлкен ағасы Александр Алевтина есімді кәріс азаматшасымен бас қосыпты. Олар Ресейдің Краснодар қаласында тұрады. Ал, әпкесі Лидия Юрий есімді орыс ұлтының өкілімен тұрмыс құрған. Інісі Володя Нина есімді орыс қызына үйленген. Олар да Сарытоғай ауылында бөлек шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Әрқайсы өзге ұлттың өкілі болса да, қазақ тілін жетік меңгеріп, оны туған тілі санап, құрметтейді.
«Біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының тең құқылы балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Бәріміздің мақсатымыз бір – біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі» деп кешегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз еліміздің қарыштап дамуына бар күшімізді салуымыз қажет. Мұны өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың бойына сіңіруден де кенде емеспіз. Елбасы салған сара жолда еңбек етіп, жыл сайынғы Жолдаудың құндылығын ұғындырудамыз» деген Валера «жас ұрпақтың болашағы жарқын болсын, бейбітшілік ортаймасын» деген тілегін жеткізді.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, бұл ауылда неміс пен қазақ бас қосқан отбасыларының бірі – Надежда Райхерт пен Түсіпқали Мырзағалиев. 1967 жылы дүниеге келген Надежданың да балалық шағынан бастап бүгінге дейінгі өмірі осы ауылмен етене аралас. Тігіншілік мамандығын меңгерген ол бүгінгі күні жеке кәсіпкер атанып, ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.
«Мемлекет басшысы айтқандай, экономикамыздың жақсаруы үшін ортақ жауапкершілік қажет. Мен де шағын және орта бизнесті дамытуға өз үлесімді қосқым келді. Осыдан он жыл бұрын ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуді қолға алып, саудамен айналыса бастадым. Кәсібім өркендеп, бүгінгі күні ауыл ортасынан дүкен аштым. Бұл аз да болса ауыл тұрғындары үшін жасап жатқан қызметім деп білемін.
Алдағы уақытта бұл кәсібімді отбасылық дәстүрге айналдырып, кеңейткім келеді. Елбасының тапсырмаларынан туындаған жоспарлар аз емес. Еңбек қоғамын құруда жаңа жұмыс орындарын ашып, ол жерде сан ұлт өкілдерінің басын қосып қызметке шақырсам, қандай ғанибет!? Болашақта бұл жоспарыма қол жеткізсем, бүгінгі күні сан ұлт өкілінің шаңырағына айналған Сарытоғай тағы бір қырынан танылар еді. Ең бастысы, дамудың сыры – бірлікте екенін ұмытпаған жөн» деген Надежда Иванқызы ұлттар арасындағы бірлікті, татулықты сақтасақ, алынбайтын асу жоқ екенін баса айтты.
Қазақ азаматымен тұрмыс құрған ол – бүгінгі күні Алиса, Альбина есімді екі қыздың анасы. Өзі неміс болса да отбасы тәрбиесінде қазақы құндылықтарға ерекше мән береді. «Әрине, мен қыздарымды қазақша тәрбиелеп жатырмын. Әкесі қазақ. Менің қазақша жетік білмеген тұстарымды ол жеткізеді. Сөйтіп, қазақы дәстүрден еш аттап көрмедім» дейді ол.
Сарытоғай ауылында бір шаңырақ астында бас қосқан түрлі ұлт өкілдері осылайша бақытты өмір сүруде. Олармен дидарласып, әңгімелесу барысында әрқайсының жүрегі қазақ деп, елім, жерім деп соғатынын байқадық. Тәубе! Бұл – біздің Тәуелсіздікпен бірге жеткен сыйымыз. Ендігі уақытта бұл құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суреттерді түсірген автор.