Жарнама
Қоғам

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС – ТАБЫС КЕПІЛІ

Ауданда аграрлық сектор экономикалық және әлеуметтік тіршілікте маңызды орын алады. Ауыл шаруашылығымен бір кәсіпорын, 249 шаруа қожалығы айналысу үстінде. Малды асылдандыру – маңызды істердің бірі. Бұл ретте өңірдегі «Достан-Ата» қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Ресейден 160 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара алып, өсірсе, «Ащысай» шаруа қожалығы қой малын асылдандыру бағытында ғылыми-зерттеу институтының кеңесімен асыл тұқымды аталық мал әкеліп, асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде «Жаңа таң» серіктестігінде асыл тұқымды түйе 407 басқа, асыл тұқымды қаракүл қойы 8251 басқа, «Достан-Ата» шаруа қожалығында асыл тұқымды еділбай қойы 5182 басқа жетті.
Бағаны тұрақты ұстау және аудан халқын арзан азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін «Атырау-АгроСервис» ЖШС-нен барлығы 121,1 тонна көкөніс өнімдері және 136 тонна бірінші сұрыпты ұн алынып, тұрғындарға төмен бағамен берілді. Ал, құс фабрикасының жұмыртқалары тұрғындарға қолжетімді бағамен сатылуда.
Баяндамашы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 147 млрд. 445 млн. теңге болғанын атап өтті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырмалы түрде алғанда, бұл – 138,6 пайыз.
Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жергілікті бюджетке 1,6 млрд. теңге салық түсті. Жаңадан алты кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 27 жаңа жұмыс орны ашылды.
Аудандағы құрылыс жұмыстары да қарқын алуда. Жыл басынан бері тұрғындардың өз қаржысы есебінен 2513 шаршы метр құрайтын 142 тұрғын үй қабылданып, пайдалануға берілді. Алайда, тұрғындар тарапынан көп уақыттан бері сұрау салынып келе жатқан бірқатар әлеуметтік сала құрылыстары тапсыру мерзімінің біткеніне жыл аралап кетсе де, әлі күнге көптің игілігіне пайдалануға бұйырмай отыр. Мәселен, ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана, «Аэропорт» ықшамауданындағы 280 орындық балабақша және «Автожолшылар» ықшамауданындағы 624 орындық мектеп құрылыстарын іске қосу жылма-жыл кейін қалдыру үрдісінен айнымай келеді. Сондай-ақ, өнер мектебі де апаттық жағдайда тұр. Аудандық орталықтандырылған кітапхана да өте ескі, сұрқы кеткен мұражайдың да жайы солай.
Ауданда мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде 10 балабақша, 47 мектеп жанынан ашылған шағын орталық бар, оларға 3277 бала қамтылған немесе 40,7 пайыз. Жылдап емес, айлап өсіп, қанатын жайып келе жатқан Жылыойда бұл көрсеткіш еш қанағаттандырмайды. Қазірдің өзінде 4 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Мамандардың пікірінше, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен толық қамту үшін әлі де жеті балабақша салыну қажет екен. Айт-айтпа, ауылдық елді мекендерде бірде-бір балабақша жоқ. Осыған орай селолық округтерде бес балабақша құрылысын жүргізу үшін қаржы қарау және Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша 2015 жылы салынатын екі балабақшаны 2014 жылға ауыстыру жөнінде ұсыныстар жолданып отыр.
Сессияда мәслихат депутаттары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, «Игілік» бағдарламасы аясында «Құлсары қаласындағы сумен қамту жүйесін қайта құру» жобасы жүзеге аса келсе де, әлі күнге дейін сағатпен берілетін ауыз судың жайы мен салынатын құрылыс нысандарының сапасы, малға жемшөп дайындау жұмыстары жайлы ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button