ЖҰРТЫНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ ЖЫРЫ ҚАЛҒАН…
«ЕСІҢДЕ МӘҢГІ ҚАЛҒАЛЫ КЕЛГЕМ»
Айтарын айтып, армансыз өтер ақындық бақыт күнге қараса да кірпігін қақпай ақиқаттың айна жүзіне тура қарайтын дарабоздар пешенесіне ғана жазылып, бұйыратын болса, Нұралы ақын – солардың бірі де бірегейі. Ел-жұртына кітабы шықпастан бұрын-ақ танылып, «Нарынның наркескен ақыны» атанған Нұралы Әжіғалиевтің жырлары – жүректен шығып, жүректерге жеткен, мәңгілік өлмес өлеңдер. Олардың өміршеңдігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ақберен ақын өмірден өткелі он жыл уақыт өтсе де, оның жырлары халқының жүрегінде жатталып, қазыналы өлкеміздің қаласы мен даласында қалықтай самғап, қанатын кеңге жаюда. Енді, міне, ортамызда аман-есен жүрсе жоталы жетпісін де орталар шағында ағамыздың жылдар бойына жазып кеткен, өмірінің өзегіне айналған, әрқайсысы өз алдына бір әлемдей саналатын өлеңдері «Есіңде мәңгі қалғалы келгем» деген атпен толық жыр жинағы ретінде оқырманымен қауышты.
Аққыстау селосындағы «Жалын» мәдениет үйінен бастау алған мерейтойлық шаралардың шымылдығы да сол кітаптың тұсаукесер рәсімімен ашылды. Атыраудағы «Ағатай» баспасынан жарық көрген жинаққа өз заманының ащы-тұщысын халқымен бірге татып, сол көрген-түйсінгендерін шығармашылығында шынайы көрсете білген біртуар дарын иесінің бұған дейін де баспа жүзін көрген жырлары жинақталып, енгізілген. Кітаптан орын алған өлеңдердің негізгі бөлігін автордың өз шығармалары құраса, кейінгі бөлімдері әр жылдары жазылған арнау өлеңдерінен, сондай-ақ «Жұртыңның жүрегінде жырың қалды» деп айдарланған қаламдас, ізбасар інілерінің ақын ағаларына арнаған жыр жолдарынан тұрады.
Бұған алдымен ақынның аяулы жары, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Қорлығайын Дүсіпова мен ұрпақтары атсалысқан. Кітаптың жинақталып, шығарылуына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жазушылар Одағы Атырау облыстық бөлімшесінің төрағасы Қойшығұл Жылқышиев өзіндік үлесін қосты. Сол сияқты кезінде Нұралы ақынның сырлас досы болған исатайлық азамат Бақтығали Ғұбайдуллиннің ұлы, бүгіндері әкесі қолымен құрған «Бекет» шаруа қожалығына жетекшілік етіп отырған белгілі кәсіпкер Бауыржан Бақтығалиұлының Абат, Самат есімді бауырларымен бірге қаржылай демеушілік көрсеткенін де атап айтқан жөн.
Рәміздік лентаны кесу рәсімін Исатай ауданының Құрметті азаматы, ел ағасы Жанай Берқалиев пен аудандық мәслихаттың депутаты Лиза Мутянова өткізді. Алғашқы құттықтау сөз кезегін де ұзақ жыл осы ауданды басқарған Жанай ағаның өзі еншілеп, үлкендік, ақсақалдық жолымен жылы лебізін арнады. Келесі сөз тізгінін алған облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев те «құтты болсынын» айта келіп, осынау игілікті істе барша жанашыр азаматтармен бірге аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлының да өзіндік үлесі барлығын, ол кісінің де осынау жақсылыққа тілеулес, ниеттес жандардың бірі екенін айтты. Сол себепті де өзінің және облыс әкімінің атынан құнды кітаптың атаулы датаға орайластырылып шығуына рухани да, материалдық та демеушілік көрсеткен барлық азаматтарға алғысын арнады.
Тұсаукесер рәсіміне қатысушы көпшілік соңынан «Есіңде мәңгі қалғалы келгем» деп аталған бейнебаян түрінде дайындалған шығармашылық кешті де тамашалап, қайталанбас әсерлі сәттің куәсі болды. Кітабының да алғашқы беті ашылатын осы өлеңі Нұралы ақынның өз даусымен берілсе, көркемсөз оқуға машықтанған өнерлі өрендер экрандағы бейнероликтермен үндесе отырып, жыр жампозының әр жылдардағы өлеңдерін мәнеріне келтіріп, жатқа оқыды. Осы кеште ақынның жары Қорлығайын Дүсіпқызы мен отбасына да лайықты сый-құрмет көрсетілді. Әдемі де әсерлі, тағылымды кештің соңы Өркен орта мектебінде ұйымдастырылған спорттық сайыстарға ұласты. Осында баскетболдан аудандық біріншілік өткізілді.
ТАРИХТА ӨШПЕС МӘҢГІЛІК ҚАЛҒАН БАР ІЗІҢ
Ақынның туған жері – Нарынның төріндегі Үшқызыл учаскесіндегі мерейтойлық шаралардың шымылдығын Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков құттықтау сөзімен ашты. Алыс-жақыннан жеткен қонақтарға «Қош келдіңізін!» жолдап, игілікті іске сәттілік тіледі.
— «Парызың емес ақын болып туу анаңнан, Ақынды бірақ ардақтап өту парызың» деп Нұрекеңнің өзі айтқандай, бүгінгі шараның басты мақсаты ақынымызды туған топырағында еске алып, рухына тағзым ету, шығармашылығын жас буынға насихаттау еді,-деді Тұрарбек Ғайнеденұлы. – Осыдан тоғыз жыл бұрын осы Үшқызылда Нұралы ақынға арналған ескерткіш белгі қойылған-ды. Енді, міне, ағамыздың 75 жасқа және дүниеден озғанына он жыл толуына орай бұл белгі де қайта жаңғыртылып, жыр жампозының жарқын бейнесін жұртымен қайта қауыштырып, жақындата түскендей. Осы іске қолұшын беріп, жан-жақты жәрдемдескен кәсіпкер азамат, аудандық мәслихаттың депутаты Дарын Зұлхашев есімді інімізге сіздердің аттарыңыздан шексіз ризашылығымды білдіремін.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, құттықтаушылар легіне Исатай ауданының Құрметті азаматтары Зұлпыхар Сүйнешов, Бақтыгерей Жұбанов та қосылды. Елдің елдігін танытар, өнегесін өрістетер өрелі істің бастамашысы болған ауылдастарына жақсы сөздерін арнады.
Осынау атырапта табанының ізі, қолымен жұлып, құшырлана иіскеген боз жусанның иісі қалған құм өңірі арада қаншама жылдар жылжып өтсе де сол баяғы атакәсібінен, қазақы тірлігінен қыл елі ажырамаған. Аудандағы 170-тен астам шаруа қожалығының бір бөлігі де осынау киелі мекенді, ата қонысты жайлаған. Орталықтан шалғайлығы болмаса, шешілмей жатқан шаруалары да көп емес. Ел қатарлы тірлік қылып, тұрмыс кешуде.
ТУҒАН ЖЕРДЕ ТЕРБЕТІЛДІ ЖЫР-БЕСІК
Нарынның бір түп қияғы болып, жыр мен күй ағынын тыңдап өскен, от тілді бабаларымыздың артында қалдырып кеткен тұяғындай танылған Нұралы ақын дүние есігін ашып, тәй-тәй басып жүрген шақта сұм соғыстың зардабын бастан кешірді. Өзі айтқандай, ертелеу ұмытып әке бейнесін, ертелеу киіп әке жейдесін, колхоздағы сауыншы анасына қолқанат болып ержетті. Жамаулы киіз сөмкесін арқалап, бейтаныс кірешіге жалғасып, «Алдымда аты дардай Қамысқала… кеудемде ар менен намыс қана» деп оқу іздеп, құмдағы ауылдан аудан орталығындағы мектеп-интернатқа келді. Балаң шағынан өлең жазуға машықтанып, институт қабырғасындағы студенттік жылдарында жалынды жырларымен ел жастарының назарына ілікті.
Туған топырақтың ыстығына табаны күйіп, жұртының ғана қамын жеген қызғыш құсы, кестелі жырдың хас шебері, от ауызды, орақ тілді Махаңдардың сарқытындай Нұралы ақынның қай өлеңдерін алып қарасаңыз да, өн бойына тартылған алтын арқау, күміс желі – туған жер, ауыл тынысы, сонда тұрмыс кешіп жатқан жандардың, қарапайым ғана еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі, нақыштары. Өлеңмен өрілген жолдардың тереңіне бойлай отырып, тартылған жыр желісінің бір шетінен өзіңді көресің, өзіңмен бірге ғұмыр кешіп жатқан замандастарыңды танисың. Ақын рухымен бірге аруақтанасың, арқаланасың. Ерекше күш-қуат тұла бойыңды билеп, шабыттың шыңына өрлеп, жыр-тұлпардың пырағына мініп, туған жердің жыр-бесігінде тербелгендей сезімге бөленесің.
Тарихта жарқырап ізі қалған біртуар тұлғаның туған жері, құм Нарынның төріндегі Үшқызыл елді мекенінде (Тұщықұдық селолық округі) «Өлеңмен әлі талай жүздесемін» тақырыбымен өткен ақындар мүшәйрасынан осындай әсерде қалдық. Мұнда да елдің жақсылары мен жайсаңдары жиылды. Жыр додасына қатысушы талаптың тұлпарын ерттеп мінген, сөз патшасын қадірлеген жергілікті жас талант иелері даланың сәнін, шараның мәнін келтірген сахнаның төрінде тұрып, жүректерінен жарып шыққан өлең жолдарын Нұралыға арнады. Жыр-арғымағына мініп ап, арқалана шапты, еркін желіп, кеңінен көсілді. Олардың қатарында Серікбол Панабердиев, Нұрлан Мұратов, Нұрболат Нұғманов, Данабек Бапанов сынды есімдері ел ішінде танылып үлгерген айтыскер және жазба ақындар, болашағынан үлкен үміт күттірер жас дарындар да бар еді…
АЛАМАНДА АТ ОЗДЫРҒАН…
Бұл жолы да ойдағы мен қырдағы елді бір-бірімен тоғыстырған туған жердің төсінде ат шаптырылды. Арқа қыздырып, делебе қоздырар аламанға осы өңірдегі атакәсіпті жалғастырып келе жатқан малбегілері — жеке шаруа қожалығының жетекшілері өздері жаратқан тұлпарларын қосты.
«Шын жүйріктер жарыста ғана танылады» демекші, шашасына шаң жұқтырмас сәйгүліктер суырыла шауып, бірінен-бірі дараланып, озып шығуға тырысты. Бап та, бақ та шапты, шабандоздар да жарады. Он шақты тұлпардың шабысын сынға салған тартысты сайыста шаруагер Ғалымжан Арынғазиннің баптауындағы сегіз жасар Құла қасқа (шабандозы ұлы Дулат) мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал, аламанға алғаш рет қосылған бес жастағы Қара торы (бапкері жеке шаруа қожалығының иесі Кенжебек Қалешов, шабандозы Бауыржан Жиенбаев) екінші, шаруагер Жалғасбай Жұмағалиев бәйгеге үкілеп қосқан сонша жасар Көкше (атқа шапқан Сайран Қыдырболат ) үшінші жүлделі орындарды еншіледі.
Енді бір сәтте жарыс жолына желмен жарысқа желаяқтар да шықты. Мұнда да осы Үшқызыл учаскесінде тұратын шаруагер жігіт Ерболат Айтанов өзінің жүйріктігін көрсетіп, жеңімпаз танылды.
P.S. Айтпақшы, бұйығы жатқан маңғаз даланы дүбірге бөлеген той үстінде, соның алдында ғана тұсауы кесіліп, көпшілікке таныстырылған Нұралы Әжіғалиевтың «Есіңде мәңгі қалғалы келгем» аталған жаңа жыр жинағы жұртқа таратылды. Нұралы өлеңде өрен, жырда жампоз еді. Сол қолынан қаламын түсірмеген күйінде өмірден өтті. Тірісінде туған жері мен елін жырларына жалау қып көтерген адуын мінез, мәрт жүректі, арқалы ақынның өр мінезді өлеңдері халқымен бірге жасап келеді, жасай да береді. Көрсетілген құрмет пен қошемет – соның айнымас куәсі, бұлтартпас дәлелі, алқалы елінің шайырына деген айрықша ізеті.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.
Исатай ауданы.