Жарнама
Қоғам

ЖҰРТЫҢНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ ЖЫРЫҢ ҚАЛДЫ

Ақын дегенді періштелік пен пенделіктің қосындысы деуге де болар еді. Нұрекең өлеңге деген тазалықты адал сақтағанымен, мынау қисыны көп өмірге деген аңғал көзқарастан да арыла алмай, оның алдауына түсіп, арбауына көнген. Өмірдің небір қиын-қыстау өткелдерінен өткен. Осылардың бәрінен де ол поэзияның ақбоз пырағына мініп, аман шыққан. Қандай жағдайда да оған халқының арнаған сыйы таусылмады. Жеткіншек кезінен бастап, жасамыс жасына дейін елдің «бір Нұрекеңі» атанды. Бұл да бір ақынға оңай келген бедел емес еді. Бұл оның шын мәніндегі халық ақыны болғанының нағыз айқын белгісі болса керек.

Мен кішкентайымнан Нұралы ағаны көріп, танып, сыйлап өстім. Қазір ортамызда жоқ аяулы әкеміз Бақтығали екеуі жақын дос, сырлас ағайын еді. Әкеміз: «Нұралыдай аруақты ақын тым сирек кездеседі, қай ақыныңнан да ол жоғары тұр, оның өзі мен өзіндей өлеңдерін бағалай білейік» деп отыратын. Қай кезде, қашан келмесін, үйіміздің төрі де, анамыздың сақтаулы сыбағасы да соныкі болатын. Ақын ағамыздың танымы мен тағылымы мол әңгімелерін, жарақты жырларын тамсана тыңдайтынбыз. Қазіргі кезде өлеңді «шебер» жазатын, тіпті, компьютермен ұйқас іздейтіндер де шықты ғой. Мен Нұралы ағаны оның ақпа-төкпе табиғи адуынды болмысы, өлеңдегі өршіл қайсар мінезі үшін сыйлайтынмын. Кейде оның сол мінезінен ептеп сескенетін де едім. Ол Алланың өзі бере сал-ған ақын еді.

 Ақынның артында ұшан-теңіз мол мұра да қалған жоқ. Бірақ, оның әрбір өлеңі сом алтындай салмақты, жүрегіңе тым жақын, ардақты туындылар болып енгені хақ. Оның өлеңдерінен ақынның қайтпас-қайсар бөлек мінезі айқын аңғарылып тұрар еді. Халқымыз өзінің айтар ойын қаймықпай, жасқанбай айта білетін ақындарды да батырлар қатарында санаған ғой. Осы ретте Нұрағаның да өршіл рухты әрбір өлеңінің өз оқырманын қаһармандыққа, батырлыққа жетелейтін бір керемет қасиеті бар-ды. Сонысымен ол батыр да, ақын да еді.

 Нұралы ақын – қазақ поэзиясына өзіндік шұрайлы ізін қалдырған, болашақ ұрпақтарымыз пір тұтатын, өлеңі өлмейтін, аты өшпейтін ақын. Нұрекең өзгелердей өзінің ақындығын бұлдап, мақтанбайтын, барынша қарапайым, шыншыл еді. Сонымен қатар, сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрседен көңілі қалатын баладай аңғал, батырдай кінәмшіл-ді. Осындай ақындарымызды ардақтай білейік, ағайын!

 Біреу қарт, біреу мүлде жас шағында,

 Аттанып кетіп жатыр қас-қағымда.

 Кеудесі күмбірлеген көп жандардың,

 Сұр тас тұр үнсіз-түнсіз бас жағында, — деп өзі айтқандай, Нұрекең бұл күнде арамызда жоқ. Бірақ, ортамызда оның өшпес ізі – өлмес өлеңі бар. Ардақты ақынымыз өмірден өткелі он жылдың жүзі болыпты, сол жылдардың ішінде Нарынның наркескен ақыны Нұралының өлеңдерінсіз той, жиын, мерекелік шаралар өтпепті. Елдің жасы да, кәрісі де «Нұралы ақын айтқандай» деп, оның өлеңдерін жатқа соғады, кітабының керектігін айтады. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, бәріміз үшін қадірлі жанның туғанына 75 жас толуына орай ақынның қолда бар өлеңдерін жинақ етіп халқына ұсынғанымызға ерекше қуаныштымыз.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button