«ЖҮРЕКТЕН – ЖҮРЕККЕ» ЖЕТКЕН ЕРІКТІЛЕР
Сондай игі бастаманы негізге ала отырып қаламыздың белсенді жастарының ұйымдастыруымен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы құрылған болатын. Топтың тарихы 2013 жылдың 21 сәуірінен бастау алады. Алғаш бар болғаны төрт еріктімен құрылған топ бүгінде алпыстан астам еріктілерімен мақтана алады.
Тағы бір қуантарлық жағдай, республикамыздың түкпір-түкпірінен топтың бөлімшелері ашылып, бүгінде қарқынды жұмыс жасап келеді. Мұның өзі құрылғанына бір жыл ғана болған топ үшін үлкен жетістік, жеңіс десек те болады. Жылағанның жасын сүртіп, жығылғанды демеп, құлағанды тұрғызу бүгінде екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әркім өз қарақан басының қамын күйттей алмай жүргенде жастары он сегізге енді толған жастардың осындай бастамалары үлкенге де, ел басқарған басшыларға, күллі қазақияға үлгі боларлықтай іс.
Қаншама игі істердің басын қайтарып, адамдардың алғысына бөленіп жүрген бұл топ туралы бүгінде Атырау халқы ғана емес, басқа облыс орталықтары да танып, жасаған істері туралы хабардар. БАҚ жарыса жазуда. Өңіріміздегі «Атырау», «Мұнайлы Астана», «Ақ Жайық», «Прикаспийская коммуна» газеттері мен облыстық «Қазақстан-Атырау» телеарнасы да бірнеше мақалалар мен бағдарламалар дайындап халыққа таратқан болатын. Оның өзі «болам деген баланың белін буып» алдағы жұмыстарының дамуына үлкен септігін тигізеді.
«Ерім дейтін ел болмаса, Елім дейтін ер қайдан шығады?» дегендей, осындай елінің дамып, иманды ұрпақтардың санын арттыруға өзіндік үлестерін қосып келе жатқан жастарымызға басшылық тарапынан көмек көрсетіп тұрса, олардың аспайтын асулары мен бағындырмайтын белестері жоқ. Тек кішкене ғана қолдау мен қаржылай көмек керек бұл топқа. Бір қуанарлығы, бұл топтан қазақилықты, бауырмалдылықты көріп көңілің өседі. Жас та болса жаратушымызды танып, жамандықтан қашып, жақсылықты өздеріне дос етіп, әділдіктің туын биік ұстап келе жатқан бұл топтың осы жыл аралығында жасаған жұмыстары өте көп. Топ жетекшісінің ендігі арманы – ұйым болып ашылып, өздерінің жеке кеңсесінің болуы. Себебі, акцияға дайындық кезінде әркімнің жұмыс орны мен үйін «сығалап» жүру олар үшін өте қиын. Бірақ, соған бола жігерлері жасып, ниеттерінің тарылып, қолын бір сілтеп жүрген бір еріктіні көрмедік. Керісінше, жақсылық үстіне жақсылық жасауға асығып тұрады. Өйткені «адамдардың қуаныштарын көріп, бізге алғыстарын айтып, батасын жаудырғанда өзімізді толыққанды бақытты жандай сезінеміз» дейді олар.
Жуырда «В Контакте» әлеуметтік желісі мен инстаграмдағы өздерінің жеке парақшаларына жариялағандай бауыр қабынуына шалдыққан атыраулық Жанель есімді қызға қол ұшын беруді жоспарлап, барлық тұрғындардан көмек сұрап отыр. Бірнеше көңілдері жарты жандардың жүздеріне күлкі сыйлаған бұл еріктілердің қатарынан табылып, өздеріңіздің қол ұштарыңызды беріп, Жанель есімді қызымызға тағы бір өмір сыйлағыларыңыз келсе, «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының жетекшісі Әмина Жәрдемқызы 87021427507 мен топ мүшесі Салтанат Аманғалиеваға 87784874277 байланысқа шығуларыңызға болады.
Асылай СЕРЖАН.