ЖҮРЕКТЕГІ ЖАРА
Сол кезде жараланған жастар, қар құрсанған қыз-жігіттер Қаскелең жақтағы қоқыс төгетін полигонға лақтырылып, жүруге күш-қуаты барлар әупірімдеп үйлеріне оралса, біреулері сол жерде қаза тапты. Олардың жаназасы шығарылмады». Бұл жолдар сол 1986 жылғы желтоқсанның жүрегіне салған жарасымен бөліскен зобалаң жылдардың куәгері, қызылқоғалық Сарғожа Нұрғалиевтың жүрек-назы.
Қызылқоға ауданы, Көздіқара ауылдық округінде қарапайым шаруа отбасында 1960 жылдың 15 шілдесінде өмірге келген ол 1967-1977 жылдар аралығында Жаңашаруа орта мектебін тәмамдайды. Ару қала Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтына түсіп, инженерлікті меңгеруді қалайды.
— Сол 1986 жылдың желтоқсаны — мен үшін ауыр да, қасіретті ай. Ол кезде институттың V курсында едім. Қолыма дипломымды алып, анамды қуантсам деп жүргенде көтеріліс басталды. Алматыдағы Тәуелсіздік алаңы, ол кезде Брежнев алаңы еді. Мен де 17 желтоқсан күні таңертеңнен бастап, елмен бірге алаңда болдым. Әлсін-әлсін қыстың қақаған суығында өрт машиналары келіп су шашып, тосыннан солдаттар шығып, қойша бөліп алып, соққыға жығып, машинаға тиеуде болды. Қашып-пысып әр жерге тығылып, кейін қайта жиналамыз. 17 желтоқсан күні ұсталғандардан қалада адам қамайтын орын қалмағанын кейін білдік. Мен де 18-і күні құрыққа іліндім, — деп жанары мұңға толды.
— Әрине, тарихтың қатпар бетінен емес, көзбен көріп, көңілдері қайысқан жан үшін өткенді еске түсіру ауыр, — дей бергенімде, «Жоқ, ойыма оралту емес бұл. Ол қасірет көзден де, көңілден де өшпеген, өшпейді де», — деп қатқыл үнмен жауап берді. Қашанда сабырлы, салмақты жанды мынадай кейіпте көріп, желтоқсан қасіреті салған жүректегі жараның әлі де айықпағанын байқағандай болдық.
— Әліміз келгенше біз де солдаттарға қарсы шығып, соққылай бердік. Бір мезетте біреу «қашайық» деді. Сөйтсем, қасымдағы бір жігіт екеуміз қалыппыз. Содан әупірімдеп қашып, қаланың шетіндегі құрылысы бітпеген үйдің ішіне келіп, жатып қалыппыз. Ұйықтап кеткен болуым керек, қараңғы түсіпті. Жатақханаға оралу керек. Неше сағат жүргенімді білмеймін… Ана жерге бір, мына жерге бір тоқтап, алаңның бойындағы, Сәтбаев көшесіндегі жатақханама жеттім-ау. Әр жерде екі-үштен жүрген солдаттар болмаса, алаң тыныш. Бір күн жатып, сабаққа бардым. Ұмытпасам, желтоқсан айының 22-сі күні курстың жиналысы өтті. Институт бойынша 190 студенттің тізімі келген. Сол бойынша оқудан шығарылатын болдық. Комсомолдан кеттік, — деді. Тағы да үнсіздік…
Осылайша тергеу басталады. Күндіз ІІБ, кешкісін Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, басқасы бар, тексеріс жиілейді. Сұрақтары – «Ұйымдастырушы кім?», «Кім алаңға шық деді?», «Неге шықтың?». Қорқыту, үркіту. Фотоальбомдар мен кинолар көрсетеді. Мыңдаған жас әртүрлі жазаға тартылады. Бірақ, оның бірі де қазақ жастарының жігерін жасытып, қайсар мінезіне ешқандай да әсер ете алмады.
— Бізден ешқайда кетпеуімізді айтып, қағазға қол қойдырып алды. Бір ай жарым тергеуден кейін, «соттың шешімін күтіңдер» деп ауылға баруға рұқсат етті. Мені шалғайдағы шопанның ауылына апарып тастады, — деп сол күндерді еске алады ол.
Осылайша, көктемге де жетеді. Наурыздың 22-сі күні прокуратураның анықтамасы да келді. Ақталды. Күзге дейін совхоздың малын бағып, кейін оқуын жалғастыруға мүмкіндік берілді. 1988 жылы оқуын аяқтайды. Айтпақшы, диплом жұмысын өте жақсы қорғап тұрған Сарғожа Нұрғалиевты желтоқсанның жалыны тағы бір шарпып өтті. Омбы қаласынан келген комиссия төрағасы көтеріліске қатысқаны үшін «4» деген баға қояды. Ол ол ма, институт жанынан әскери кафедраны бітірген Сарғожаға Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі қол қоймай, тиісті шенін де ала алмады.
— Бұл күрестің тарихи маңызы зор. Қазақ жастарының ұлтшыл, намысшыл екеніне, елі үшін қасық қаны қалғанша күресуге әзірлігіне көзім жетті. Бүгінгі Әнұранымызға айналған ән сол кезде жастардың жігерін жанып, күш берді. Алаңды күңірентті. Азаттықты аңсап, көз жұмған боздақтарымыздың асқақ рухы да сол әнде. Әрине, күші басым жазалаушы тараптан біз жеңілдік. Десек те, ұлттық намыстан өзге қарумен қаруланбаған едік. Бүгінде сол кездегі қазақ жастарының өршіл рухын әлем мойындады. Бұл жаңа заман тарихындағы маңызды оқиғаның бірі де, бірегейі еді, — деп еске алады Сарғожа.
Иә, қазақ жастарының бодандыққа қарсы бұлқынысы қалғып-мүлгіген Кеңес Одағын ұйқысынан оятты. Бостандық жолындағы күрес ақыры Кеңестер Одағының ыдырауына бастады. Желтоқсанның шындығы – осы.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.