Жарнама
Қоғам

ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАҒАН

Міне, ел басына күн туған ауыр кезеңде атыраулықтар өздері аш-жалаңаш жүрсе де қолда барымен ұлт пен ұлысқа бөлінбей көмектесті, қамқорлады. Бір үзім нанды бөле жеді. Оларды ер жеткізіп жіберді.

 Бұл деректерден соғыс салған ауыртпалық пен қасіреттің тамыры қаншалықты тереңде екенін көруге болады. Соғыс зұлматынан қаршадайынан тағдыры өксіген сол бір жетім балалар халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілінен шыққан мейірімді сезінді. Қазақ халқының қонақжай дастарханынан дәм татып, өздеріне бауыр тапты. Олар, бәлкім, біздің өңірде еселеп еңбек етіп, қазақтың бір ұлына айналған да шығар…

 Иә, Ұлы Жеңіс жылында дүниеге келген сәби бүгінде шашын ақ қырау басқан көкірегі қазына ақсақалға айналды. Ұлы Отан соғысы тарих қойнауына тереңдеген сайын өскелең ұрпақ оның ақтаңдақ беттерін жаңаша қырынан тануы тиіс. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің әкелеріміз бен аталарымызға олардың жанқиярлық күресі мен жеңісі үшін, олардың біздерге бейбіт өмірді қамтамасыз еткендері үшін көрсетілетін құрмет шексіз болуы тиіс» деп ардагерлерге бұлайша баға беруінің өзі Ұлы Отан соғысы туралы тарихи танымды одан әрі кеңейтіп, жаңаша қырынан зерттеуді керек етеді.

Соғыс зардабы Кеңес Одағы елдері халықтарына үлкен ауыртпалық болғандығы сөзсіз. Барлық ер-азаматтар қолына қару алып соғысқа аттанса, олардың амандығын тілеп елде қалған бала-шаға, отанасы майдан қажеттілігі үшін уақытпен санаспай, күні-түні тылда аянбай еңбек етті.

Сол кездерді тыл еңбеккері Қайырғали Әбуов былайша еске алады: «Мен соғыс басталған кезде сегіз жасар бала едім. Алайда, бақытты сәби шақ маған бұйырмапты. Бір мен ғана емес, бүкіл ауыл баласы менімен тағдырлас болды десем қате болмас. Сұм соғыс бізді ерте есейтті. Аналарымызбен бірге тары оруға баратынбыз, әліміз келмей қолдарымыз қиылып қалатын. Бірақ, қолдарымыздың ауырғанына да көңіл бөлмейтінбіз. Білім алудың аты болмаса, ол кезде қағаз, қалам тапшы еді, матаға қап-қара болып күйіп кеткен тарының күйесін сия ретінде пайдаланатынбыз. Біздің ауыл көлге жақын орналасқандықтан аштықтың азабын көп сезінген жоқпыз…».

Иә, сол кездегі халықтың соғыстан өзге тауқыметі де жетіп артылатын еді. Тыл ардагерінің сөзін мұрағат деректері де растай алады.

Облыстың эпидемиологиялық жағдайы өте нашар болды. 1941 жылы өткір-жұқпалы аурулар көп тіркелді. Барлығы 1059 адамнан жұқпалы ауру тіркелген. Халқымызда «жұт жеті ағайынды» деген сөз бекер айтылмаса керек. Майдан шебінде жаумен соғысып, боздақтарымыз ажал құшып жатқан кезде елдегі бала-шаға жұқпалы індеттің құрбандығына айналды.

Бұл туралы Гурьев облыстық НКВД-ның кіші лейтенанты Тарасенко Гурьев атқару комитетінің хатшысы Бекжановқа 1941 жылдың 18 шілдесінде жазған құпия хатындағы мәліметтер облыстағы демографиялық ахауалдың өте күрделі екендігін көрсетеді.

Сонымен қатар, соғыстың майдан шебіндегі елді мекендерінің көптеген халқын Қазақстанға жаппай көшіру жұмыстары жүргізілді. Олардың денсаулығын тексеру бірінші кезекте тұрды. Гурьев эвакуациялық пункті бастығының орынбасары Гецованың 1941 жылғы 12 қарашадағы мәлімдемесіне назар аударсақ:«1941 жылы Гурьевте 24 орындық медпункт пен изолятор ашылды. Бұнда үш дәрігер, үш мейірбике, бес санитарка жұмыс істейді. 1941 жылдың қарашасында балалар арасында қызылша ауруының өршуіне байланысты қосымша 100 орындық стационар ашылды.

Гурьевке бір күнде темір жол арқылы Ресейден эвакуацияланған 10-20 адамнан келіп жатты. Оларды шұғыл арада дәрігер-эпидемиолог тексеріп, жұқпалы аурулар анықталған жағдайда шұғыл стационарға жеткізілді. Параходтар мен баржалар арқылы эвакуацияланған адамдарға да осындай жұмыстар жүргізілді…».

Ұлы Отан соғысы тарих қойнауына тереңдей енсе де, уақыт өткен сайын Жеңіс жолында қасық қаны қалғанша күрескен батырлар ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі, сол кездердегі халықтардың достығы мен бауырмалдығы естен кетпейді. Олар өскелең ұрпақ жүрегінде мәңгілік алау ретінде жанып тұрары сөзсіз.

Талғат АЙДЫНҒАЛИЕВ,

Атырау медицина колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button