ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН ШАШЫП ӨТКЕН

Ауыл байының мыңғырған жылқысының бір тұяғын да барымтаға алдырмаған Дүйсенғали тумысынан қайратты жігіт еді. Құрық көрмеген асауларды да тырп еткізбеді, желмен жарысар жүйріктерді де жазбай таниды. Содан бір күні кешқұрым айғырдың үйірін түгендеп, үйіне беттегенде алдынан «сүйіншілеп» көршінің әйелі шықты. Сөйтсе, аяғы ауыр келіншегі Бақтылы аман-есен босанып, өмірге ұл әкеліпті. Бұған дейін Ағилаш есімді қыз сүйген әкенің қуанышты хабардан көңілі шалқып кетті. Кешке ағайын-тума мен көрші-көлемді жинап, дастархан ұйымдастырды. Ұрпағын жалғастырар перзентінің атын азан шақырып, Мәтеш деп қойды. Бұл 1917 жылдың 10 мамыры болатын.

 

ЖЕТІМДІК ЖЕТЕГІНДЕ

Еркелеп гүлін теріп дала белдің,
Арманмен қияндарға барар едім.
Айырылып үш жасымда ата-анадан,
Ертеңге үміт артып қала бердім,-
деп Мәтеш Дүйсенғалиев өзі жырлағандай үш жасында ата-анадан бір-ақ сәтте айырылып, тұлдыр жетім атанды. Алдымен Қазан төңкерісінен кейін қазақ даласында да басталған дүрбелеңге елең етпей, бұрынғыша жылқысын бағып жүрген Дүйсенғали аяқ астынан тосын дертке ұшырап, ақыры қайтыс болды. «Аққу тәрізді шын ғашықтар да сыңарынсыз өмір сүре алмайды» деуші еді. Расында да, қайғы меңдеді ме, әлде айықпас ауруға кезікті ме – әйтеуір, Бақтылы да көп ұзамай о дүниеге аттанды. Сонда Мәтештің өзі үш, ал апасы Ағилаш бес-ақ жаста екен.
Бұл кезде Дүйсенғалидың қарындасы Нағима тұрмыста болатын. Қыз дегенің қашанда тілекші емес пе? Абзал ағасынан қалған қос бауырын қамқорлығына алады. Оның ері Сақып та кең пейілді, нар мінезді жан екен. «Жақсы жезде әкедей» деп қазақ тегін айтқан ба, Ағилаш пен Мәтешті жатсынбай қамқорлап, қатарынан кем етпей өсіреді.

ЖАСТЫҚ ШАҚТЫҢ
ЖАРҚЫЛЫ

Аман қалдым, бәрінен аман қалдым,
Сезіп өстім жүрекпен заман зарын.
Қанша шертсін көңілім мұңлы күйді,
Ризамын тағдырым, саған бағым.
Ата-анадан тым ерте айырылса да қамқор жандардың жетегінде Мәтеш те ержетті. Жалпы, оның балалық және бозбала шағы Жылыой жағында өткен. Осындағы орыс пен татар балаларымен бірге өскен ол жасынан пысықтығымен, аңғарымпаздығымен, зеректігімен ерекшеленді. Тұстастарымен белдесе кетсе алдырмайтын қайраты да мол еді. Соны байқады ма, үлкендер Ақтөбе жағынан тары алдыратын керуенге ерте кететін. Осындай ұзақ сапарлар да оның қатарларына қарағанда ертерек ересек атануына ықпал етті.
Әйтсе де, ол сауат ашып, білім алуға ұмтылды. Сөйтіп, зейінді жас есейіңкіреп қалса да, Жылыойдағы мектептің табалдырығын аттады.
Сол білімге құштарлық жас жігітті оқуын одан әрі жалғастыруға ұмтылдырды. Жездесі Сақып пен апасы Нағима өз ұлдары Жұмағали мен Мәтешті ақ батасын беріп Гурьевке (қазіргі Атырау) аттандырады. Осындағы педагогикалық техникумға түскен екеуі алғашқы сәттен-ақ қатарларынан оза шауып, білімпаздығымен көзге түседі. Жұмағалидың да, Мәтештің де бала кезден өлең жазатын өнері бар-ды.
Бірінші міндет балаға,
Оқуды алу санаға.
Екінші міндет балаға,
Әдейі сәлем хат жазу
Елдегі үлкен ағаға, – деген өлең жолдары да сол кезде жазылса керек.
Сәби шағынан құлын-тайдай тебісіп қатар өскен қос бауыр ауылға келгендерінде үлкендерге сәлем беріп, ағайындарды аралап шығады екен. Содан биік төбенің басына шығып, асыл армандарымен бөлісетін. Түнде төсектерін далаға салдырып, ашық аспандағы сансыз жұлдыздарды санайтын. Өкініштісі – Жұмағали тосын дертке тап болып, соғыс басталардан сәл бұрын дүние салады.
Содан екеуі де оқуларын бітіріп, елге оралады. Мәтеш орыс, Жұмағали қазақ сыныптарына сабақ береді. Құлсарылық Елеуғали Табылдиев, М.Дүйсенғалиевпен педтехникумда бірге оқыған екен.

МАЙДАНГЕР МӘТЕШ

Жеңермін жауды, шашармын,
Не басым қалар майданда.
Өліспей жауға берілмен,
Өлмесем келем қайдан да, – деп жырлады ол.
Мәтеш әскерге 1939 жылғы 3 желтоқсанда алынды. Бұл – Кеңестер Одағының теріскейдегі Финляндиямен ұрысып жатқан кезі. Кейін Ұлы Отан соғысы басталды. Мәтеш ауылдасы Әубәкір Жұлдызовпен бірге майданға түседі.
Кейін осы ардагер айтқанындай, кіші командир шенін алған екеуі өзгелермен бірге қызыл вагонға тиеліп батысқа жол тартады. Содан Киевке жетіп, одан әрі Смоленскіге беттегенде, мұнда немістердің басып кіргендігін біледі. Сөйтіп, бұлар қала маңындағы Эльна аталатын деревняда қорғаныс жасайды. Көп ұзамай немістер де жетіп, қиян-кескі шайқас басталады. Ашығы қазір айтылып жүр, сол кезде кеңестік әскерлерге қару да жетіспеген екен ғой. Жалаң қолмен жаудың жағасына жармасып, кеңірдегін қысқан ерлер ерлігін неге теңеуге болар?! Харьков түбіндегі қоршаудан да екі жігіт аман қалады.
Кейін Мәтеш барлаушылар қатарына алынады. Талай мәрте жау тылына өтіп, «тіл» де алып қайтады. Осы ерліктері үшін екінші және үшінші дәрежелі Даңқ ордендерін омырауына тағады. Біріншісіне үлгергенде толық кавалер болғалы тұр еді. Рас, оның аса құнды да құпия майдан мәліметін берген бағалы «тіл» әкелгені үшін Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылғаны туралы да мәлімет бар. Бірақ, сол құжаттың арғы тағдыры беймәлім.
Мәтеш Ұлы Жеңісті чех жерінде қарсы алып, елге аман оралады. Кейін оның соғыстағы ерліктері жөнінде майдандастары талай естелік те жазды.

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Бір арман орындалды көңілдегі,
Жетеле алға қарай өмір мені.
Жанайын жұлдыз болып жарқыраған,
Нұр шашқан отауыңның төріндегі, – деп ол өзі жырлағандай жеңіспен елге оралған соң өзінің сүйген мамандығы бойынша білім беру саласына бет бұрады. Бастапқыда мұғалім, кейін мектеп директоры қызметін атқарып, қалған саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Өз білімін де толықтырып, екі жылдық мұғалімдер институтын тәмамдайды. Бүгіндері есімдері елге мәлім КСРО Халық мұғалімі Құсиын Айтқали, ҚР Білім беру ісінің үздіктері Әлқуат Жиенәлиев, Сәрсен Дүйсешев, т.б. кезінде Мәтешпен бірге оқыған. Солардың бәрі кешегі майдангердің білімге аса ынталы болғандығын айтады. Сабақ таңдамайтын, бәрін жақсы оқитын. Ең қиын деген есептің өзін оп-оңай шешіп тастайтын.
Оның тағы бір ерекшелігі – үйінен қонақ арылмайтындығы. Курстастарын тобымен ертіп келіп, келіншегі Биекеннің дайындаған шайы мен тамағына ортақ етеді екен. Тіпті Олжабай Жұмағұлов деген мектепті жаңа ғана бітірген жас жігітті жатақханадан шығарып алып, үйіне жатқызыпты. Кейін екеуі туған ағалы-інілідей қимай қоштасыпты.
М.Дүйсенғалиевтың қызметте турашыл, ісінде ұқыпты, жұмысына адалдығын көп жыл ұстаздық құрған Бәшір Қонысов та жыр етіп айтады. Майдан даласынан оралған, көпжылдық тәжірибесі мол жан күнделігіне «Қай шақта да адал бол, досыңа да, қасыңа. Әділдіктен айнысаң, қиындық туар басыңа» деп жазып қойған екен. Қандай ғибратты сөздер!
Талай сабаққа ынтасы төмен шәкірттер осы ұлағатты ұстаздың жеке жұмысының нәтижесінде үздіктер қатарына қосылды. Мәтеш үлгерімі төмен оқушыларға жалған баға қоюға жаны қас еді. Мұндайда мектеп директоры түгілі, одан да жоғары лауазым иесінен тайсалмайтын. Білім саласының тұтас көрсеткішіне нұқсан келсе де, әділдіктің ақ туына дақ түсірмейтін. «Дамбыдан келген мұртты, бізді әбден құртты» деген тіркес сол кезде туған-ды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз