Жарнама
Қоғам

ЖҰМЫСШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген жаңа заң жобасы жан-жақты талқыланған соң бекітіліп отыр.

Жаңа заңнама еңбек адамының құқын қорғауды арттыра түседі. Әрі кәсіподақтардың құқықтары мен міндеттерін, оның рөлін күшейтпек. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың қатысуымен өткен аймақтық семинар барысында кеңінен айтылды. 

Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарының екі жүзге жуық өкілдері қатысқан жиында жаңа заңның нормалары мен ережелері түсіндірілді. Семинарды ашқан Әбілғазы Құсайынов:

— Мемлекеттің еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелеріндегі негізгі әріптестерінің бірі — кәсіподақтар. Бұған дейінгі кәсіптік одақтар туралы қолданыстағы заңнаманың тиімділігі төмен болды. Мұнда ұжымдық шарттар, тараптардың оларды орындауға жауаптылығы туралы қағидалар онша дәл баян етілмеген еді. Осы мәселелер төңірегінде аталмыш заң екі жылға жуық уақыт ішінде қайта қаралып, бекітілді, — дей келе, әлеуметтік жаңғырту заманының талабына сай келетін кәсіподақ ұйымдарын жаңғыртуды алға қойған заң қандай мақсат-мүддеге құрылғанын пысықтады.

Оның айтуынша, жаңа заңда қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында кәсіподақ қозғалысын ұйымдастыру негіздерін анықтау, әлеуметтік әріптестіктегі кәсіподақ рөлін күшейту, барлық деңгейдегі диалогты дамыту, әлеуметтік еңбек дауларының алдын алу көзделген. Жаңа заң жобасы кәсіподақтардың құқықтары мен міндеттерін, мәртебесі мен жауапкершілігін нақтылау арқылы рөлін күшейтуге бағытталған.

Заңда белгіленгендей, кәсіподақтарға берілмек пәрменді құқықтар кәсіподақ қызметінің кепілдіктері мен жүктелер міндеттер кәсіподақ кадрларын нығайту бағытында да нәтижелі болып, азаматтардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғауда кәсіподақ беделін нығайта түсеріне сенім мол. Осы орайда, атап өтерлік заңдағы маңызды бір жаңалық — кәсіподақ органдарына сайланған және негізгі жұмысынан босатылмаған адамдарға берілетін кепілдіктер жөнінде. Кәсіподақ органының басшысын, төрағасын жоғары тұрған кәсіподақ органының дәлелді пікірінсіз тәртіптік жазаға тартуға, жұмыстан шығаруға болмайды. Сондай-ақ, сайланбалы лауазымға сайланған адамның лауазымында жұмыс істейтін адаммен жұмыста жоқ қызметкерді алмастыру уақытына еңбек шарты жасалады. Нақтырақ айтқанда, айлық алып жұмыс істейтін кәсіподақ қызметкері болса, оның бұрынғы орнына қабылданатын адаммен уақытша еңбек шарты жасалып, жұмыс орны сақталады. Ал, бұрын жұмыс орнының сақталатынына кепілдік берілмейтін.

Тағы бір айта кетерлігі, ұсынылып отырған заң аясында кәсіподақтарды республикалық, аумақтық, салалық, жергілікті, бастауыш бағыттарда нығайту көзделген. «Бұл орайда Халықаралық еңбек ұйымының талабына сәйкес келетін өндірістік-салалық кәсіподақ ұйымдарын нығайтуға маңыз берілмек. Бұл өз кезегінде кәсіподақ қозғалысын дамытуға нәтижелі септігін тигізеді деген ойдамыз» деп атап өтті кәсіподақтар Федерациясының төрағасы.

Жаңа заңның таныстырылымынан соң семинарға қатысушылар пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Қазір кәсіподақтар құру бостандығына басымдық берілген. Дәлірек айтқанда, кәсіподақтар өз мүшелерінің тең құқылығы негізінде құрылады. Бір сала, ұйым шеңберінде құрылатын кәсіподақтардың саны шектелмейді. Барлық кәсіподақтарға тең құқықтық мүмкіндіктер беріледі. Кәсіподақтар құруға кедергі келтіруге, оның қызметіне қарсы іс-қимыл жасауға, сол сияқты оның істеріне заңсыз араласуға жол берілмейтіні көрсетілген. Осы ретте жиынға қатысушы кәсіподақ ұйымдары басшылары «бір ұйым ішінде бірнеше кәсіподақтың құрылуы қызметкерлер арасында іріткі туғызып,  алауыздықтың пайда болуына әсер етпей ме?» деген пікірлерін білдірді. “Өзенмұнайгаз” акционерлік қоғамына қарасты кәсiподақ комитетінің төрағасы Сәбит Төкенов осы мәселеге баса назар аударып, «бір мекемеде бір кәсіподақ құрған жөн» десе, Батыс Қазақстан облыстық филармониясының кәсіподақ ұйымы төрағасы Қанатқали Қожақов «әлі де болса жаңа заңда кәсіподақтар қызметіне қарағанда жұмыс берушілерге басымдық берілген» деген пікірін білдірді.

Десек те, жаңа заң талаптарында кәсіподақтарға еңбекті қорғау бағытында ықпалды мүмкіндіктер қарастырылған. Мысалы, кәсіподақтың уәкілетті өкілі өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру жөніндегі комиссияның құрамына кіруге тиіс. Бұл әлбетте, құрылыста, басқа да өндірістерде сондай жағдайға түскен азаматтардың құқығын қорғауда ықпалды шара болары анық.

Өкінішке орай, кейде адам өлімі орын алатын жазатайым жағдайларды жұмыс берушілер көрсетпеуге тырысады. Зардап шегушіге, оның отбасына бір реттік материалдық көмек берумен ғана шектеліп жатады. Сондай-ақ, жаңа заңда  кәсіподақтардың үш жылда кемінде бір рет еңбек жағдайлары бойынша өндірістік нысандарды мерзімдік аттестаттауға қатысуы белгіленген. Аттестациялау комиссиясының берген бағасы кәсіпорынның лицензиясының тағдырын шешетіндіктен, бұл шара – кәсіподақ пәрменінің өсе түсерінің бір айғағы.

Қорытынды сөзінде Әбілғазы Құсайынов: «Бұл заң Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобымен кәсіподақ ұйымдары тарапынан түскен 220 ұсыныс-пікірді ескере отырып, екі жылға жуық талқылау, екшеуден өткен соң ғана қабылданды. Мемлекетімізде қолданыстағы азаматтардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғайтын заңдармен сабақтас бұл заң еліміздің әлеуметтік жаңғырту бағытындағы жаңа бір қадамы болары анық. Ендігі уақытта Елбасы тапсырмасы негізінде жаңа заңмен жұмыс жасауымыз қажет. Егер жоғарыда айтқандай, заң баптарында келіспейтін тұстар болса, өз ұсыныстарыңызды жолдауларыңызға болады. Алдағы уақытта түзетулер мен толықтырулар енгізуге болады» деп атап өтті. Бұл пікірді Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Самат Оспанов, Маңғыстау облыстық кәсіподақтар кеңесінің басшысы Әбділкәрім Ахатов та қостады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button