ЖҰМЕКЕНМЕН ӨТКІЗГЕН ЖАРҚЫН КҮНДЕР
Оқушы Жұмекен
Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген мектептер материалдық жағдайларының әлсіздігіне байланысты жабылып қалуға мәжбүр болды. Сондықтан да оқушылар бастауыш сыныпты бір мектепте, орталау білімді басқа мектепте, ал орта мектепті тіпті басқа жерден бітіретін. Дәл осындай жағдайды Жұмекен де бастан кешірді. Ол өзі туып-өскен Қошалақта бастауыш мектептің екінші сыныбын бітіріп, «Жасқайрат» жеті жылдық мектебінен орталау білім алса, кәмелеттік аттестатты Нұржау селосындағы В.И.Ленин атындағы орта мектептен алды.
Мен Жұмекеннің Дыңғызыл ауылдық кеңесіне қарасты «Жасқайрат» орталау мектебінде оқыған кезі туралы айтқым келеді. Себебі, мен сол кезде мектептің бастауыш сыныбында оқитынмын. Мектеп Ворошилов атындағы колхоздың қырдағы мал жайылым орталығында орналасқан болатын. 40-50 жылдары мектепті Қ.Нұрмұханбетов, А.Әбішев, Ғ.Әпенов сияқты алдыңғы қатарлы мұғалімдер басқарды. Мектепте С.Қайырмеденова, М.Исмағұлова, апалы-сіңлілі Насеновалар, сол сияқты З.Махмудов, Ә.Өтебаев, З.Бекжанова, Ө.Сидеғалиев, С.Жәкиева және басқа да білімді мұғалімдер оқушыларға сапалы біліммен бірге саналы тәрбие де берді.
Жұмекеннің сол ауылға келгені әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде бұл ауылға келушілер негізінен кіреге ілесіп келетін. Кіре деген — қырдағы малшыларға және басқа да еңбеккерлерге арналған азық-түлік, өнеркәсіп және тұрмыстық тауарлар артылған түйе керуені болатын.
Қыр халқы айына бір-екі рет аудан орталығы – Ганюшкиннен келетін түйе керуенін тағатсыздана күтетін. Сол жылы қыркүйек айының бас кезі әдеттегі жылдардан ыстықтау болды. Бір күні түс ауа он шақты түйеге артылған жүгі бар ауылда «ұста Құмар», «шатақ Құмар» деген атпен белгілі Құмар ақсақал бастаған кіре ауылға келіп жетті. Жұмекен де осы кіремен оқуға келді. Ол әуелі Хален Бимұхамбетов деген жездесінің, кейін мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмекеннің немере ағасы Қайырмеденов Төлегеннің үйінде жатып оқыды. Ол аласа бойлы, толықша келген өте сабырлы бала еді. Көп кешікпей Жұмекеннің атағы мектептен асып, бүкіл ауылға белгілі болды. Оған себеп болған нәрсе – Жұмекеннің домбырашылығы еді. Біз бұған дейін осы мектепте Әзидолла Есқалиев деген оқушы оқып кетіпті дегенді естігенбіз. Бірақ оны көрмеген едік. Ал, мына Жұмекеннің домбыра тартысы бізге ерекше болып көрінді. Ол домбыраны солақай тартатын. Алдымен асықтай домбыраның құлақтарын бұрап, оны күйге келтіретін. Ол алдымен Құрманғазы Сағырбайұлының «Қызыл қайың» күйін тартатын. Жұмекен бұл күйді ерекше шабытпен беріліп орындайтын. Жұмекен бұл күйді орындамағанның өзінде жиылған жұрт одан «Қызыл қайыңды» тартуды сұрайтын. Жұмекеннің орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыға барып, Құрманғазы атындағы консерваторияға түсуіне мектеп қабырғасында қалыптасқан орындаушылық шеберлігінің әсері болуы әбден мүмкін.
Мектепте Жұмекеннің беделі уақыт өткен сайын өсе берді. Оған себеп, біріншіден, оның домбырашылығы болса, екіншіден, оның оқуға алғырлығы еді. Мұғалімдер оны қоғамдық жұмысқа араластыра бастады. Бір күні мұғалім апайымыз Рапиха Нәсенова біздің сыныпқа Жұмекенді ертіп келіп, оны бізге таныстырды. Апайымыз мектептің пионер ұйымындағы біздің отряд кеңесінің төрағасы бұдан былай Жұмекен болатындығын, оның мектептегі үздік оқушы екендігін, сондықтан да біздердің одан үлгі алуымыз керек екендігін жақсылап түсіндірді. Сөйтіп, біз мектепте Жұмекенмен жақсы араласып кеттік. Үзіліс кезінде мектептің сыртындағы дене шынықтыру алаңына барып, турникке тартылып ойнайтынымыз әлі есімде. Турниктің биіктігі екі метрге жуық болса, менің бойым бір метрдей ғана болатын. Осындай жағдайда маған Жұмекен жиі-жиі көмекке келетін. Турникке қолым жету үшін ол менің ту сыртымнан құшақтап көтеретін. Ол бұл қамқорлығын басқа оқушыларға да көрсетті. «Жасқайрат» орталау мектебінің оқушысы Жұмекен Нәжімеденов осылайша менің есімде қалды.
Ол осында жеті жылдық мектепті бітірген соң Нұржау селосындағы орта мектепке ауысып, сол мектептен кәмелеттік аттестат алды.
1990 жылы «Жасқайрат» орталау мектебіне ақиық ақын Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаты Ж.Нәжімеденовтің есімі берілді. Бұл – сөз жоқ, сол мектептің түлегі ретінде бізге де, қазіргі шәкірттер үшін де зор мақтаныш.
Арман қала – Алматыда
1961 жылы мен Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Сол кезде Жұмекеннің «Балауса» атты алғашқы жыр жинағы баспадан шыққан болатын. Оған қоса осы мезгілде Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақ ССР-інің Халық әртісі Жамал Омарованың орындауында радиодан жиі беріле бастады. Оның өзі Жұмекенді жақсы білетін біздер үшін үлкен мақтаныш болды. Сондықтан да, менің тезірек Жұмекенді көргім келді.
1962 жылдың күзінде ойда жоқта теміржол вокзалында мен Жұмекенмен кездесіп қалдым. Уақыт тығыз болды да ол мені қаланың шығыс бетіндегі тау баурайында орналасқан Подгорная көшесінде жалдап тұрған үйіне шақырды. Көп кешікпей мен Жұмекеннің үйіне бардым. Үйінде Нәсіп жеңгеміз, кішкентай Әйкен бар екен. Менің Нәсіп жеңгемізді бірінші көруім болатын. Ол кісі сол кезде Алматы кілем фабрикасында жұмыс істейді екен. Жұмекен екеуміздің әңгімеміз негізінен «Жасқайратта» оқыған кезіміз, ақ шағылдан батпан қуып ойнағанымыз, мектеп бітіргеннен кейінгі өміріміз туралы болды.
Салыстырып қарасақ, екеуміздің мектепті бітіргеннен кейінгі өмір жолымызда ұқсастықтар көп екен. Ол орта мектепті бітірген соң, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріпті. 1955 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына түсе алмай ауылға қайтуды намыс көріп, комсомол жолдамасымен Қарағандыға көмір өндіру шахтасына аттанып, бір жыл жұмыс істейді. Алматыға қайтып келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсіпті. Ал мен болсам, кәмелеттік аттестатты Зормата ауылдық кеңесіне қарасты Сталин атындағы орта мектептен алдым. Сол мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Жұмекеннің немере ағасы Қайырмеденов Төлегеннің көп қамқорлығын көрдім. Жұмекеннің кенже қарындасы Жаңылсын да мектепті сол ағамыздың үйінде жатып оқыды. Орта мектепті бітіргеннен кейін ҚЛКЖО Теңіз аудандық комитетінің жолдамасымен Калинин атындағы колхозда тракторшының көмекшісі болып қызмет істедім. 1960 жылы Алматыға келіп, Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Бірақ, конкурстан өте алмадым. Ауылға қайтуға намыстанып, не істерімді білмей жүргенде біреулер «Қарағандыға көмір тасуға жолдама беріледі екен» деген әңгіме таратты. Менің де жолдама алып, Қарағандыға кеткім келді. Алайда, маған ол жақтың дәмі бұйырмады. Себебі, менің Ауылшаруашылық институтында танысқан жігіттерім (олар да оқуға түсе алмағандар) 2-ші Алматы жүк түсіру стансасына жұмысқа орналасайын деп жатыр екен. Мен де соларға қосылып, теміржолда вагондардан жүк түсіруші болып жұмысқа кірдім. Жұмыс жеңіл болмағанымен, мені оның жатақханасы қызықтырды. Осылайша мен Қарағандыға бармай, Алматыда қалып, келесі жылы оқуға түсуге дайындалуға бекіндім.
Сөйтіп, мен бір жыл теміржолшы болып жұмыс жасап, 1961 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетіне оқуға түстім. Менің университетке оқуға түсуіме дайындалуыма бір кезде Нұржаудағы мектепте Жұмекенді оқытқан Кәрімов Хасан ағайдың үлкен көмегі тиді. 1961 жылы ол кісі университеттің қазақ тілі кафедрасында оқытушы болып істеп, әрі сырттай аспирантурада оқиды екен. Түсу емтиханын қазақ тілі мен әдебиетінен ауызша және жазбаша «өте жақсы» деген бағаға тапсырғаннан кейін оқуға түсу мәселесі негізінен шешіліп те қалды…
«Менің Қазақстаным»
Жұмекенмен осындай өмірбаяндық әңгімелерімізді бір-бірімізге жарыса айтып жатырмыз. Ақыр соңында, Жұмекен екеуміз бөлек бөлмеге жатып, әңгімемізді одан әрі жалғастырдық. Бір жерде әңгімеміз сөзін Жұмекен жазған «Менің Қазақстаным» әніне ауысты. Сол жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналында осы әннің ұзынша мәтіні жарияланған-ды. Онда:
«Жеті жыл жоспары
Жеті қыр асқаны
Думанды бастады
Қазақтың жастары» деген шумақ болды. Алайда, әнді радиодан жиі орындайтын Қазақ ССР-інің Халық әртісі Жамал Омарова апай бұл шумақты әнге кірістірмейтін. Мен Жұмекеннен оның себебін сұрадым. Бірақ ол ашылып ештеңе айтқан жоқ. Біраздан кейін «бұл жерде саясат бар ғой» деді. Оның қандай саясат екенін, әрине, ол кезде мен біле қойғаным жоқ. Тек кейін, яғни 60-шы жылдардың орта шенінде университеттің соңғы курсында оқып жүргенде оның мәнін түсіндім.
Шамалап айтқанда, ол былай екен: 1954-64 жылдарда партия мен үкімет басшысы Н.С.Хрущев Ресей мен Қазақстанның көптеген аумағында тың және тыңайған жерлерді игеруге бастамашы болғаны тарихтан белгілі. Тың игерудің көптеген пайдалы жағымен бірге зияны да аз болған жоқ. Жыртылған жер топырағы эррозияға ұшырап, астық түгілі қарапайым шөп шықпай талай жыл қуаңшылықтар да болды. Оның үстіне мал жайылымы әбден тартылды. Қазақстандағы әкімшілік бөлініс қайта-қайта өзгеріске ұшырап тұрды. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан өлкесі, Батыс Қазақстан өлкесі, Тың өлкесі деген өлкелер пайда болды.
Н.С.Хрущев Тың өлкесінің орталығы Ақмола қаласының атын Целиноград деп өзгертті. Тіпті сол мезгілде Тың өлкесіне кіретін Қазақстанның бес облысының болашақта Ресей Федеративтік Республикасының құрамына қосылуы да мүмкін деген сөз де тарай бастады. Оның алдында Шымкент облысының бір-екі ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Сондықтан да бұл қауесеттің арты шындыққа айналып кете ме деген ел ішінде, әсіресе, шығармашылық зиялы қауым арасында қорқыныш та туды.
Міне, осы кезде ақын Ж.Нәжімеденов пен сазгер Ш.Қалдаяқов өздерінің Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін білдіретін «Менің Қазақстаным» деген ән шығарған. Бұл әннің баспасөз бетінде жариялануына үлкен қиыншылықтардың болғаны да рас. Ол туралы О.Бодықов, Ш.Қалдаяқов «Хикаяттар» деген кітабында (А.1992) толық жазады.
Авторлар әнді жариялау үшін оны «Мәдениет және тұрмыс» журналына апарған кезде ондағылар әннің мәтінінде «Коммунистік партия және оның басшылығымен қабылданған жеті жылдық жоспар туралы еш нәрсе айтылмаған, сондықтан ән журналда жарияланбайды» деп кейін қайтарды. Амалсыз Жұмекен «Жеті жыл жоспары» деп басталатын шумақты қосуға мәжбүр болды. Осындай қиындықпен өмірге жолдама алған бұл әннің кейінгі тарихы одан әрі молая түсті.
1986 жылы 16-18 желтоқсан күндері Алматыда Республика алаңында жиналған жастар «Менің Қазақстаным» әнін қайта-қайта шырқап, Қазақ елінің рухын асқақтатты. Алаңда осы әнді шырқаған қаншама жастың қаны төгілді. Талайлар өмірлерін құрбан етті. Ал, Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейінгі жылдарда бұл ән мемлекетіміздің ресми емес әнұраны ретінде көптеген жерлерде орындалып жүрді. Еліміздің Қарулы Күштерінің сарбаздары осы әнмен шеру жасаса, Қазақстанның кейбір дипломатиялық партиялары «Менің Қазақстаным» әнін өз партияларының әнұраны етіп қабылдады. Осылайша бұл ән мәңгі жасайтын халық әніне айналды. Мұның бәрі Жұмекен мен Шәмшінің жүректерінен жарып шыққан ән құдіретінің көрінісі еді.
ХХІ ғасырда «Менің Қазақстаным» әнінің жаңа тарихы басталды. 2005 жылы ән авторлары Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегерлері атанды. Ал 2006 жылы мәтіндерін Ж.Нәжімеденов пен Елбасымыз Н.Назарбаев жазған «Менің Қазақстаным» әні тәуелсіз Қазақстан Республикасының Әнұраны болып бекітілді. Бүгінгі күні бұл әнді тәуелсіз еліміздің Әнұраны ретінде жер шарының түкпір-түкпірінен естуге болады. Ән бақыты деген осы болар, сірә…
Жұмекен есімі – шығармаларымен мәнді
Осылайша, Жұмекен екеуміз әңгімелесіп жатып мен ұйықтап кетіппін. Неге екені белгісіз, түн ортасында оянып кетіп көзімді ашсам, шам жанып тұр. Жұмекеннің айналасында толған қағаз. Ол етпетінен түсіп өлең жазып жатыр. Мен осыдан кейін ғана ақын деп аталатын халықтың қандай адамдар екенін түсіне бастадым. Олар күндіз жұмыс жасайды, түнде өлең жазады. Олардың біразының үй жайлары да тар, қолайсыз. Алайда, ақын деген еңбекқор халық бұған тіпті де мойымайды. Кеудесінен шыққан жыр жолдарын дестелеп қағазға түсіре береді, түсіре береді. Сол кезде бір ғана жыр кітапшасы бар Жұмекеннің болашақта үлкен ақын болатынына да сол түні-ақ мен кәміл сендім.
Құдайға шүкір, сол сенімім кейін толығымен ақталды. Тіпті сол жылдың аяғына қарай Жұмекеннің «Сыбызғы сыры» атты өлеңдер жинағы оқырмандардың қолына тиді. Одан кейін «Өз көзіммен» (1963), «Жарық пен жылу» (1964), «Жоқ, ұмытуға болмайды» (1965), «Күй кітабы» (1967), «Мезгіл әуендері» (1968), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1969), «Ұлым, саған айтам» (1970), «Менің туған күнім» (1972) және басқа да өлеңдер жинақтары жарық көрді. Ал «Жарық пен жылу» өлеңдер жинағы мен «Жоқ, ұмытуға болмайды» атты поэмалар жинағы үшін Ж.Нәжімеденовке Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы берілді. Бұл 1960 жылдардың басында Қазақстан поэзиясының есігін айқара ашқан Жұмекеннің ақындық талантына берілген жоғары баға болатын.
Жұмекен проза жанрында да жемісті еңбек етті. «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты романдары қалың жұртшылықтың сүйіп оқитын шығармаларына айналды. Өкінішке орай, бойындағы шығармашылық дарынын халқына толық бере алмай Жұмекен өмірден ерте кетті. Бірақ Жұмекен есімі тәуелсіз елімізде ұмытылмас ұлы тұлға болып қала береді. Оның қазақ әдебиетіндегі өмірі – мәңгілік.
Аманкелді ШАМҒОНОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің профессоры.