Жарнама
Қоғам

Жұлдыздар не дейді?

Астролог мамандардың айтуынша, 2019 жыл қай жағынан алып қарасақ та, табысты болмақ. Әсіресе, Шаян, Сарышаян және Балықтар үшін. Доңыз мейірімді және ашық жануар болғандықтан, ашу мен ызадан аулақ жүреді. Сондай-ақ, өзінің аңғал әрі сенгіш мінезінің арқасында жиі құрбан болады. Сол себепті, жеке қарым-қатынас пен ақша мәселесіне келгенде сақ болыңыз.

1464588863_iddlw2ynlhc

2019 жыл маңдайына жазылған ғашығын жолықтырғысы келіп жүргендерге бақыт әкеледі. Доңыз жылы — романтикалық қарым-қатынасқа көңіл бөліп, шаңырақ көтеру үшін таптырмас уақыт. Ал отбасын құрып үлгерген азаматтар сүйіктілерінің тарапынан үлкен қолдау сезінеді. Жаңа жыл әсіресе су белгісіндегі Шаян, Сарышаян және Балықтар үшін бақытты болмақ. Сондай-ақ, Торпақ, Арыстан және Суқұйғыш үшін де көп қуаныш алып келеді.

Тоқты

Сізге бойыңызда тасып тұрған энергия мен күшіңіз 2019 жылы адам айтса нанғысыз жетістіктерге жетуіңізге көмектеседі. Әсіресе кейінгісі алдыңызға қойылған мақсаттарыңызға бір табан жақындата түседі. Оның үстіне Тоқтылардың жыл сайын өзіне қойған талабы өсіп келе жатыр. Сондай-ақ, махаббат мәселесіне келгенде де әбден жолыңыз болады. Тіпті, екі жүрек хикаясы тойға ұласпаса да, тамаша естеліктер қалады. Жаңа жылдың алғашқы күндері ақшалай табысыңыз еселене түседі. Өйткені еккен ағашыңыздың жемісін жейтін күн жақындап қалды.

Торпақ

2019 жылы сізге айналаңыздағылармен тіл табыса білу және оларға ұнауға тырысу қасиеті өте қатты қажет болады. Себебі осы айналаңызда жүрген жандар сізді бизнес, қаржы және шығармашылық саласындағы қиындықтарыңызды шешуге көмектесетін адамдармен таныстырады. Мұнымен қатар, бүкіл әлем сізге жаңа бір нәрсені меңгеруге көмектеседі. Мұны міндетті түрде қолданбалы өнермен байланыстырудың қажеті жоқ. Доңыз жылы зеректігіңізді арттырып, түйсігіңіздің арқасында қаржылай қиындықтарды айналып өтетін боласыз. Жинаған ақшаңызды табысты бизнеске инвестиция жасауыңыз да ғажап емес.

Егіздер

Жаңа жылда білегіңізді сыбанып, жақсылап жұмыс істеуіңізге тура келеді. Үнемі әрі табанды түрде еңбектенетін боласыз. Егер жарты жолда тоқтап қалмайтын болсаңыз, Доңыз сізге бір қап алтын әкеліп береді. Бірақ қандай жағдай болмасын, майда-шүйде нәрселерге мән беруді ұмытпаңыз. Келісімшарттағы бір ғана оқылмай кеткен сөйлемге бола бар жиған-тергеніңізден айырылуыңыз мүмкін. Арасында тапқырлық танытуыңызға тура келеді. Әйел Егіздер ханзадалар мен патшалардың махаббатына бөленеді. Осы махаббат хикаяларының бірі некемен аяқталады.

Шаян

Осы күнге дейін еңбегіңіз еш кетті деп ойлап келсеңіз, Доңыз жасағандарыңыздың нағыз ақысын көрсетеді. Егер осы бетіңізбен әрі қарай да талмай еңбектенетін болсаңыз, өзіңіз армандаған биік шыңдарды бағындырасыз. Сондай-ақ, өзіңізге, өз күшіңізге сенім артсаңыз, Доңыз жылы осы сеніміңізге лайық көп себеп тауып береді. Ең бастысы, өзгерістерден қорықпаңыз. Бұл өзгерістер сізді бақытты да берекелі өмірге бастайды.

Арыстан

Табыс өзін қабылдауға дайын тұрған адамдарды ғана жақсы көреді. Сол себепті 2019 жылы бір істі қолға алуды жоспарлаған болсаңыз, оны жүзеге асыруды жыл басынан бастағаныңыз жөн. Доңыз жылы көп ойланбай, шешім қабылдайтын сәтте батылдық танытсаңыз, ертегідегідей таңғажайып болуға уәде береді. Сондай-ақ, энергия қорын толықтырып отыруды ұмытпаңыз. Себебі үлкен істің алдында бұған уақытыңыз болмауы мүмкін. Жұлдыздар ішімдіктен бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді. Әсіресе асқазан мен жүрегіңізге ерекше мән беріңіз. Бұл — сіздің әлсіз тұстарыңыз.

Бикеш

Доңыз жылы сізді күш-қуатыңызды дұрыс жұмсауға үйретеді. Егер әзірден бастап ойға алған жобаларыңызды жүзеге асыруға кіріссеңіз, жаздың ортасына қарай материалдық жағдайыңыздың жақсарып қалғанын байқайсыз. Бірақ осы жолда достарыңызды жоғалтып алып жүрмеңіз. Әсіресе, бала күнгі достарыңызбен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысыңыз. Керек жерде орнымен айтылған сөздің көмегі тиері сөзсіз. Сол себепті дәл қазір жақын адамдар сізге керек еместей болып көрінгенімен, алдағы қиын сәтте олар сізге сүйеніш болатынын ұмытпаңыз.

Таразы

2019 жылы сіз үшін «тепе-теңдік» басты сөзге айналады. Яғни Жаңа жылда тек жұмыспен айналысып кетуге немесе толықтай сезімнің жетегінде кетуге болмайтынын ескеріңіз. Жылдың алғашқы бөлігінде жұмыс пен махаббат арасында тепе-теңдік сақтауды үйренсеңіз, жыл соңына қарай нағыз бақыттың не екенін сезінетін боласыз. Жақындарыңыздың айтқанына сеніп, жетегінде кетпеуге тырысыңыз. Қалай болғанда да, Доңыз сізге көп көмегін тигізеді.

Сарышаян

2019 жылы «Мақсатымды көріп тұрмын, ешқандай кедергі жоқ және бастысы өзіме сенемін» деген өмірлік ұстанымыңыз өз күшін жоғалтады. Әрине, Доңыздың өзіне сенімді және өзіндік мені бар адамды жақсы көретіні сөзсіз. Алайда ол менменшіл және тәкаппар адамдарды көп жақтыра бермейді. Сондай-ақ, ол адамдардың бойында қырағылық сынды қасиеттің болғанын қалайды. Сол себепті 2019 жылы бірнәрсені ойланбай істеуден аулақ болыңыз. Сарышаяндарға алғаш рет салқынқандылықпен бірге жүректің көмегі қажет болады. Егер түйсігіңізді жақсылап жаттықтыратын болсаңыз, алдағы уақытта оның көп көмегі тиеді.

Мерген

Доңыз жылында көбірек ақша тауып, оларды ретімен жұмсауды үйренесіз. Ақша мәселесіне қатысты қандай да бір дұрыс емес таңдау жасаған кезде тағдыр сізді белгі беріп сақтандырады. 2019 жылы көп нәрсе жасап үлгеруге тырысатыныңыз сөзсіз. Мұнда жоспар құрмасқа болмайды. Сондай-ақ, жоспарды өміріңіздің барлық маңызды саласында құрғаныңыз жөн. Осының арқасында назарыңызды бір іске ғана емес, керектінің барлығына бағыттайсыз. Бұдан өзге белгілі бір салада біліміңіздің жетіспейтініне көз жеткізіп, тағы бір оқуға түсесіз. Бұл өте дұрыс шешім.

Тауешкі

Сіз барлығын басқарып үйреніп қалғансыз. Бірнәрсені уысыңызда ұстамасаңыз, өзіңізді жайсыз сезінесіз. Ең бастысы, 2019 жылы осы қасиетіңізді көрсететін жер табылады. Кейде басыңызға бақ қонып, ісіңіз біреудің арқасында жақсы жүріп жатқандай көрінеді. Қалай болғанда да, барлығының сәтті өтіп жатқаны үшін алғыс айтуды ұмытпаңыз. Қолыңызға көп ақша түссе, бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсаңыз. Мәселе тек ақшада емес, адамдарға жылулық сыйлай білуде.

Суқұйғыш

Қаржылай қиындықтарыңызды асқан батылдықпен шешіп, сүйіктіңізге жақсылап көңіл бөлетін кез келген сияқты. Сондай-ақ, сізді алда жаңа жобалар күтіп тұр. Ең бастысы — сіз ойланамын дегенше, бұл мүмкіндіктердің уысыңыздан шығып кетпеуі. Жоспардан ауытқып кетіп жатсаңыз да, алғашқы қадам жасау — үлкен жетістік екенін жадыңыздан шығармаңыз.

Балықтар

Егер жаңа жылда жалқаулығыңыз бен қорқынышыңызды жеңе білсеңіз, тау мен тасты қопаратыңыз сөзсіз. Табыстылық сіздің екінші есіміңізге айналады. Ең бастысы, майда-шүйдеге мән бермей, алдын ала құрастырылған жоспарға сай жұмыс істеңіз. Бәрінен қиын сәтте жақындарыңыздың жүрегін жылыту сіздің қолыңыздан келеді. Сол себепті, туған-туыстарға да зер салып қойғаныңыз жөн. Дәл қазір олар сіздің қолдауыңызға зәру болып жүр. Бұлай жасауға сізге тұйықтығыңыз кедергі келтіруі мүмкін. Десе де, жақындарыңызға сүйеу болу арқылы бақытқа кенелетініңізді ұмытпаңыз.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button