Жарнама
Қоғам

ЗАҒИПТАР ДА ЗАМАНҒА БЕЙІМДЕЛЕ АЛАДЫ

 

Өткенге зер салсақ…

Ең алдымен, Бүкіләлемдік зағиптар күнінің тарихына тоқталсақ, бұл дата 1745 жылдың 13 қарашасы Валентин Гаюидің дүниеге келгеніне байланысты аталып өтеді. Ол — Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог. Он сегізінші ғасырға дейін әлем зағиптарға арналған мекемелерді білмеді. В.Гаюи алғаш рет өзі ойлап тапқан шрифт бойынша көз жанарынан айырылғандарды оқытудың әдісін ұсынды. 1784 жылы Парижде үкімет пен қайырымдылық қоғамдардың еш қолдауынсыз жеке қаражатына өзінің үйінде зағип балаларға арналған дүние жүзіндегі алғашқы мектепті ашты. В.Гаюидің тұңғыш оқушысы жетім бала Франсуа де Лезюер болды.

Одан кейін мектепке онымен тағдырлас тағы 11 бала қабылданды. Валентин Гаюи соқыр балаларды оқыту мен тәрбиелеуді ғылыми жолға қойды. Бедерлі-ұзындықты «унциал» шрифтін ойлап тапты. Олар қатты қағазға бедерленіп түсірілген, бір пішінді ірі әріптер еді. Шрифт жылжымалы болды және ол балаларға қажетті сөздердің мәтінін жасап шығаруға мүмкіндік берді.

Зағиптарға арналған кітапты шығару идеясы да Валентин Гаюиға тиесілі. 1803 жылы Ресей императоры І Александрдан Санкт-Петербургте зағиптарға арналған оқыту-тәрбиелеу мекемесін ашу ұсынысын алады. 1807 жылы І Александр зағиптарға арналған Санкт-Петербург институтының жарғысын, штаты мен бюджетін бекітті. Сөйтіп,  зағиптарға көбірек көңіл бөліне бастады. 

«Кедергісіз келешек» жасаймыз

Мұндай ізгілікті істен Қазақстан да шет қалмады. Елбасының сарабдал саясаты негізінде мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша назар аударылып, олар үшін Қазақстанды кедергісіз аймаққа айналдыру міндеті алға қойылды. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын жүзеге асыруда өңірде атқарылып жатқан іс те аз емес. Бұл жұмыстың орындалысын қадағалау «Нұр Отан» партиясына жүктелді. Партияның Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміровтің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы қоғам қалыптастыруда «Кедергісіз келешек» жобасы жұмыспен қамту, инклюзивті білім беру және қолжетімді орта қалыптастыру сияқты үш бағытта жұмыс жасайды. Бүгін облыста еңбекке жарамды 1403 мүгедек болса, оның 550-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Қазір қалғандарын жұмыспен қамту жоспарланған.

Сондай-ақ, инклюзивті білім беру бағыты бойынша облыстағы 37 мектептің жұмысына мониторинг жүргізу қолға алынды. Арнайы комиссия құрылып, олардың құрылымдары, білім беру деңгейі анықталу үстінде. Оның қорытындысы 28 қарашада жарияланатын болады. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бекітілген нысандарға тексеру жүргізу үшін жұмыс тобы құрылды. Олар қараша айынан бастап облыс көлеміндегі нысандарды аралайды.

«Партия филиалында өткен қоғамдық қабылдауға келген әр мүгедектің мәселесін де шешуге жұмыстанудамыз. Жалпы, жыл аяғына дейін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мүгедектер үш пайыз квотамен жұмыспен қамтылуы керек»,- дейді Е. Бектеміров. 

Саусақ ұшындағы әлем

Осы айтылғандарды өзіміз көріп, зағиптардың тыныс-тіршілігімен жете танысу мақсатында Қазақ соқырлар қоғамының Атырау облыстық басқармасына ат басын бұрдық. Мекеме басшысы Нұрғали Алтынбековтің айтуынша, бүгін облыста 15 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат болса, оның 600-ден астамы — І және ІІ топтағы зағиптар. Соның ішінде 181-і Атырау қаласында тұрады.

Оларды қамқорлап, жұмыспен қамтып, заманға бейімдеу мақсатында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қоғамда олар қажетті магнитафон, компьютер, оқу машиналары, диктафон сияқты арнаулы құралдармен қамтылған. Айта кетерлігі, осы тифлақұралдармен қамтуда мүгедектер бұрын көп кедергіге кездесетін. Яғни, әр жылы  жеке оңалту бағдарламасынан өтіп, мүгедектігін растайтын анықтаманы алғанша біраз уақыт жоғалтатын. Ал, қазір мүгедектікті анықтайтын құжатпен ғана өзіне қажетті құралға қол жеткізе алады.

Десек те, зағиптар үшін әлі де шешімін таппаған мәселелер баршылық. Мәселен, оларды әлі күнге дейін жеке көмекшіге төленетін ақының мәселесі алаңдатуда. «Жергілікті бюджеттен зағиптардың жеке көмекшісіне барлығы 31 миллион теңге бөлінгенімен, айына төленетін ақы мүлдем аз. Күні бойы зағипты бағып, қарайлап отырған көмекшіге 24 мың теңге жалақы аздық етеді»,- деген Н.Әмірғалиұлы зағиптардың бұдан басқа қажеттіліктерін де атап айтты.

Бұған дейін Атырау қаласында екі-ақ дыбыстық бағдаршам жұмыс жасайтын. Соқырлар қоғамының аймақтағы басқармасының тікелей араласуымен биыл олардың саны арттырылды. Бүгін Атырау қаласы көшелерінде барлығы 14 дыбыстық бағдаршам орнатылды. Осы тұста айта кетерлігі, зағиптар Қазақ соқырлар қоғамының ғимаратына жету үшін Александр Владимировский атындағы көшеден өтеді. Бұл жерге дыбыстық бағдаршам болғанымен, біраз уақыттан бері істемей тұр. Сондай-ақ, зағиптар қоғамдық көлікте тегін жүруі керек. Ал, кейбір маршруттардың оларды мінгізбей, тоқтамай кететіні де жасырын емес.

Тағы бір айта кетерлігі, аймақта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған такси бар. Алайда, оның қызметі тек арбаға таңылған мүгедектерге ғана арналғандықтан зағиптар оны пайдалана алмайды.

«Қарағанды қаласында зағиптарға арналған – 12, Шымкентте – 9, Оралда  5 көлік қызмет етеді. Ал, біздің аймақта бұл жұмыс ақсап тұр. Егер зағиптарға арналған кем дегенде бес такси жұмыс жасаса, біз 15 зағипты жұмыспен қамтыған болар едік» деген Н.Әмірғалиұлы жергілікті биліктің осы мәселеге назар аударуын алға тартты.

Аталмыш мекемеде зағиптарды заманға бейімдеу үшін Брайль жүйесінде оқыту және компьютерге үйрету, шахмат, тоғызқұмалақ сыныптары жұмыс жасайды. Шынында да олар уайым-қайғыға салынбауға тырысады, күлкі мен қуанышты аса бағалай біледі. «Біз көбіне дені сау адамдарды жанымызға ұстаймыз, олардың көмегінсіз шаруамызды бітіре алмай жатамыз. Сол себепті, зағиптар көп баратын мекемелерде есіктерді бағдарлайтын дыбыстық белгілер орнатылса» дейді біз тілдескен Руслан Шанбозов.

Зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнында 36 зағип жұмыс жасайды. Мұнда көрпелер, жастықтар, төсек жаймалары, халаттар, жөргектер мен арнаулы маман киімдері тігіледі. Сондай-ақ, картонды қораптар, конверттер, қағаз салатын папкалар дайындалады. Жиһаз жасайтын цех та жұмыс жасауда. Өнімдер жергілікті ауруханаларға, перзентхана үйіне, балабақшаларға, вахталық поселкелерге және әскери мекемелерге жіберіледі. Олардың қызметін жеке тұлғалар да пайдаланады. Айта кетерлігі, тапсырыстың тұрақты болмауы салдарынан зағиптар кейбір күнді жұмыссыз өткізеді. Ал, олардың еңбек етуге құлшыныстары жанып тұрғаны байқалады.

Жалпы зағип жандарды әлі де болса өмірге икемдеп, қамқорлау қажет. Елбасының тапсырмасы негізінде барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті мекемелер олармен жұмысын әлі де күшейткен жөн. Зағиптарды жұмыспен қамту және оларды әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға міндетті қатысуын қамтамасыз еткен абзал.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button