ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ
Ортақ мүдде жолында
Тұтас жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясына арналуы тектен-тек емес. Шын мәнісінде, мұның астарында терең саясат жатыр. Расымен де, бірлік бар жерде ғана тірлік болатыны тарихи тұрғыда дәлелденген дүние. Қырғиқабақ соғысты, бірінші және екінші дүниежүзілік соғысты мысалға алсақ та, оның қай елді де ұшпаққа шығармағанын көреміз. Ақиқаты сол, соғыс кез-келген елдің экономикасын жиырма, тіпті отыз жылға кейінге кетіріп тынады. Бұл – мемлекетті қалыптастыру, дамыту жолында төгілген тер мен есіл еңбек еш кетеді деген сөз. Сондықтан да, биылғы жылдың Ассамблеяға арналуының астарында үлкен мән бар. Бұл – той тойлайтын емес, Елбасы айтқандай, ой ойлайтын жыл. Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде, елімізді қуатты мемлекетке айналдыруда тағы нендей істер атқарылуы тиіс? Міне, ендігі жерде біз осы жағынан ойлануға тиіспіз.
Ассамблея жиырма жыл ішінде елмен бірге дамыды, ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігін нығайтты. Қандай жағдайларда да Ассамблея өз үнін қосудан, өзіндік ой-пікірін білдіруден тартынған жоқ. Тіпті, еліміздің заң шығару жүйесіне де араласты. Парламентте қазір Ассамблея тарапынан сайланған депутаттарымыз отыр. Біз жиырма жыл ішінде жүзі басқа ұлттарды ортақ мүддеге топтасқан біртұтас халық етіп қалыптастырдық. Бұл – үлкен жеңіс.
Ассамблея қашан да халықтан ажыраған емес. Сол бір тамаша дәстүр биыл да жалғасын тауып отыр. Естеріңізде болса, осыдан бір айға жуық уақыт бұрын, «Ассамблея – 20 игі іс» атты эстафета бастау алған еді. Ондағы мақсат – адамгершілік, ізгілік қасиеттерді насихаттау, адамдарды жақсылықты көре білуге шақыру болып табылады. Бұған дейін үш жыл бойына жүргізілген «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» жобасы аясында облыс көлемінде жүзден астам қайырымдылық шаралары өткізіліп, оған он екі мыңнан астам адам қатысқан болатын. Мыңдаған мұқтаж жанға төрт миллион теңге көлемінде көмек көрсетілген еді. «Ассамблея – 20 игі іс» эстафетасын осы жобаның заңды жалғасы деуге де болады.
«Мың бала» – елдік жоба
Бұдан бөлек, бірнеше әлеуметтік жоба қолға алынғалы отыр. Қайырымдылық, ізгілік, ағартушылық, өнертапқыштық бағыттағы жобалар негізінен халықты қолдауға арналған. Солардың бірі – «Мың бала» жобасы. Республикалық мәдени-ағартушылық жоба түрлі этникалық топтардың, яғни, мектеп жасына дейінгі өзге ұлтты балалардың және мектеп оқушыларының қазақ тілі мен мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруін, қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын бойына сіңіруді көздейді. Жобаның ерекшелігі сол, барлық қатысушыларға тең жағдай жасалады. Олар мемлекеттік тілде фильмдер, мультфильмдер көреді, шығармашылық жобалар қорғайды, театрландырылған қойылымдар көрсетеді, конкурстар мен сайыстарға қатысады. Үстіміздегі жылдың 6 ақпанынан 1 желтоқсанға дейін жыл бойына жалғасатын жобаның басты мақсаты түрлі этностық топтардың балаларына мемлекеттік тілді үйрету болып табылады. Қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайту факторы ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, мемлекеттік тіл мен қазақ халқы мәдениетінің біріктіруші ролінің негізінде өскелең ұрпақты әлеуметтендіру, мемлекеттік тілді оқытудың сапасын арттыру, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар арқылы балалардың бойында толеранттылық қарым-қатынас әдебін қалыптастыруды көздейтін шара туралы толығырақ Қазақстан халқы Ассамблеясының www.assembly.kz ресми сайтынан білуге болады.
Жобаның нәтижесінде «Мың бала – татулық тірегі» атты деректі фильм шығарылады. Мектептің 1000 оқушысы қазақ тілінде еркін сөйлейтіндердің және мемлекеттік тілді үйретуді насихаттайтын еріктілердің қатарында болады. «Қазақстан – менің елім!» жобасына қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының жинағы да жарияланады деп күтілуде.
Біз мүмкіндігі шектеулі балалар арасында да түрлі конкурс ұйымдастырғалы отырмыз. Ардагерлер, аз қамтылған отбасылар да түрлі акция аясында Ассамблеяның қамқорлығына бөленетін болады.
Бірлігі жарасқан ел ғана озады. «Мәңгілік ел» идеясына топтасқан халқымыздың көздеген мұраты да осы.
Еркін ҚАДЫРҒАЛИЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау филиалы хатшылығы төрағасының орынбасары.