Жарнама
Қоғам

ҚЫЗЫЛҚОҒАДА ТУҒАН АДМИРАЛ

Қара теңіздің флот адмиралы Л.А.Владимирский 1903 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Сол кездегі екі сыныптық орыс-қазақ училищесінің оқытушысы болған әкесі Анатолий Владимирский жастайынан ұлын білімге құштар етіп тәрбиелейді. Болашақ адмирал балалық шағымен ерте қоштасады. Мұрты енді-енді тебіндеп келе жатқан балаң жігіт Азамат соғысы жылдарында Қызыл Армия қатарына алынады. Жауынгерлік борышын абыроймен өтей жүріп, ол өз өмірін әскери қызметке біржола арнауды мақсат етеді.
Осылайша, жас жігіт әскер қатарынан оралған соң Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент қаласы) әскери факультетіне оқуға түседі. Университетті бітірген соң комсомол ұйымының жолдамасымен флоттың командалық құрамын даярлайтын әскери училищеге оқуға жіберіледі. Бұдан кейін М.В.Фрунзе атындағы жоғарғы әскери-теңіз флоты командалық құрамының арнайы курсынан өтеді. Кейін «Шторм» күзет кораблінің командирі болып тағайындалып, әскери қызметке белсене араласады.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін әскери-теңіз флотында тәжірибе жинақтаған Лев Владимирский соғыс басталған сәтте Қара теңіз флотын басқарып, Севастополь, Одесса қалаларын азат етуге кеңес теңізшілерін жұмылдыруда ерекше батылдық танытты. Тарихи деректер сұм соғыстың ауыр жылдарында, әсіресе, Қырымды жаудан азат етуде біздің бас кейіпкеріміздің ролінің айрықша болғандығын көрсетеді. Яғни, ол күллі Қара теңіз флоты Кеңес Қарулы Күштерінің шежіресіне өз үлесін қосты. Ұрыс қимылдары мен операцияларына сауатты әрі шебер басшылық ете білді.
Оның білімділігі мен табандылығы талай қиын жағдайларда оң шешім табуға жол ашты. Төрт жылға жуық соғыс жеңіспен аяқталған соң ол өзіне тән ізденімпаздық пен талапшылдықты одан әрі дамыта түсті. Соғыс кезеңінде қол үзген ғылыми-зерттеу жұмысын қайта жалғастырып, әскери-теңіз флотында 49 жыл бойына табан аудармастан қызмет етті.
Соғыстан кейінгі жылдарда Министрлікте жауапты қызмет атқарды, Қара теңіз флоты Кеңес Қарулы Күштері негізгі тексерушісінің орынбасары, оқу мекемелерінің басшысы, әскери-теңіз академиясының орынбасары, Кеме жасау және ғылыми-техникалық комитетінде бас командир міндеттерін абыроймен атқарып, шеберлігімен көзге түсті.
Лев Анатольевичтің бұл кезде көбірек шұғылданған бір ісі — дирижабльдер мәселесі болды. Оларды құрылысшыларға, геологтарға, теңізшілерге көмекші көлік ретінде қолдану мүмкіндіктерін ойластырды. Осындай зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ғылыми еңбек те жазды. Ол дирижабльдер болашақта көліктің бір түрі ретінде халық шаруашылығына өте қажет болады деп есептеді.
Жоғары әскери академияға оқуға түсіп, оны бітірген соң Лев Анатольевич Қарулы Күштер Бас инспекциясында қызмет етуге қалдырылды. Оның жетекшілігімен бес мәрте экспедиция ұйымдастырылды. Ғылыми-зерттеу кораблімен дүниежүзілік сапар шегу идеясы жүзеге асты. Соңғы сапары 1968-1969 жылдары болды. Мұхит бетін тоғыз ай бойына жүзіп өтті. Экспедиция кезінде жинақталған ғылыми-зерттеу материалдары негізінде 1970 жылы Лев Анатольевич диссертация қорғап, соғыс-теңіз ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды. Ол ізденісін осымен доғарған жоқ, жасы ұлғайғанына қарамастан, одан әрі жүргізе берді.
Осылайша, докторлық диссертациясын қорғау мерзімі 1973 жылдың қазанына белгіленді. Алайда, ол өзінің көп жылғы ғылыми жұмысының нәтижесін көре алмай, 1973 жылдың 7 қыркүйегінде Мәскеу қаласында өмірден озды.
Ол туған еліне адал қызмет етті. Жауынгерлік және бейбіт кезеңдегі еңбегі үшін екі мәрте Ленин орденімен, үш мәрте жауынгерлік Қызыл Ту орденімен, ІІ дәрежелі Суворов, ІІ дәрежелі Ушаков ордендерімен және көптеген өзге де медальдармен наградталды. Бүгінде Атыраудан шыққан адмиралдың өмір-деректері мен киім-кешектері, құжаттары, жеке және жұмыс сәттерінде түскен фотосуреттері, 1971 жылы шыққан «Морской сборник» кітапшасындағы естеліктері облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.
Қанды соғыс жылдары Жеңісті жақындатуға үлес қосқан адмирал Л.А.Владимирскийдің ерлігі мен оның ерен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені, жастар үшін аға ұрпақтың ерлікке толы ғұмыры – қашан да үлгі-өнеге.

Жанат НҰҒЫМАШҚЫЗЫ,
облыстық тарихи-
өлкетану мұражайының
аға ғылыми қызметкері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button