Әйіп Қажы
1994 жылғы 7 қаңтарда шыққан «Дендер» газетінің екінші бетінің үш бағанасын алып «Барымызды бағалайық, асылымызды ардақтайық» айдарымен Әміржан-Ізім Құспановтың «Әйіп қажы кім?» деген танымдық мақаласын жарияладық. Оның баяндалуы төмендегіше.
– Өткен ғасырда осы топырақта өсіп-өнген, біз естіп біліп, өзіміз мақтан тұтып жүрген ұстаздарымыздың ұстазы болған Бекенұлы Әйіп туралы естіген-білгенімді мағұлым етпекпін.
Әйіп 1931 жылы қазіргі Қашқын деген жерде 93 жасында дүниеден озады. Сонда 1838 жылдар шамасында дүниеге келген болуы керек. Ауқатты бір жанұяның жалғыз баласы жасынан өнер-білімге өте құштар болып, он төрт жасынан оқуға ұмтылады. Қазан сияқты үлкен қалада білім алып, бар өмірін дін жолына бағыштаған Әйіп қажылыққа үш рет барған. Өзінің сауаттылығы арқасында өзімен бірнеше кісіні ертіп апарып, сол жердегі дін басыларынан мақтау алған. «Сыйлық ретінде алған қызыл мақпал шапаны болғанын көзімізбен көрдік» дейді бабаның келіндерінің бірі Камила шешеміз.
Әйіп қажылыққа барып келгенде 49 жасында болған көрінеді. Сол уақытқа дейін ол кісінің некелесіп алған екі әйелі болған. Бірақ, екі әйелінен де бала болмаған. Сол жылдары Әйіп Тума Себектің Сәбила дейтін кісіге үйленген. Сәбила шешеміз 12 перзент дүниеге әкеліп, 1954 жылы Мәжит баласының шаңырағында қайтыс болған.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ елінде мұсылман дінінің дәуірлеген уақыты болса керек. Осы уақытта көптеген адам қажылыққа барып, жер-жерде мешіт сала бастаған. Әйіпке Меккеге барған сапарлары кезінде сол жердің дін басылары қажы болған адамдардың елінде мешіт салып, мұсылмандарды сауаттылыққа, имандылыққа тәрбиелеуді тапсырған. Соңғы қажылыққа барып келген соң Әйіп те өзі тұрған жерінде мешіт салу ісін қолға ала бастаған. Бірнеше жылдар бойы орыс шеберлеріне тақтай тасытып, 1912 жылдар шамасында кезінде ел үшін үлкен уақиға болған мешітті салып бітірген.
Көкмешіт үлкен архитекторлық жобамен салынған. Иін қандырып басқан құйма кірпішпен қабырғасын қалап, сыртынан және ішінен тақтаймен қапталған. Тақтайы түгелдей көк сырмен сырланып, ләктелген. Көкмешіт деп аталуы содан. Көкмешіт үлкен архитектуралық жобамен салынған дедік. Оның бірнеше күмбезді мұнарасы болған. Мұнараға іштен басқышпен шығады екен. Мешіттің бірнеше залдары мен бөлмелері болған. Намаз оқитын үлкен залында 400 кісі сиятын еді дегенді естігем.
Осындай үлкен ғимаратты Әйіп қажы тек өзінің қаржысына салдырған. Елдің мешіттің көрімдігі деп берген малы мен пұлын алмаған және алдыртпаған. Әйіп арапша сауаттылығының үстіне орысша да білген. Орысша газет-журнал алдырып оқып, алдағы уақытта не болатынын болжап отырған. Кеңес үкіметінің орнайтынын, халыққа тегін оқу болатынын, алғашқы уақытта мал өнімдеріне салық салынбайтынын айтып отырады екен.
Әйіп сол кездерде елге сыйлы болған Батырбектің Бегалысымен, Шолтыр бидің баласы правитель Мақашпен қатар өмір сүрген. Әйіп қажы жөніндегі әңгімелер де осы кісілердің атымен қосылып айтылатыны содан. Әйіптің елге сыйлылығы оның тек сауаттылығы ғана емес, үлкен адамгершілігі мен ақылдылығында еді. Әйіп правитель Мақашпен дастархандас, табақтас болса, есігінде жүрген жалшы қойшысы Ермұқанмен де сондай бірге дәмдес болып ас ішкен. Ешкімнің еңбегін жемеген, айналасындағы адамдарға болмасын деп ойламаған. Ол кісінің бір айтқан сөзі мүлтіксіз орындалатын, топырағы ауыр адам болған. Бөкей хандығы мен Маңғыстау түбегіне танымал, алдына қара сөзден жан салмаған бір ауылдың болысы менің қарт әкем Бәйбек бидің өзі де Әйіптің алдында өзін балаша сезінген.
Көкмешітте ілкі әзірде діни оқу оқытатын жалдамалы мұғалімдер оқытса керек. Әйіптің Хамит деген ұлы Ұлы Отан соғысына кеткенше бала оқытқан.
1941 жылдан бастап көк мешіттің тақтайларын бұзып Кулагино селосына арбамен тасыған. Күні кешеге дейін Жамбыл мектебі аталып келген екі қатарлы қызыл мектептің ішіндегі тақтайы Көкмешіттің тақтайы екенін сонда оқып білім алған, асыр салып ойнаған сан жүздеген оқушылар білді ме екен?
Мен Әйіп қажы жөніндегі, оның салдырған көк мешітті туралы білетінімнің негізгілері дегенді жазып отырмын. Әрине, мен тек өзім естігендерімді ғана жаздым. Менің айтқандарымның қатесі болса оқырман қауым өзі түзетер. «Әйіп қажы кім?» деген сауалға жауап берсек, «Әйіп сол кездегі сауатсыздықтан шөлдеген халыққа шынар бұлақ еді, сауатсыздықтан соқыр болған еліне жарқырай жанған шырақ еді» дегім келеді.
Әйіп Бекенұлын тек қажы ретінде қарау біржақтылық болады. Ол өз қаржысы есебінен құмдағы ауыл азаматтарын орыс жеріндегі оқу орындарына жіберіп, білімдерін жетілдіріп, мұғалімдік қызмет атқаруға мүмкіндік жасаған. Әйіптен білім алған, өнеге үйренгендер қатарында көптеген құжаттарда жазылып жүргеніндей Абақанов Қабижан, Бисалиев Үмбет (екеуі де «Ленин» орденді), Жұмахметов Сайхан («Құрмет белгісі» орденін алған), Мусалимов Есет, Қабдыхалықов Қалеш, Байбеков Ғабдолла, Сиранов Мұқанғазы («Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері) үлкен құрметпен аталады.
Әйіп қажы 1913-1914 оқу жылынан бастап мешітті төрт кластық мектепке айналдырады. Кейін ол орталау мектеп болды. Мешіт жанындағы медресе үйі жатақхана ретінде пайдаланылады. Әйіп қажы жатақхананы өзінің қаржысымен ұстаған.
Көкмешіт Өрлік селолық округінің аумағында. Соған орай 2013 жылы осындағы Қабижан Абақанов атындағы орта мектепте Көкмешіт мектебінің 100 жылдығына арналған үлкен жиын өтті. Мектеп директоры Мағиса Ибрашева «Сайын даланың санатты ұлы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Баяндамашы да, басқа сөйлеушілер де Әйіп Бекенұлының қыр қазақтарын оқытуды алғаш қолға алушы болғанын, ағартушылық қызметін ризашылықпен атап көрсетті.
Біз бір нәрсені екіншімен салыстырып үйренгенбіз ғой. Әйіп Бекенұлын Индер өңірінің Ыбырай Алтынсарині десе әбден болады. Өйткені, аудан көлемінде осы заманғы оқу мектептері өткен ғасырдың 1920 жылынан кейін ашылған. Осы еңбек қажының туғанына 180 жыл толып отырған биылғы жылы ескерілсе ғанибет болар еді.
Ерсайын КӨШЕК,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Индер ауданының
Құрметті азаматы.