Ынтымақты елге бақ қонар

birligimiz jarasqan... Қоғам

Тәуелсіздікті орнықтырып, іргесін бекітудің ең қиын жылдарында Мемлекет басшысының саяси көрегендігі мен қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық сыйластық пен қоғамдық келісім тұрақты түрде сақталды. Міне, осындай ұлттың дархандық мінезі, тұлғаның салиқалы саясаты бар Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды.

birligimiz jarasqan...

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының басты бағыты бірлік идеясы, ұлтаралық келісім және тұрақтылық, қоғамдық-саяси жағдайдың нығаюына  негізделген. «Қазақстан–2050» стратегиясының ұзақ мерзімдік басымдығын іске асыру аясында саяси жүйені әрі қарай жаңғырту, этностық және діни алауыздықтың алдын алу, республиканың барлық азаматы үшін мүмкіндіктердің теңдігіне негізделген, Қазақстан халқының бірлігін нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады. Өңірдегі ұлттар мен ұлыстар өкілдері 19 этномәдени бірлестікке топтастырылған. Олар қоғамның белсенді мүшесі ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет пен өнердің, ұлттық салт-дәстүрдің өркен жаюына үлестерін қосып келеді.

Этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған көпшілік шаралар маңыздылығымен ерекшеленді. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қазақ және кәріс тілдерін үйренудің тиімді тәсілдері туралы конференция, Әзербайжан этномәдени орталығында «Рухани жаңғыру және ұлттық бірегейлік» атты «дөңгелек үстел», Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Парламент Мәжілісінің депутаты, «Рада украинцев Казахстана» республикалық одағының төрағасы Ю.Тимощенконың, Қазақстандағы Украина Елшілігінің бірінші хатшысы Л.Ясинскийдің, Астанадағы «Оберег» украин қоғамының төрайымы Т.Ширмердің және «Довира» украин этномәдени бірлестігінің қатысуымен «В единой мы живем семье» атты ХV облыстық шығармашылық фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

«Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы аясында өткен «Екі жұлдыз» фестивалі ем алуды қажет ететін ауыр науқасқа шалдыққан балаларға және тұрмыстың тауқыметіне душар болған азаматтарға көмек ретінде қаражат жинауға арналды. Шараға қатысқан көрермендер алдында мүмкіндігі шектеулі балалар және этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін паш етіп, аталған жоба қорытындысымен 1,3 млн. теңге қаражат жиналды. Тағдыр тауқыметін тартқан балаларға көмек көрсетілді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Атырау облыстық филиалы Ресейдің Астрахан облысындағы «Жолдастық» қазақ тілі мен мәдениеті қоғамымен бірлесіп «Астрахан қазақтарының дәстүрлі ұлттық мәдениет күніне» арналған мерекелік шара ұйымдастырды. Шарада Еділ бойы қазақтарының туған жерге жасаған еңбектері еленіп, мадақталды. Егде жастағы қарияларға және оқуда, қоғамдық жұмыс, әлеуметтік салада көзге түскен жастарға құрмет көрсетілді. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен өткен «Дос жүрегін шекара бөле алмайды!» атты дәстүрлі VI Халықаралық фестивалі жұмысына Ресей, Әзербайжан, Грузияның қоғамдық бірлестіктері, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық топтары қатысып өнер көрсетті.

Өңірдегі этномәдени бірлестіктер мүшелері өз өнерлерімен талай жұртты таңдандырып та жүр. Әсіресе, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің би ансамблі Астана қаласында өткен «Таңғы шұғыла» халық-аралық фестивалінің үш мәрте бас жүлдесіне ие болса, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің би тобы «Танысу Алматы-2018» халықаралық байқауынан, «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің мүшесі Лиана Плузян Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біз – Қазақстан халқы» өнер сайысынан жүлделі оралды. Қазақстан мен Украина арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Довира» украин этномәдени бірлестігінің төрайымы О.Павленко Украинаның «За заслуги» орденімен марапатталды.

Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету мақсатында этномәдени бірлестіктердің «Рождество», «Масленица», «Терендез», «Жаворонки», «Пурим» сынды ұлттық және  діни мерекелік шаралары да  көпшіліктің белсенді қатысуымен әсерлі ұйымдастырылып жүр. Былтыр облыста қайырымдылық мақсаттағы акциялармен 76,5 мың адам қамтылып, оларға 487 млн. теңгенің көмегі көрсетілді.

Қазақ – қашаннан да бауырмал халық. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «жат жұрттардың» бәрін бауырына басып, төрінен орын берді, қандай қиын кезеңдерде де бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған Қазақ жері көпұлтты мемлекетке айналды. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.

Гүлмира ШӘКІРОВА,

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары–хатшылық меңгерушісі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз