Вокзал маңында бес қабатты үй өртенді
Атырау қаласында өрт кезінде сегіз адам құтқарылды. Оның төртеуі – бала.
Биылғы 27 сәуірде сағат 08.10-да Call орталыққа Атырау қаласының Привокзальный-5 шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінде түтін шығып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Шақырту орнына келген бойда бесінші қабаттағы пәтер отқа оранып жатқаны анықталды. Өрт сөндірушілер жедел іске кірісті.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін 20 адам, оның ішінде жеті бала өз күштерімен далаға шыққан. Сондай-ақ, көрші пәтерлерде адамдар бар екендігі анықталды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдарымен автосатының көмегімен бесінші қабатта орналасқан көрші пәтерлерден сегіз адам, оның ішінде төрт бала құтқарылды.
Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің нәтижесінде тілсіз жаудың басқа пәтерлерге таралуына жол берілмеді. Өрттің себебі болжам бойынша электр сымдарының қысқаша тұйықталуы болып отыр. Салдарынан ауданы 15 шаршы метр болатын жатын бөлме толықтай өртеніп кетті. Барлығы – облыстық ТЖД жеке құрамынан 25 адам және 4 техника, полиция департаментінің 7 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды. Өрт сағат 08:59-да сөндірілді.
«Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы»