Жарнама
Қоғам

«Ұлттық құндылық – тәрбиенің түп қазығы»

Абай атындағы оқушылар орталығында өткен облыстық Аналар форумы осылай деп аталды. Форум Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Салауатты сана» жобасы аясында қолға алынды. Іс-шараға Аналар кеңесінің мүшелері, әскери бөлім қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтар мен тәрбиенің маңыздылығын ұлықтау, сондай-ақ отбасы институтын нығайту және отбасылық құндылықтарды насихаттау. ҚХА Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатайдың айтуынша, «Салауатты сана» жобасы қоғамдағы нашақорлық, құмаройын, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік проблемалармен күресуді көздейді. Жоба аясында салауатты өмір салтын насихаттау және саналы қоғам қалыптастыру маңызды міндеттер болып саналады.

Форум барысында аналар кеңесінің қоғамдағы рөлі, әсіресе тәрбиелік, құқықтық және діни сауаттылықты арттырудағы қызметі жан-жақты талқыланды. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, балалардың рухани-адамгершілік дамуын қамтамасыз етудің негізгі тетіктері айтылды. Аналар кеңесінің мүшелері қоғамдағы өнегелі отбасыларды дәріптеп, ұрпақ тәрбиелеуде аналардың рөлін ерекше дәріптеу қажеттігін атап өтті.

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі мен дәстүрін ұмытпау, ананың ақ сүтімен даритын тәрбие және бесік жырының маңыздылығы кеңінен талқыланды. Ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру – тәрбиенің басты қағидасы екені айтылды.

Айта кетейік, «Салауатты сана» жобасы аясында мұндай іс-шаралар республика бойынша жүйелі түрде өткізіліп келеді. Жуырда Алматы қаласында да осы бағыттағы форумдар ұйымдастырылмақ.

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button