Жарнама
Қоғам

Ұлтты сақтау отбасынан басталады

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен маңызды қоғамдық-идеологиялық мәні бар ауқымды шара — «Ана. Отбасы. Қоғам» атты облыстық форум өтті. Форум Нұрлан Балғымбаев атындағы Коммуникациялар дамыту орталығына облыс аудандарынан 140-тан астам делегаттың басын қосты.

Аталған форум – қоғамдағы аналар мен отбасылық құрылымдардың, әкелер мен үлкендердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін нығайту, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғырту мен салт-дәстүр сабақтастығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Форум үш күнге жалғасып, Құрманғазы, Махамбет аудандары мен Атырау қаласын қамтыды.
Форумның ресми ашылу салтанатында сөз сөйлеген Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова форумның қоғам өміріндегі маңыздылығын атап өтті.
– Бұл – өте маңызды іс-шара. Мұнда біз отбасы құндылықтарын сақтау, ұрпақ тәрбиесі мен бірлікті нығайту мәселелерін көтеріп отырмыз. Аналар кеңесі – қоғамның діңгегі. Біздің алдымызда тұрған басты мақсат — саналы, тәрбиелі, ұлттық рухани болмысты жастарды қалыптастыру. Сондықтан бүгін барлығымыз бір мақсат үшін жиналдық, – деді ол.
Форум жұмысына арнайы қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи отбасындағы тәрбиенің мемлекет негізі екендігіне назар аударды.
– Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Бірақ бүгінде қоғамда вандализм, лудомания, нашақорлық, отбасылық зорлық-зомбылық сынды күрделі әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл түйткілдердің шешімі — ең алдымен отбасында. Ашық айтсақ, бұған көбіне ересектердің өздері себеп. Ата-ана гаджетке телміріп отырса, бала да виртуалды әлемге кетеді. Үйде ұрыс-керіс болса, бала оны өмірлік норма ретінде қабылдайды. Егер ата-ана баласымен ашық сөйлеспесе, бала ішкі жан дүниесіне тұйықталып, сырттағы күмәнді ортадан қолдау іздей бастайды. Сондықтан біз бүгін осы мәселелерді ашық айтуға тиіспіз, – деді ол.
Форумның идеологиялық негізі – мемлекеттік тұтастықты сақтау мен ұлттық рухты жаңғырту. Сондай-ақ «Салауатты сана», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобалары арқылы қоғамда рухани жаңғыруға қолдау көрсету, қазақтың дәстүрлі отбасы моделін ұлықтау және Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлік пен келісім идеяларын аналық миссиямен сабақтастыру болды.
Форум барысында қоғамның өзекті мәселелеріне арналған мазмұнды баяндамалар ұсынылып, қатысушылар отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбиені жандандыру, аналардың көшбасшылық рөлін арттыру сынды мәселелерді кеңінен талқылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай қазіргі қоғамдағы тәуелділіктің түрлері мен олардың ұрпақ тәрбиесіне кері әсері туралы ой қозғады. «Салауатты сана» жобасы аясында «Тәуелділіктердің түбі бір» тақырыбында жасаған баяндамасында ол зиянды әдеттердің алдын алу үшін отбасындағы тәрбие мен ата-ананың үлгісінің маңызы зор екенін атап өтті.
Мақат ауданы Отбасын қолдау орталығының директоры Жанат Жұмағалиева «Қайырымдылық – асыл қасиет» тақырыбын көтеріп, қазіргі қоғамда мұқтаж жандарға көрсетілетін қамқорлықтың рухани тәрбиедегі орнына тоқталды. Ол өз сөзінде мейірім мен жанашырлық отбасынан басталатынын, ата-ананың қайырымды істері арқылы балаға өнеге берілетінін баса айтты.
Жылыой ауданы Әкелер кеңесінің төрағасы Тұрар Шапқараев «Ұрпақ қамы» тақырыбындағы баяндамасында әкенің бала тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, қазіргі жастардың өмірлік бағытын айқындауда отбасының, әсіресе әкенің жауапкершілігін арттыру қажеттігін айтты.
Исатай ауданы Әкелер кеңесінің төрағасы Ұзақбай Абилхасов «Әке және қоғам: құндылықтар үндестігі» тақырыбында ой қозғап, отбасындағы тәрбие мен қоғамдағы құндылықтардың бір-бірімен үндесуі туралы айтты. Ол әсіресе ұлттық тәрбиенің, салт-дәстүрдің бала санасында дұрыс қалыптасуы үшін әке мен ананың бірдей атсалысуы қажет екенін жеткізді.
Атырау облыстық Әкелер кеңесінің төрағасы, «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасының авторы Шота Қанатов жобаның негізгі мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық тәрбие дәстүрін жаңғырту екенін айтып, ата-баба мұрасын баланың санасына сіңіру жолындағы нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Форум аясында қоғам өміріне белсене араласып жүрген бірқатар кеңес мүшелері Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Қайрлиева, Жылыой ауданы Әкелер кеңесінің төрағасы Тұрар Шапқараевтар марапатталды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button