«Үйімде шыдап отыра алмадым»
Бейбарыс ауылының тұрғыны 92 жастағы Орынша Тоқтыбаққызының есімі Ақорда төрінде аталды.
Жуырда Мемлекет басшысының су тасқынымен күрес шараларына белсене қатысушыларды марапаттау рәсімінде Жайық жағасын бекіту жұмысына атсалысқан 92 жастағы Бейбарыс ауылының тұрғыны Орынша Тоқтыбаққызына алғыс айтты. Сонымен қатар, әжейдің ерен еңбегі жұртқа өнеге екендігін жеткізген болатын.
Артынша ақ жаулықты әжеге Елордадан жеткен аманатты облыс әкімі Серік Шәпкеновтың өзі арнайы барып табыстады. Қаптарды топырақпен толтырып, бөгет соғу жұмысына көмектескен кейуана тыл еңбеккері. Орынша Тоқтыбаққызы тасқын қаупі төнгенде өзі еңбек еткен мектеп ұжымына көмектесуге шешім қабылдапты.
Орынша әжей Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келіп, сол жақта бойжеткен. Кейін Махамбет ауданы, Ақжайық ауылына келін болып түсіп, Сабыр атай екеуі он баланы дүниеге әкеліпті. Жолдасының жұмыс бабымен 1966 жылы Бейбарыс ауылына қоныс аударған соң мектепте тазалықшы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан екен. 70 жасқа дейін «Первомайский» кеңшарында жем-шөп өсіруші болып жұмыс істеген.
Бүгінде әже он баладан тараған 16 немере, 10 шөберенің қызығын көріп отыр. Ауыл мектебінде шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істеген жолдасы 2010 жылы дүниеден өткен көрінеді.
Қара шаңырақтағы ұлы Аманжол Қожиев анасының үлкен кісі болған соң құлап қалмады ма деп жиі алаңдап отыратындығын айтады.
– Сондай күндердің бірінде анамыз үйдің артында бөгет салып жатқан мұғалімдерді көрген ғой. Біз шарқ ұрып іздеп жүріп бір топ адамның дауысын естідік. Солардың арасында біздің де анамыз қолына қапшығын алып, ауызын ашып, дайындап беріп отыр екен. Содан оған қан қысымы барын, күннің ыстығында зиян болып жүрер дейміз ғой. Анамыз керісінше, қан қысымының қалыпты екенін, жастардың арасында жұмыс істегеннің жақсы екендігін айтып, қапшықтың ауызын ашып отырса да қолғабыс етуге келгендігін айтты. Содан екі сағат жарымнан астам уақыт бөгет басында болды. Шаруа істеп үйреніп қалған адам болған соң үйде байыз тауып отыра алмайды. Облыстық әкімдіктің қызметкерлері қарындасыма хабарласып, артынша облыс әкімінің өзі де жылы лебізін білдіріп, құттықтап кетті. Анамыз әлі күнге дейін ауладағы бау-бақшаға қарап жүреді, — деді Аманжол Сабырұлы.
Керісінше қимыл-қозғалыссыз жатып қалса ауырып қалатынын айтатын әжейді ауыл белсенділері бейнежазбаға түсіріп егде жастағы тұрғынның да көмекке келгенін айтып, тұрғындарды бөгет салуға шақырған екен. Содан әлгі бейнежазба әлеуметтік желілерде кең таралып кеткен. Бүгінде әжейдің екі ұлы мен бір қызы ауылда тұрады. Олар да бір-бір шаңырақтың иесі болып отырған еңбек адамдары. Мейрам күндері әулетке қарасты ағайынның барлығы үлкен үйге жиналады.
– Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ғой. Еңбектен қашпау керек. Осы жасқа келгенше қара жұмыс істеп, еңбек еттім. Әлі де жатқым келмейді, аулаға кіріп-шығып жүремін. Құр босқа жата беруге болмайды. Жұмыс істесең қайратыңа мініп, шыныға түсесің. Кішкене жасымнан атқа міндім. Ол кезде негізгі көлігіміз еді ғой. Қазір балаларымның қасында қарайып отырған жайым бар.
Төтенше жағдай болып жатқанда босқа отыра алмадым. Қолымнан келгенінше жәрдем берейін деп шештім. Білек сыбанып, қапшық көтеруге онсыз да шамам келмейді. Үйдің қасына келіп жұмыс істеп жатқан соң көмек бердім. Қазіргі жастар лажы болса жұмыс істегісі келмейтін секілді. Жұмыс істегеннің пайдасы көп. Осы күнгі жастар менің сөзіме құлақ аса қойса жақсы ғой. Мен еңбегімді сатпаймын. Мұның бәрі ең алдымен елімнің тыныштығы үшін, — деп сөзін қайталаған Орынша әжейге біз де зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледік.
Алмас ҚАБДОЛОВ