ТҰТҚЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен «Үміт — 2022» конкурсы өтті. Оған облыс орталығында орналасқан әйелдер мен ерлер түрмелерінде жазасын өтеушілердің қолынан шыққан балалар киімдері, әйелдер мен ерлерге арналған сөмкелер, әмияндар, визиткалар, қораптар, кемелер, нарда, шахмат, тоқылған ойыншықтар мен барқыт доптар секілді бұйымдар қойылды.
Кез келген түрменің тұрғын аймағы мен өндірістік аймағы бар. Өндірістік аймақта түрлі цехтар, өзге де өндірістік нысандар орналасқан. Сотталғандар осы жерлерде еңбек етіп, табыс та табуға мүмкіндік береді. Жалпы, сотты болғандарды жұмыспен қамтудың тиімді тұсы – бос уақыттарын пайдалы іске арнайды әрі сол жерде кәсіпкерлік біліктіліктерін арттырады. Қапастағы тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, бостандыққа шыққан соң да жаңа өмірге тез бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар, сот үкім еткен материалдық шығынды өтеуге мүмкіндік алады.
— Абақтыда жасап жүрген жұмысын бостандықта да жалғастыруға болады, бұл бұрынғы сотталғандар арасында қайта қылмыс жасау қаупін азайтады және жұмыссыздық деңгейін төмендетеді. Бүгінгі байқауда үздік деп танылған талапкерді көтермелеу мақсатында ақшалай сыйақы, туыстарымен көрісуге қосымша уақыт беріледі, — дейді Атырау облысы бойынша ҚАЖД №15 (бұрынғы УГ-157/9) мекемесі бастығының орынбасары Олжас Жаманбаев. Айта кетелік, үздік бұйымдар республикалық конкурста ұсынылатын болады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ