Жарнама
Қоғам

Туризм …әжетханадан басталады

Бүгінде әлеуметтік желіде талқыға түскен тақырып – аты әлемге әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің Елорда төрінде өткізетін концертіне қатысты болып тұр. «Астана Аренаға» тұңғыш рет ауқымды бағдарламамен келетін әртістің шоуына билеттер санаулы минуттың ішінде-ақ сатылып кеткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тамыз айындағы шара арқылы ел экономикасына қомақты қаражат түседі. Танымал әншінің өнерін тамашалауға 15 мыңнан астам турист келеді екен. Бұл бастамаға Үкімет басшысы да қолдау білдірді.

Соңғы жылдары халық арасында есімі белгілі өнерпаздардың кештерін ұйымдастыру мұнайлы өлкеде де қарқын алуда. Былтыр өңірге 156 мыңнан астам турист келген. Ал Атырау мұндай кең көлемді шараларға, меймандарды күтуге әзір ме? Туристерді тағы немен қызықтыра аламыз?

«Елдің құты – белеңде…»

Көктем келісімен жұртшылық еңбек демалысын ойдағыдай өткізу үшін қолжетімді әрі сапалы турлар іздей бастайды. Өйткені туризм саласы кенжелеп қалған елімізде санаулы ғана демалыс орны халыққа қызметін ұсынады. Өткен жылдармен салыстырғанда біраз алға ілгерілеушілік байқалғанымен, қызмет көрсету деңгейі өзге мемлекеттермен салыстырғанда әлі төмен әрі өте қымбат. Сондықтан барлығы дерлік көрші облысқа барғаннан гөрі шетелге шығып келгенді тиімді санайды.

Өзге жұрт мұнайлы өлкені ызыңдаған масасымен, «бауырмал» балшығымен жақынырақ таниды. Алайда «Елдің құты – белеңде, судың құты – тереңде» дегендей, Атырауда туризмге сұранып тұрған тамаша жерлер жеткілікті. Өкінішке қарай, туристік нысандарда заман талабына сай салынған қонақүйлердің бағасы шарықтап тұрғаны жасырын емес. Туристердің көңілі осы үшін де қалып жатады. Мәселен, саяхатты жолға қойған Грекияға жыл сайын 20 миллион қонақ келеді екен. Елдің Ішкі жалпы өнімінің 15 пайызын туризм саласы береді. Түркия әлемде танымал туристік бағыттар бойынша алғашқы орындарда тұр. Демек ішкі саяхат – тың өріс және қосымша кіріс. Сондықтан Анталия асып, Дубайда думан құрар алдында бір сәт еліміздің жақұт-жауһарларына да мән бергеніміз жөн.

Ынта болса, мүмкіндік жеткілікті

Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы Жаннат Сабырғалиеваның айтуынша, аймақта туризмнің бірнеше бағытын дамытуға мүмкіндік бар. Яғни, сырттан келген меймандарға мәдени-танымдық, спорттық-әуесқойлық, этнографиялық, балалар-жасөспірімдер, экологиялық, медициналық, іскерлік бағыттар бойынша қызмет көрсетуге болады.

Айталық, Жылыой ауданындағы Ақмешіт қорымы, Құлшан ата қорымы, Жұбан мазары, Иманқара үңгірі, Ақкегершін борлы таулары, Индер ауданындағы Махамбет Өтемісұлы, Мұрат Мөңкеұлы мазарлары, Индер тұзды көлі, Махамбет ауданындағы Ортағасырлық Сарайшық кешені, Бала Ораз кесенесі, Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің жағалауындағы туристік базалар мен әлемде сирек кездесетін лотос алқабы, Исатай ауданындағы Нарын құмдары, «Тасқыран» белгісі, облыс орталығында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты, өлкеміздің өзге де киелі және көрікті жерлері келушілердің ерекше қызығушылығын туғызады,-дейді Жаннат Сабырғалиева.

Бүгінде облыста 13 туристік маршрут белгіленген. Биыл ауыл, агро және өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлер арқылы туристік маршруттар санын  20-ға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Облыс туризміне – 23,5 млрд. теңге

Былтыр облыста туризм саласын дамытуға 23,5 млрд. теңге инвестиция салынған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 31,3 пайызға артық. Жыл басынан бері екі айда 2,4 млрд. теңге қаржы құйылған. Сондай-ақ 2023-2027 жылдарға инвестиция көлемі 12,1 млрд. теңге болатын жеке және бюджет есебінен 9 жоба іске асырылып жатыр екен. Бұл саланы цифрландыру бағытында өткен жылы visitatyrau.kz сайты жасақталып, туристер үшін 6 анықтамалық сенсорлы интерактивті тақтайша әзірленген. Қазір интерактивті дүңгіршектерді Х.Доспанова атындағы халықаралық әуежайында, теміржол вокзалында, ірі сауда орталықтарында орналастыру жұмыстары жүргізілуде.

– Облыс туризмін дамытудың 2027 жылға арналған жол картасының жобасы жасақталған. Бүгінде тиісті орындармен келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол туристік инфрақұрылымды жақсартуға, нысандардың қызметін жетілдіруге, өңірдің туристік әлеуетін көтеру бойынша ақпараттандыру, облыстың бірыңғай туристік брендін дайындауға, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, туризмнің бағыттарын дамыту және оқиғалық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа биыл «Visit Atyrau» туристік ақпарат орталығымен бірлесіп көптеген шараны іске асыру жоспарланып отыр. Халықаралық, республикалық көрмелерге қатысу, «Қазақ дастарханы» атты гастрономиялық фестиваль өткізу, гид-экскурсоводорды дайындау мақсатында 25 гидті дайындап оқыту, блог турлар, «Zhaiyk brand fest» қолөнершілер фестивалін ұйымдастыру жоспарымыз бар,-деп нақтылады облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Істің бәрі бос болмасын!

Жері сортаң, табиғаты қолайсыздау өңірге туристер тарту оңай іс емес. Мұнайлы аймаққа меймандарды көбірек шақыру үшін қомақты қаражат бөлу аздық етеді. Ол үшін ақсаңдап тұрған сервистік саланы дамытып, жақсарта түсу қажет. Атырау туристер мекеніне айналғанын қаласақ, қарапайым қызмет көрсету тәртібін жүйелендіру керек. Қоршаған ортамыз да мұнтаздай таза болуы тиіс. Жұртшылық кешкілік уақытта алаңсыз қыдырып жүрген кезде қоғамдық әжетханалар да уақытылы жұмыс істегені жөн. Әйтпесе, халық көп шоғырланатын аумақтарда есігі құлыптаулы, жарығы өшулі тұрған әжетхананы кездестіргенде «істің бәрі бос» дегің келеді.

Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, облыс орталығында жұрт көп шоғырланатын орындарда 9 қоғамдық әжетхана орналасқан. Олар Смағұлов алаңы, Д.Нұрпейісова концерттік залы аумағы, Авангард соңғы аялдама тұрағы, Махамбет алаңы, Жастар, Жеңіс саябақтары, Орал мейрамханасы маңы, Ретропарк, Бейбарыс даңғылы көпірі маңында.

– Қазір 3 қоғамдық әжетхана сенімгерлікпен басқаруға берілген болатын. 6 әжетхана күтіп ұстау және санитарлық-тазалық жағдайы сенімгерлікпен басқаруға дейін «Арнаулы автобаза» ЖШС-не жүктелген еді. Әжетхананы тәулік бойы ашып қойған кездері оны жиі сындырып, бүлдіреді. Осы себепті күннің ұзаруын ескере отырып, қоғамдық әжетханалардың уақытын таңертеңгі 8.00-ден түнгі 22.00-ге дейін ашық тұруы ұйымдастырылып, кесте жасақталды. Бүгінде қалада барлық әжетхана жасап тұр. Алдағы уақытта қалыпты қызмет етуі үшін тұрғындар мен қала қонақтары да санитарлық тазалық сақтауы қажет. Сенімгерлікпен басқаруға Кисимова және Статус2 ЖШС-не берілген,-деді Ғасырбек Төлеген.

Асылбек Қадырбаев, жеке кәсіпкер:

Барымызды бағаламаймыз

– Шыны керек, біз қолда бар байлығымызды бағаламаймыз. Сапасыз жол, жаздың қапырық ыстығы да кедергі болатыны белгілі. Соған қарамастан лотос алқабы, Тұздыкөлге қызығушылық танытатындардың саны жыл санап артып келе жатқанын байқаймыз. Жазда осы аумақтардың тазалығы туралы әңгіме қозғап, талқыға салғанымызбен мәселе аяқсыз қала береді. Мәселен, бұрын Құрманғазы ауданына көлікпен жетудің өзі мұң болатын. Енді бұл проблемалар біртіндеп шешіле бастады. Демек бізге әлі де көрікті жерлерімізді жұртқа көбірек жарналамалап, көрсетуіміз керек. Мысалы, жақында көршілес Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды. Шаһарда дроннан шоу ұйымдастырылып, портты қаланың аты дүниежүзіне әйгіленді.

Меніңше, бізде осы жағы кемшіндеу сияқты. Жуырда әлеуметтік желідегі парақшадан Қиғаш бойында лотос алқабының ортасында түсірілген суретті көзім шалып қалды. Мұндай әсем табиғат бейнеленген фотоны Таиландта түсірілген болар деп ойладым. Байқасам, өзіміздің өлкеде өсетін гүлдер екен. Ал осындай естелік суретке түсу үшін мыңдаған қазақстандық шетел асып, өзге елдің экономикасына қаржы жұмсап отыр. Осындай бизнесті өзімізде дамытсақ жақсы емес пе?

Өткен жылы мұнайлы өлкеге ат басын бұрған ішкі туристер саны – 131 мың болса, сырттан келгендер 24 мыңға жеткен. Бүгінде Атырау облысында барлығы 250-ге жуық туристік мекеме қызмет атқарады.

Тарқатып айтар болсақ, 132 орналастыру орны (қонақ үйлер, кемпингтер, туристік базалар), 2 шипажай («Атырау» және Жылыой ауданында «Қамыскөл»), 41 жол бойындағы сервис объектісі, 67 туристік ұйым (11 туроператор лицензиясы бар, 56 туристік агент), 2 этно ауыл («Нұрлы Тал» және «Саржайлау») және 1 визит орталығы (Сарайшық визит орталығы) бар.

Тобықтай түйін

Атырау облысы – бірегей табиғи ресурстарға, тарихи-мәдени мұраларға бай өлке. Кәрі Каспий жағалауы, Ақ Жайық, көне ескерткіштер мен экотуризмге қолайлы жерлер туристік әлеуетті арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Десек те кенжелеп қалған саланы өркендету үшін біраз жұмыстану қажет. Қоғамдық әжетхананың тәулік бойы ашық әрі таза күйінде болуы секілді қарапайым қағидалар бұлжытпай орындалуы шарт. Тиісті мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялардың үйлесімділігі арқылы мұнайлы өлке туризмнің жаңа орталықтарының біріне айнала алады. Бұл өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті халықтың өмір сүру сапасының артуына жол ашпақ. Сіз қалай ойлайсыз?

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button