Түйткілді мәселелер түйіні

qogam masele Қоғам

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БІЛІМ САПАСЫ ӨТЕ ТӨМЕН КӨРСЕТКІШТІ КӨРСЕТІП ОТЫР. ӘСІРЕСЕ БИЫЛ ӨТКЕН ҰБТ СЫНАҒЫН ТАПСЫРҒАН ТҮЛЕКТІҢ 43 ПАЙЫЗЫНЫҢ ШЕКТІ МӨЛШЕРГЕ ЖЕТЕ АЛМАЙ ҚАЛУЫ – КӨП НӘРСЕНІ АЙҒАҚТАСА
КЕРЕК. РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША СОҢҒЫ ОРЫНДАРДА ҚАЛҒАН АЙМАҚТЫҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ҚАЛАЙ ЖЕТІЛДІРУГЕ БОЛАДЫ? ОЛ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? ОСЫ САЛАДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН ҚАЙТСЕК ТӨМЕНДЕТЕМІЗ? МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ, МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУ, ОЛАРДЫҢ САПАЛЫҚ ҚҰРАМЫН ЖЕТІЛДІРУ, ҮШ АУЫСЫМДЫҚ ОҚУДЫ ЖОЮ ЖӘНЕ БАСҚА МӘСЕЛЕЛЕР ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС
МҮШЕЛЕРІН ДЕ КӨПТЕН ТОЛҒАНДЫРЫП ЖҮР ЕКЕН.

Сəрсенбі күні өткен облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы мəселелер қаралды. Оған облыс əкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысты. Күн тəртібіндегі басты мəселе ретінде кеңес мүшелері облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сəдуақасованың білім берудің сапасын арттыру жəне сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін төмендету шаралары туралы есебін тыңдады.

Баяндама аяқталған соң, кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов, есепке берілген уақыттың 15 минут екенін, бірақ Гүлнəр Манапқызының 28 минут баяндама жасағанына байланысты ескерту жасады. Ал, кейбір кеңес мүшелері баяндама мен презентацияға көңілдері толмайтынын анық байқатты.

– Мұндай ұзын-шұбақ цифрға толы есепті мемлекеттік орган қызметкерлерінің алдында оқыңыз.
Бізге нақты жұмыс пен жоспар, өзекті мəселелерді шешудің жолдары керек. Сіз тек атқарылған шаралармен шектелдіңіз. Баяндамаңыздан негізгі мəселеге жауап таба алмадық, – десті
қоғамдық кеңестің белсенділері.

Əрмен қарай кеңес жұмысы сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Кеңес мүшелері Шынар Ізтілеуова, Арман
Хайруллин, Гүлжан Елешова жəне басқалары облыстың білім саласына қатысты толғандырып жүрген өзекті проблемалары хақында сауал жолдады. Олар негізінен, білім сапасына,
мамандар даярлау ісіне, оқушылардың қауіпсіздігі мен автобус тасымалы, мектептердегі ақша жинау секілді өзге де мəселелерді қамтыды. Кеңесте, облыстық дене шынықтыру жəне спорт, мəдениет, тілдерді дамыту жəне архив ісі басқармалары басшыларының да есебі тыңдалды.
Олар осы салаларға бөлінген қаражат пен алдағы атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Аймақтағы спорттың даму бағыты туралы басқарманың бөлім басшысы Тілекқабыл Есдəулетов хабарлама жасаса, мəдениет саласына қаралған қаражат көздері жайлы басқарманың бөлім
басшысы Айдана Сағиева баяндады. Қос басқарма өкілдеріне де кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдар аз болмады. Мұнда Атыраудағы бүгінгі футбол командасының жай-күйі, легионердің көптігі, маман даярлау, ұлттық спортты дамыту, стадион мен ипподромның жағдайы, тасада қалған таланттарды таныту, ұлттық өнерге жастарды тарту секілді өзге де өзекті мəселелер қамтылды.

Көтерілген ортақ проблемалық сауалдарға облыс əкімінің орынбасары Ж.Бисембиев нақты жауап беріп отырды. Соңында қаралған мəселелерге орай кеңес тиісті шешім қабылдады.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз