Жарнама
Қоғам

«Туған жерге тағзым»

Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Өтеген Оралбайұлының әдеби-өнер кеші өтті.

«Туған жерге тағзым»

Шараны «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Дархан Қыдырәлі жүргізді. Поэзия кешінің шымылдығы кейіпкеріміздің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі бейнебаянмен ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев өз сөзінде ақын өлеңдерінің ішкі қуатына тоқталып, өмір жолы туралы айтты.

«Ауыл қайда, су қайда, қайда бәрі?

Менің басым сұрақтан айналады.

Ақкиіздің аспанын бұлт басыпты,

Кім бар дейсің іздейтін қай баланы?

Мен алысқа кеткенмін арман қуып,

Балапан-жыр талпынып, алдандырып.

Ауылыма ат ізін салмай кеттім,

Дос түгілі, қасты да таңдандырып»,- деп жырлаған ақын өзінің перзенттік сағынышын жыр кітаптары арқылы паш еткені көзі қарақты оқырманға айқын. Шындығында, несібесі алысқа шашыраған Атыраудың ақын ұлы  асқақ арман жетегіне ілескелі де жарты ғасыр-ға жуық уақыт өткен екен.  Сынаптай сырғыған  күндер уысқа тұрмайтыны белгілі.

– Бүгінгі кеш – менің өмірімдегі тарихи сәт, сәулелі сағынышты сәт.  Кештің тақырыбын таңдағанда бірден ойыма оралған тақырып – «Туған жерге тағзым». Шындығында, осыдан 48 жыл бұрын арман қуып, 16 жасымда сонау Жылыой ауданының Ақкиізтоғай деген ауылынан бозбала болып аттанып едім, бүгін орталарыңызға бозбасты аға  болып оралып тұрмын. Кіндігім кесілген Жылыой ауданы, Жем өзенінің жағасы – мен үшін жұмақтан да артық мекен. Талай жерлерді араладым, алайда, туған жерге жететін жерді көрмедім. Талай кештерім де өтті, бүгінгідей айрықша кеш  Атырауда ғана өтіп жатыр. Сондықтан, туған топыраққа арнаған жыр жолдарын қабыл алғайсыздар,- деп өлеңдерін оқыды.

Кештің ерекшелігі – біртұтастығында. Өтеген Оралбаев көптеген әндерге сөз  жазған, сол әндердің бәрі дерлік өнерсүйер жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, жиі шырқалып жүр.  Жыр кешінің бастауы – «Беташар» әні.  Сахнада ата салтымен келін түсіріліп, беташар айтылды. Кенен Әзірбаевтың әуеніне жазылған «Беташарды» әнші Құрманбек Әбілғазы орындады. Көптен күткен келінін әулетті жалғастырушы деп қабылдаған атаның үміті, арманы осы өлең арқылы көпшіліктің көңілін аялап, ізгілік нұрын сепкені ақиқат.

Сексенінші жылдары үйлену тойлары «Жас жұбайлар жырысыз» өтпейтін. Бүкіл елдің жүрегіне жол тапқан, махаббаттың жаршысындай,  пәк сезімнің сәулесіндей тербеткен ғажайып әннің  сөзін жазған – Өтеген Оралбаев. Композитор Ғалым Сердәлінің әуеніне жазылған аталған әнді шырқаған Құрманбек пен Риза Әбілғазы қалың жұртшылықтың қошеметіне ие болды.

Атамекенін өлеңмен тербеген ақынның кешінде Қазақстан Жазушылар Одағы бас-қарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай да қатысты. Ол Қазақстан Жазушылар Одағы атынан Өтеген Оралбаевқа шапан жауып, Алғыс хат тапсырды.

Ақынның «Төрт өрме қамшы» өлеңіне композитор Мақсым Меңкешов ән жазған екен. Жергілікті әнші Манарбек Ержанов осы әнді әуелетті. Бұдан кейін филология ғылымдарының докторы, Түркістан қаласындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры Құлбек Ергөбек сахна төріне көтеріліп, ізгі тілегін арнады.

Өтеген Оралбайұлы  университетті тәмамдағаннан кейін Маңғыстау облысында қызмет еткен. Осы жылдары жанына өнерді сүйетін, әдебиетке ынтызар жастарды да жинапты. Соның бірі — композитор Мұхиддин Ғаббасов. Ақтау қаласына арнаған «Ақмаржан қала» өлеңіне композитор ән жазыпты. Кеште композитор досын еске алу мақсатында аталған ән орындалды.

Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі Ханзада Сақыпова да ақынның сөзіне жазылған «Құстар қайтып барады» әнін нақышына келтіре шырқады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button