Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?» атты фотосуретшілердің облыстық байқау-көрмесі мәресіне жетті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шара халықаралық жастар күніне орайластырылды.
Көрме сөрелерінен байқауға қатысушылардың қаланың бірегейлігін, көрікті жерлерін, тарихи және архитектуралық ескерткіштерін, рухани мәдениеттілікті көрсететін суреттері орын алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 12 фотосуретшіден барлығы 94 туынды қабылданды. Қазылар алқасының жұмыс қорытындысымен бес қатысушы жүлделі орындарға ие болып, диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Қызылқоғалық Ж.Таласов байқау жеңімпазы болып танылды. Ал, Атырау қаласынан қатысқан М.Стадниченко мен Махамбет ауданының қатысушысы Т.Зейнеденова екінші орынды қанжығаға байласа, исатайлық Ж.Қайырхановқа үшінші орын бұйырды. Сондай-ақ, әріптесіміз «Прикаспийская коммуна» газетінің фототілшісі Ә.Әбілғазиев үшінші орынға ие болды. Қалған жеті қатысушыға Алғыс хаттар табысталды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА