ТУҒАН ӨЛКЕНІҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ
Сонау 60-шы жылдары Нұрекеңмен Атырау қаласындағы бұрынғы Калинин атындағы орта мектепте бірге оқыдық. Мектепті бітірген соң әрқайсымыз әр жаққа таңдаған мамандығымызды қуалап кеттік. Оның жүрек қалауы – мұнайшылық болды.
Қазақ политехникалық институтында тау-кен инженері мамандығы бойынша білім алған оның бүкіл саналы да мағыналы ғұмыры Қазақстанның мұнай өнеркәсібін дамытуға арналды. Нұрлан Өтепұлы қатардағы бұрғылау көмекшісінен Қазақстан Республикасының Премьер-министріне дейін өсті. Ол Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын көтеруге өлшеусіз үлес қосты. Елде жаңа мұнай-газ кеніштерін игеруде, шетелдік іргелі компаниялармен бірлескен жобаларды іске асыруда Елбасымыз сеніп тапсырған міндеттерді мінсіз атқарды.
Туған өлкенің төл перзенті ретінде Нұрекең ескі кен орындары мұнайшылары мекендеген Байшонас, Сарқамыс пен Қаратон елді мекендерін көшіру мәселесін Үкімет деңгейінде шешу арқылы тындырған істері де аз емес.
Ол досқа адал, жолдастыққа берік, бауырмал, қамқоршыл, үлкен жүректі жан еді. Атыраудың мақтан тұтар азаматы, биік парасат иесі еді.
Соңғы рет Нұрекеңмен кездескенде, өмірге деген оптимистік көзқараста болатын.
Топырағы торқа, жаны жәннатта, иманы жолдас болсын деуден басқа шара қалмай тұр. Беу, дүние-ай…
Нұрпейіс МАҚАШЕВ,
бірге оқыған жолдасы, қоғам қайраткері.