Жарнама
Қоғам

Төлеген Айбергенов поэзиясындағы ерекшелік

Айбергенов өлеңдеріндегі қаратпа сөздер өрнегі.

Жалғасын сен айт, бұл асқақ әннiң, жабылып кетсем егер мен,
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын….”- деп ақынның өзі айтқандай  қанша уақыт өтсе де, Төлеген Айбергенов поэзиясына деген  оқырмандарының құштарлығы жылма-жыл жалғасын тауып келеді.

    Жалпы ақын поэзиясын  тұтас сағыныштан тұрады десек, ақынның айтар ойы  адамдарға, туған жерге деген іңкәрлікке толы. Сол себептен де ақын өз шығармаларында  айтар ойын кімге бағыттайтынын айқын көрсетіп, қаратпа сөздерді шебер қолдану арқылы мың құбылтып жұмсай білген. Мәселен «Сағыныш» өлеңіндегі:

Ей, адамдар!

Айналайын туғандар,

Жалғыз минут тыңдаңдар!

Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,

Қазір түгел көкірегім өрт менің! — деп аталатын тармақтар  Айбергеновтің поэзиясының  бүтін бір кіріспесі дерлік. Ақынның айтары көп еді, соның ішінде адамдарға, жалпылай да, даралай да.  Ол қаратпа сөзді бір сарынды қолдана бермей түрлендіре, оқырманын жалықтырмай өзгеше бір сипатта шеберлікпен ұштастырып отырды.

     Өлеңдердегі торғын сұлулықтар, орман образдар, жарасымды тереңнен тамыр тартқан телегей тебіреністер тек Айбергеновке ғана тән ақындық айрықшылық, өзгеше өрнек-өрімдер болатын.

Есен-сау бармысыңдар, армысыңдар,

Армысыңдар, қария қарлы шыңдар!

Төсінен керуен-керуен көш өткен тау,

Сен менің керуен-керуен алғысымды ал. 

Аққу мойын ақ көйлекті қайыңдар,

Дәл сендердей менің де аппақ айым бар..

Аққу мойын ақ көйлекті қайыңдар,

Бақытымды шулап көкке жайыңдар,

Шулап көкке жайыңдар, ақ қайыңдар!

Мұндағы бейнелі сөздер жанды құбылысқа еніп, көз алдымызға көкірегі тарихқа толы қарт пенен пәк сезімді еліктей ерке арудың бейнесін әкелумен бірге ән салып сыңсып, жаңғырып тұр.

   Бұл тармақтардағы қария қарлы шыңдар, аққу мойын ақ көйлекті қайыңдар сынды қаратпа сөздері тіл көрнектілігі жағынан қарасақ керемет жасалған образдар  деп айтуымызға болады. Кейде ақын өмірден ерте өтетінін сезгендей айтар сөзін жеріне жеткізу, кімге бағыттағанын айқындау үшін қаратпа сөздерді көп қолданғандай әсер қалдырады.

   Т. Айбергеновтің өзгеге ұқсамайтын өзіндік өлең өрімі оқырмандары үшін сырлы әлем болып қала бермек.

Дина НҰРПЕЙІС,

№11. Ы. Алтынсарин атындағы  орта мектептің 11  сынып оқушысы, Атырау қаласы.

https://atr.kz/bez-rubriki/atyrau-oblysy-bas-memlekettik-sanitariяlyq-darigerinin-zhana-qaulysy-shyqty/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button