Жарнама
Қоғам

Тойханаға айналған перзентхана

Қанша жыл өтсе де, сол бір сәт көз алдымнан кетпейді. Жақын досымыздың келіншегі босанып, перзентханаға халін білуге барған едік. Жағдайын сұрап деудің негізі бар. Себебі нәресте айы-күні жетпей туған. Салмағы бар болғаны 600 грамм. Дәрігерлердің өзі балаға қатысты анық ештеңе айта алмады…

Ананы аяласақ, бала да бақытты

Достарымыздың шаңырақ көтергеніне төрт жылдан асқан. Сол уақыт ішінде бір сәбидің зарына іштей өртеніп, шарламаған емші, бармаған қала қалмаған шығар. Енді міне, Алланың берген бір тал перзенті… Бірақ дәл осындай ауыр жағдайда. Жарының көз жасына жұбату айтуға тіл күрмеледі. «Бәрі жақсы болады, сабыр қыл» деген жұпыны жұбату ғана тіл ұшына ілігеді. Өзіміз де абдырап қалғанбыз. Сол сәтте…

 Иә, дәл сол мезет кенеттен бір қым-қуыт у-шу басталып кетті. Ауладағы орындықта үнсіз отырған біз не болғанын бірден аңдай алмадық. Сигналын үсті-үстіне басқан екі лимузин перзентхана алдына келіп тоқтады. Артынан қымбат шетелдік бірнеше көлік ілесіп келді. Ішінен құшақ-құшақ гүл мен түрлі түсті шар көтерген адамдар түсіп жатыр. Солардың соңынан домбыра мен баян асынған өнерпаздар шықты. Қуанышты көтере келген олар перзентхана алдын әп-сәтте шағын мерекеге айналдырып жіберді. Ән шырқалып, қонақтар би билеп, көңілді аниматорлар балаларша ойнап жүр.

Бір кезде ғимарат есігі ашылып, құндақтаулы сәбиін қолына алған жас ана сыртқа шықты. Қол соққан жұрт дүр ете түсті. Қуаныш толқыны қыза түсті – ысқырық, шапалақ, ұран, жарылғыш жылтыраған дүниелер… бәрі бар. Баршылық деген осы шығар, сірә!

Көңіліміз ол жаққа ауып кеткен сәтте қасымыздағы келіншектің егіл-тегіл жылаған үні жанымызды шым еткізді. «Неге мен де осылай баламды құшағыма ала алмай тұрмын? Маған мұндай думанның керегі жоқ еді. Тек балапаным аман болса екен…» деген оның жалынышты үні сай-сүйегімізді сырқыратып жіберді. Сол сәтте қуаныш пен мұңның, үміт пен үрейдің бір сәтте қатар келетінін санамызбен сезінген едік.

Осы бір көріністі жайдан-жай әңгімелеп отырған жоқпыз. Әрине, адам баласы үшін перзент сүйгеннен асқан бақыт жоқ! Тойласын, қуанышын көппен бөліссін. Аста-төк дастархан жайсын. Бірақ тойдың ордасы перзентхана болмауы тиіс қой. Өйткені онда әртүрлі тағдырлар бар. Бірі аңсаған сәбиін көре алмай зар болады. Екіншісінің баласы дауасы жоқ дертке ұшырап дүниеге келеді. Зайыбынан айырылып, қайғы жұтқан адамдар да кездеседі. Нәресте шала туылып, айлап арнайы құрылғыларда жататын жағдайлар да ұшырасады. Алайда оны елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. Даңғырлатып музыка қойып, ән айтып, сауық құрып жүр. Осылайша бүгінде перзентханадан шығу шоуға айналып барады.

Нағыз бизнес көзі

Атап айталық, перзентхана алдында ұйымдастырылған шоу да арзан тұрмайды. Нағыз бизнес көзі. Есептеп көрелік. Мәселен, мұнда қымбат көлікті сағатына кем дегенде 30 мың теңгеге жалдауға болады. Мақала дайындау барысында той орталықтарының біріне хабарласып көргенбіз. Білгеніміздей, аниматорлар музыкалық аппаратымен 1 сағатқа – 15 мың теңге, ал әншілер мен аниматорлар бірге барса 30 мың теңге екен. Оған қоса сол сәтті естелікке қалдыру үшін бейнежазбаға түсіретін маманның ісіне жүгіну де қазір сәнде. Оның өзі жарты сағатқа 15-20 мыңнан кем сұрамайды. Қысқасы өзге шығындарды есептемегенде перзентхананың алдында шоу өткізу үшін жобамен 100 мыңға жуық ақша кетеді екен.

Перзентханадан бастау алған той үйде жалғасады. Осы орайда «Бұл шаралар ана мен жаңа туған сәбидің денсаулығына кері әсерін тигізбей ме?» деген сұрақ туындайды көкейде.

Мәселен, көршілес Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі нәрестенің жарық дүниеге келуін сән-салтанатпен атап өтуге тыйым салған. Себебі олар бұл жағдайды ана мен бала денсаулығына кері әсерін тигізеді, әрі ысырапшылдық деп түсінеді.

Қазір жас босанған келіншектер сәнденіп, боянып, жеңіл-желпі киініп перзентханадан шығады. Жас сәбиді шығарып алуға жас та, жасамыс та жиналып, бәрі қаумалап, жаңа туған нәрестені қолдан-қолға алып, мәре-сәре болып жатады. Ал шынында сәбиге тиер зиянды ойлайтын адам шамалы.

40 күн күтім неге маңызды?

Қырық күнді қазақтар бекерден-бекер ерекшелемейді. Себебі қырық күн – сәби үшін де, анасы үшін де қауіпті әрі қатерлі кезең екен. Қырқынан шықпаған бала жердің баласы емес деп есептелген. Анықтап қарасаңыз, қырқынан шықпаған баланың көзі біртүрлі тұманданып әрі қайда қарап тұрғаны белгісіз секілді, көзін аударып-төңкеріп тұрады. Ал қырқынан шығарған соң оның көзі жылтырап, кәдімгідей жан-жағына көз тоқтатып қарайды, көзінде от пайда болады. Тарихтан да белгілі, қазақ қырқынан шықпаған баланы ешқайда шығармаған. Адам дүниеден өткенде де қырқын береді. «Ғайып ерен, қырық шілтен», «қырық жетіні» қырқа матап бердім» деген сөздер де тілімізде кездеседі. Яғни қырық санының біздің өмірімізде алар орны ерекше болғандығын осындай мысалдардан білеміз…

Үлкендерден естуімізше, жас босанған келінін көргенді ене қырық күн бойы күткен екен. Әсіресе, тұңғыш баласын өмірге әкелген ананы ерекше қамқорлыққа алады. Сәбидің дені сау болып өсуі осы жас ананы қырық күн мәпелеп күтумен тікелей байланысты болған. Біріншіден, жас босанған ананың омырауын суық тиюден сақтаған әрі жүн шәлімен байлап, барынша жылы ұстаған. Дүниеге сәби әкелген ананың өн бойы балбырап, бүткіл буыны босап, он екі мүшесінде өзгеріс болады, сондықтан оған суықты жолатпаған. Сол сияқты даладағы тірлікке араластырмаған. Өйткені иммунитеті әлсірегендіктен, ол сыртқы әсерді оп-оңай қабылдайды. Жас келіннің күш-қайраты орнына келгенше осылайша денсаулығына көп көңіл бөлген. Қырық күн бойы қалжаның етін жегізіп, сорпасын ішкізген.

Негізі, әйелдің босанғаннан кейінгі іштегі қатқан қаны мен артық тұзы, «жел-құзы» терлеу арқылы термен бірге шығатынын мамандар да растайды. «Тері қатып қалыпты» деп жатады кейбір келіндердің бетіндегі қарала-торала дақты көрген әжелеріміз. Келін аман-есен босанған соң енесі мықты әрі жұмсақ матамен белін мықтап байлап тастаған. Сол арқылы тоғыз ай бойы керілген құрсақтың қайта қалпына келуіне мән берген. Келіннің аяғына жылы шұлық, бұрынырақта тіпті арнайы тізеқап кигізген. Тіпті шаш түспеуінің алдын алып, келіннің шашын тастай қатты ғып өріп те тастаған. Осының барлығы түптеп келгенде, өмірге жаңа келген перзент үшін жасалатын қамқорлық. Ананың дені сау, күш-қуаты мол болса, бала да аман-есен жетіледі деп саналған. Осылайша біздің әжелеріміздің кемеңгерлігінің арқасында келіндеріміз дүниеге оншақты бала әкелген және ешқашан сымбатын жоғалтпаған. Бүгінгідей әйелдерде кездесетін түрлі аурулар да олардан аулақ болған…

Көне дәстүр көмескіленіп барады

Бүгінде бұрынғы ата-бабамыз ұстанған ізгі дәстүрлердің, әсіресе әйел мен баланың күтіміне қатысты салт-сананың көмескіленіп бара жатқаны алаңдатады. Әсіресе, перзентханаларда босанған әйелдің күтімі өз деңгейінде жүргізілмейтіні – жиі айтылатын түйткілдердің бірі.

Көп жағдайда жас босанған аналарға құнарлы, ыстық тағамның орнына дәмсіз ботқа ұсынылады. Қажетті дәрумендер мен қалпына келтіруші тағамдар жайына қалып, «бары – осы» деген енжарлықпен ғана шектеліп отыр.

Осындайда кейбір аналардың енелеріне арқа сүйейтіні бар. Олар үйден сорпа, тамақ дайындап апарып, келіннің күтіміне өздері мән беріп жатады. Бірақ бұл барлық жерде бірдей емес. Енелердің арасында «біз де босандық қой» деп жас келіннің күйін, психологиялық жай-күйін түсінбейтін, көмек орнына керісінше талапшылдықпен қарайтындар да жетерлік.

Жас ананың перзентханадан шыққаннан кейін бірден қонақ күтумен айналысуы, шілдехананың қамын жасап, ас үй мен төр арасында шапқылап жүруі ананың өз денсаулығына көңіл бөлуге мұршасын келтірмейді. Ал бұл – жас ананың ғана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына да кері әсерін тигізетін жағдай. Үй шаруасы мен сәби күтімін қатар алып жүру ерлікпен пара-пар еңбек екенін санамен түйсінетіндер азайып кетті.

Әлбетте, ана мен бала саулығы – бірінен бірі бөлінбейтін тұтас ұғым. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін аяулы аналардың шынайы күлкісі, сәбидің шапалақтаған алақаны, отбасы ішіндегі тыныштық пен сенім міне, мызғымас мемлекет осындай қарапайым құндылықтардан басталады емес пе?! Бір әйелге жылы сөз, бір жас анаға көңіл бөлу оның өмірін өзгертіп жіберуі мүмкін. Ал бір сәби сол махаббат пен мейірімнің арқасында елінің үміті болып өседі. Ендеше, әрбір ананың тағдырына бей-жай қарамайық. Бүгінгі қамқорлық ертеңгі жарқын болашақ кепілі екенін ұмытпайықшы, оқырман!

Қоғамның әйелге құрметі төмен

Әлеуметтік желіде танымал психолог, трэвел блогер Динара Болаттың өзге ел мен Қазақстандағы перинаталды орталықтардың сапасын салыстыратыны туралы бейнекөрсетілім бар. Ол өзге елде жаңа босанған аналарға жоғары сапада қызмет түрлері ұсынылатынына тоқталды. Сонымен қатар блогер біздің қоғамның әйел қауымына деген құрметі төмен екендігін де жасырмайды.

– Оңтүстік Кореяда жаңа босанған келіншектерді үкімет есебінен баласымен бірге санаторияға жібереді екен. Біздегі қырық күн сол санаторияда өтеді. Нәрестені медбикелер бағады. Анасына емізуге, құшақтауға береді. Санаторияда босанған келіншек денсаулығы, психологиялық жағдайы ретке келуі үшін барлық жағдайлар жасалған. Біздің қырық күнімізбен салыстырып, жыламай-ақ қояйын,-деп өзге елдің медициналық қызметін жіпке тізген ол, әрі қарай жаңа босанған келіншектерді ешкімнің мазаламауын өтінеді.

Расында бүгінгі қоғамда ешқандай қолдау сезінбеген, психологиялық тұрғыдан қажыған жас аналардың отбасынан ажырауы, сәбиін тастап кетуі, тіпті одан да сорақысы – өз өмірін қиюға дейін баруы көбейіп келеді. Мұның артында ұрда-жық көзқарас, салғырттық, немқұрайлылық және жанашырлықтың жетіспеуі сияқты көзге көрінбейтін, бірақ өте ауыр себептер тұр.

Сіз не дейсіз?

Інжу ИБРАЕВА, медицина саласының ардагері:

Сенің жақсы күнің – біреуге орындалмас арман

 Бұрын перзентханадан жаңа босанған жас ананы енесі немесе абысыны ғана тым-тырыс шығарып алатын. Осылайша тіл-көзден, әртүрлі инфекциялық аурулардан сақтанатын. Қазір құрметпен перзентханадан шығарып алу заман талабы шығар. Алайда оған бірінің қалтасы көтерсе, енді бірінің шамасы жетпейтіні анық. Сондықтан әр нәрсенің өз шегі болу керек. Ол жерде қайғырып, жан жарасы жазылмай, жүрегі тілімденіп жатқан аналар, өмірге келмей жатып сынаққа ұшыраған сәбилер де жатады.

Той-думан әсіресе, 500-700 грамм салмақпен дүние есігін ашып, 2-3 ай бойы арнайы құрылғыда ​оңалтудан өтіп жатқан сәбилерге аса қажетті​ тыныштық​ жағдайын бұзады. Шулы жағдай медицина ​қызметкерлерінің​ жұмыстарына да ​кедергі келтіреді. Баланың денсаулығы мен болашағына үйіне қандай көлікпен келгені, қандай оркестр күтіп алғаны немесе ертегінің қай кейіпкері қарсы алғаны маңызды емес. Сенің жақсы күнің – біреу үшін қол жетпес сағым. Сенің дені сау сәбиің – біреу үшін орындалмайтын арман. Сондықтан перзентхана алдын тойханаға айналдырмайық!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button