Жарнама
Қоғам

ТӨЛ ТАРИХТЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ПАРАҒЫ 

Бүгінде Қазақ елі, Ұлы дала тарихтың теперішін көріп, тағдырлары табыстырған талай ұлт пен ұлыстың ортақ Отанына, олардын өрбіген сан буын ұрпақтың кіндік қаны тамып, топырағында тербеткен алтын бесігіне, бірлік пен татулықтың, достық пен туысқандықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің киелі ордасына, жүзден астам ұлт пен ұлыстың ынтымағы жарасқан берік те мызғымас, шайқалмас шаңырағына айналып отыр. Кезінде кешегі кеңестік солақай саясаттың салқынымен тарихи отандарынан еріксіз осында еріксіз қоныс аударып, пана мен сая тапқан, осы жерде өсіп-өнген ұлттардың бірі – корейлер. Биыл міне, олардың Қазақстанға келіп қоныстанғандарына 85 жыл толып отыр. Оның үстіне, еліміз егемендігін еншілеп, тәуелсіз мемлекет танылған шақта Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасында өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнап, қазақтар мен корейлердің туыстық тамырын одан бетер бекітіп, бекемдей түсті. Осынау тарихи оқиғаға да отыз жыл толулы.

​Төл тарихымыздың тағылымды парағы іспетті бұл атаулы даталардың аясында республика көлемінде көптеген игі істер қолға алынуда. Өткенімізді ұмытпай, ұлықтауға, тағзым етуге бағытталған мұндай мазмұнды шаралар Атырау облысында да жалғасын табуда. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені, қазіргі қазақстандық корейлердің аға буын өкілдері алғашқылардың қатарында біздің өңірімізге. соның ішінде Жайық бойын жайлаған Махамбет ауданына маңдай тіреген болатын. Сол себептен де кезінде аядай үйінің төрінен орын ұсынып, бір үзім нанын бөліп берген, жатсынбай бауырына басқан қазақтарға деген ризашылығын шынайы көңілдерімен білдіріп, соның белгісіндей ескерткіш қойған да осы корейлер еді.

608439db 7878 4629 86ae a072612a8648

​Шараға қатысушы көпшілік пен арнайы шақырылған қонақтар да ең алдымен Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында орнатылған ескерткіштің жанында бас қосты. Гүл шоқтарын қойып, сталиндік зұлмат пен зобалаңның, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларының рухына тағзым қылды. Бұл ескерткіштің қазақ халқына деген шексіз ризашылықтың, достық пен туысқандықтың өшпес белгісі болып қала беретінін тағы бір мәрте паш етті. Жиналғандардың алдында Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

3da1920e 48a1 4b4e 97c9 d2a6d42371bf

​Бұл күні осы ауылда туып-өскен, осындағы Чкалов орта мектебінде шәкірттерге география пәнінен дәріс беріп, ұстаздық еткен, сонымен қатар Чкалов атындағы колхоздың төрағасы болып шаруашылықты басқарған, өңірдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосқан азамат Сергей Иванович Шин и Хеннің есімі ауыл көшелерінің біріне берілді. Одан бөлек, жаңадан салынған ашық спорт алаңы ашылды. Осыған орайластырылған салтанатты рәсімге де аудан басшылары мен ауыл тұрғындары қатысып, қуанышты бірге бөлісті. Айта кету керек, жазғы спорт алаңының бой көтеруіне атыраулық «Иж строй» ЖШС (директоры  В.С.Шин) демеушілік жасаған. Ауыл тұрғындары атынан еңбек ардагері Амангелді Қарамоншақов сөз алып, елдің игілігіне жасалып жатқан игі іске мұрындық болған ел ағалары мен азаматтарға алғысын арнады.

Даулетқали Аруев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button