Жарнама
Қоғам

Тірлігі тындырымды нәзік жандар

Атырау қаласының Б.Жарбосынов көшесінің бойында қыстық күрткелерінің сыртынан дабылдық жилеттерін киген бір топ әйел адамды кезіктірдік.

Олар – жаздың аптап ыстығы мен қыстың ызғарлы күнінде, қаланың жаңбырдан кейінгі балшығы мен ұйтқыған шаң-топырағына қарамастан таңмен таласып жұмысқа жететін қаладағы көше тазалықшылары. Әсіресе қолдарында күрегі мен сыпыртқылары бар нәзік жандылардың ерлермен бірге еңбектеніп жүргенін көргенде еріксіз таңырқайсың.

– «Арнаулы автобаза» ЖШС-де еңбек еткеніме 11 жыл болды. Басында бригадирліктен бастағанмын. Бүгінде қарамағымда 65 жол жұмысшысы бар. Біз негізінен Алмалы, Береке, Сарыөзек ауылдарымен қатар Нұрсая, Самал, Атырау шағынаудандары мен  Исатай Тайманов көшесіндегі тазалыққа жауаптымыз, — деген учаске басшысы  Мира Асановадан серіктестікте көп жылдар бойына жұмыс істеп келе жатқан жұмысшылармен жолықтыруын өтіндік.

Қаладағы «Арнаулы автобаза»  ЖШС-де жиырма жылдан астам уақыттан бері жол жұмысшысы болып еңбек ететін Марта Қожантаева мектеп бітірген соң бірден осы салаға келген екен.

screenshot 10

– Атырау қаласындағы №4 Ю.Гагарин атындағы орта мектепті бітірген соң, «Арнаулы автобазаға» жұмысқа тұрдым. Таңертеңнен кешке дейін Б.Жарбосынов көшесін тазалаймыз. Қасымда Анжела, Гүлбахор, Таня, Рахима сынды жұмыстастарым бар. Әрқайсымызға әр нысанды бөліп береді, соларды мұқият ретке келтіреміз. Қаланың ішінде көше тазалайтын қазақ әйелдерінің саны аз, көбі қарақалпақ ұлтының өкілдері. Ал, қазақтардың көпшілігі қалаға іргелес ауылдық округтерде жұмыс істейді. Бұрын жалақымыз аз болатын, соңғы бір-екі жылда оны 170 мың теңгеге дейін көтерді. Мекемедегі Азамат аға, Күләнда, Орынша, Клара, Гүлмира апайларға ерекше алғыс айтқым келеді. Олар бізге үнемі қолдау білдіріп отырады. Жанұя жағдайына келсем, әкем Тарыбай мен анам Нұржамалдан 8 ағайынбыз. Төрт ағам, үш апам бар. Наурыз айында дүниеге келген соң есімімді нағашы әжем Марта қойыпты, — дейді Марта Тарыбайқызы.

Тірлігін тындырымды істеп үйренген Марта тұрғындардың қала тазалығына мұқият қарап, жауапкершілікті сезінуге шақырады. Оның айтуынша, әлі күнге дейін арнайы қойылған қоқыс жәшігіне жеткізбей қоқыстарын лақтырып кететіндер кездесетінін айтады. Екі аптада бір күн демалатын кейіпкеріміз көшелердің көптігінен демалыс дегеннің көп бола бермейтіндігін жасырмайды.

Кешегі қалың түскен омбы қарды тазалауда да осы тазалықшылардың еңбегі ерен. Біз жолықтырған тазалықшылардың жүздерінен өмірге, өз істеріне деген ерекше құлшынысты байқадық.

«Біз үшін еңбектің үлкен-кішісі жоқ, бастысы ақ адал еңбек, маңдай тер» дейді кейіпкерлеріміз.

                               

Алмас ҚАБДОЛОВ

суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button