Жарнама
Қоғам

Тіл — ұлттың жаны

Қазақ тілі сан ғасырдан бері халықпен бірге жасасып келе жатқан тіл. Сондықтан да халық пен тілді бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Ол – мәңгілік, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан, тіні ажырамаған ұлттық құндылық.

Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетінде «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбында жарияланған жаңажылдық сұхбатында атап өтті.

Ана тіліміз – ұлтымыздың жаны, ары, ұяты. Тіл жоғалса, ұлт та жойылады. Бүгінде бүкіл әлемде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның 3 мыңы қазіргі таңда жойылып кету қаупінде тұр. Осындай ақпаратты алға тартқан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл – кімді де болса ойландырып, толғандырар жайт екеніне тоқталды. Оның үстіне, бүгінгідей әлемді жайлаған жаһандану дәуірінде бұған мүлдем жол беруге болмайтыны өзінен-өзі түсінікті.

Жасыратыны жоқ, халқымыздың тағдыры тәрізді біздің тіліміз де талай теперішті бастан кешті. Көптеген әлем тілдері сияқты ол да жойылудың аз-ақ алдында қалды. Еліміз егемендігін алып, мемлекетіміз тәуелсіздігін еншілеген сәттен бастап, қазақ тілі де мемлекеттік тіл мәртебесін иеленіп, қанатын кеңге жайды, қолданыс аясы кеңейді. Әйтсе де, бәрі ойдағыдай, алаңдауға еш негіз жоқ деп түйін жасауға әлі ерте десек, қателеспеген болар едік. Томағасын енді ғана сыпырып, көкте самғауға ұмтылған қыран құс секілді қазақ тілі де бұл күнде қанатын кеңге жайып, қарыштай түсуде.

Қоғамның, қалаберді баршаның алдында тұрған мерейлі міндет, азаматтық борыш – ұлттың жаны, халықтың жаны саналатын қазақ тілін қадірлеп, қастерлеу, көздің қарашығындай сақтау. Соған әрқайсымыз мүдделілік танытуымыз шарт.

Әбілхан ТӨЛЕУІШЕВ,

тіл жанашыры, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button