Тіл – қасиетті, оны кемсітуге жол жоқ!

til Қоғам

Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да – тіл. Ол – қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда.

Әр халықтың тілі – адамдардың маңызды қарым-қатынас құралы болуымен бірге, ұлттың мәдени, рухани асыл қазынасы, баға жетпес байлығы. Тілді қатынас құралы ретінде жасаушы да, дамытушы да – халық, ал халық үшін тіл ұрпақтан-ұрпаққа аманат ететін тарихы мен мәдениеті, өмірінің алтын кілті. Бір сөзбен айтсақ, Тіл – халықтың жаны!

Қазақстанда 130 – дан астам ұлттар тұрады. Олардың бәрі өз ана тілдерін сақтап сөйлеседі. Біздің елдің ерекшелігі де осы болар… Оған қоса Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 31 қазандағы №689 Қаулысына сәйкес 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып мерекеленеді. Яғни, ұйып отырған біздің елде тілдік жан-жал мен тілдік кемсітушілікке жол жоқ! Ол төмендегідей нормативтік – құқықтық актілермен реттеледі.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 174 – бабы бойынша «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сенімін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дінге көзқарасы, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік белгілері бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау» жазаланады. Жаза – айыппұл, бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалуы мүмкін.

Жоғарыда айтылған әрекеттер әлеуметтік желілерде жасалса да қылмыс болып саналады.

Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 453 – бабында нәсілдік және ұлт араздығын қоздыруға бағытталған мәліметтер мен материалдар қамтылған бұқаралық ақпарат құралдары өнімін тарату заңмен қудаланатыны көрсетілген. Егер әрекетте қылмыс белгілері болмаса, әкімшілік жаза тағайындалады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі мемлекеттерде, әсіресе көпұлтты мемлекеттерде ұлттық бірлікті сақтаудың өте маңызды екенін атап өтті. Ол «Тілге қатысты кемсітушілікке жол жоқ. Бұл сұраққа Конституция нақты жауап береді. Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, Сіз де осыны естен шығармаңыз, қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға, бірақ басқа тілдерді кемсітпеуге және зиян келтірмеуге шаралар қолдануыңыз керек. Бұл басқа тілдерде сөйлейтін адамдар мен азаматтарға да қатысты айтылған» деп баса айтқан болатын.

Жалпы Қазақ даласындағы жазуының тарихына үнілетін болсақ, 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары латын графикасын қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолданып келеді. Бүгінде қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл.

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” – деген. Демек, тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы.

Сол ретте Тіл тағдырына қамқорлық – әр адамның міндеті. «Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі» дейді Ж.Аймауытов. Иә, бүгінгі таңда күн тәртібінен түспейтін мәселе – әр ұлттың жаны, яғни тіліне деген қамқорлық жасап, тілдік араздыққа, кемсітушілікке жол бермеу.

Еліміздің бірлігі мен тыныштығы үшін әрбір азамат ешқандай тілдік кемсітушілікке жол бермей, барлық Қазақстанда тұратын ұлттарды бір арнаға ұйыстыратын мемлекеттік тілімізді ұлтаралық, ғылым тіліне айналуына үлес қосу керек деп есептеймін.

Бейбіт еліміздің болашағы жарқын, халқы тату, тілі тұғырлы болғай!

Халықтар достығы мен бірлігі ажырамасын!

Айгүл Базарбайқызы Қуаныш,

Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тілдерді дамыту және талдау бөлімінің басшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз