«Тіл – әрбір елдің жаны» деген сөз тегін айтылмаса керек. Елімізде қанша ұлт өмір сүрсе, олардың сонша тілі бар. Сондықтан, 130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүретін елімізде тілдер мерекесінің маңызы жоғары. 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күніне орай облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда өткен «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты шара барысында бұл жайында жан-жақты айтылды.
Білім ордасының директоры Нұрлыбек Даумов шара қонақтарын айтулы мерекемен құттықтап, арнайы келген «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілдеріне Алғыс хат табыстады.
Мемлекеттік тіл – көп ұлтты еліміздің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы. Оқушылар патриоттық әндер мен композицияларды орындады.
«Біз қазақ тілін жете білу арқылы өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа да тілді үйреніп, мәдениетін қадірлейміз», — деген оқушылар түрлі ұлттың тілінде құттықтау тілектерін жеткізді.
Жас өрендердің өнерін тамашалап, құрметке бөленген шара қонақтары да балаларға алғыс білдірді.
«Санаулы ғана емес, сан түрлі ұлтты бір шаңырақ астына ұйыстырған Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін ерекше атап өткіміз келеді. Ассамблея – Елбасының төл туындысы. Оның қоғамдағы маңызы жыл санап артып келеді. Сондай-ақ, әр өңірден ашылған «Достық үйлерінің» орны бөлек. Ұлттық этно-мәдени бірлестіктер сол жерде өз мәдениетін, дәстүрін насихаттап, тілін дамытуда. Әр ұлт өз ана тілін қастерлейді, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырады. Ал, бұл орайда Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Мәселен, біздің бірлестігіміздің жексенбілік мектебі жұмыс жасайды. Әжелер, жастар, балалар хоры да бар. Мемлекеттік тілді меңгеру мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда», — деді «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Роза Шафиева.
Аталған білім ұясында бүгінде 339 оқушы оқиды. Өзге тілдерді де меңгеріп жүрген олар мемлекеттік тілдің мәртебесін қашан да биік қоймақ.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА