Жарнама
Қоғам

Тігін цехын тізгіндеген Гүлжазира

Облыста кәсіпкерлікке бет бұрған әйел азаматтардың қатары артып келеді. Атырау қаласында кәсібін ашып, жұмысын дөңгелетіп отырған сондай жандардың бірі ­– Гүлжазира Аймұрзаева. Кәсібін шағын ателье ашудан бастаған ол болашақта кәсібін одан әрі дамытуды көздеп отыр. Бүгінде 18 жылдық тәжірибесі бар тәжірибелі дизайнер-сәнгер жұмысымен қатар, жаңадан бастаушы шеберлерді іс тігудің қыр-сырларына оқытып келеді.

Кез-келген істі қолға алған адамның жанында сенімді серігі болғанда ғана қай шаруаның да қиюы табылары белгілі. Ал, Гүлжазираның қасындағы жұбайы Ержан Букаев тәжірибелі қаржыгер болғандықтан, отбасылық бизнесті бірге жүргізуге көмектескен.

68667

– Тігін цехының жұмыс істеп келе жатқанына екі жарым жылға жуықтады. Басында күнделікті әйелдер киімдерін тігіп бастадық. Кейін, тапсырыс арқылы арнайы киімдер тігіп, кәсіпорындармен келісімшарт бойынша жұмыс істеуге көштік. Алдыңғы жылы сөмкелер мен рюкзактар тігу идеясымен мемлекеттік грантқа құжат тапсырып, 3 миллион теңге ұтып алған едік. Сол қаражатқа жолқапшықтар (рюкзак) мен сөмкелер шығаруды қолға алдық.  Былтыр НКОК компаниясынан 9 мың жолқапшық дайындауға үлкен тапсырыс алып, ақпан айы мен шілде айы аралығында тапсырысты сәтті аяқтадық. Содан соң сөмке, жолқапшықтар тігу туралы қызығушылық оянды. Алдағы уақытта өзіміздің өнімдерімізді сатуға арналған жеке бутигімізді ашуды көздеп отырмыз. Қолөнерінде қолданылатын ұсақ-түйек заттарды Ресейден алдырып жатырмыз. Болашақта әртүрлі материалдарды қолдана отырып, өнім түрлерін кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ниеттіміз. Тігін цехы бір күнде 150-ге жуық жолқапшық тігуге қауқарлы. Шетелдерге барып білімімізді арттырғымыз келеді. Бүгінде цехта 10 шақты тігінші жұмыс істейді, — дейді кәсіпкер.

Болашақта отбасылы кәсіпкерлер одан әрі даму бағытында мамандануға және шығарылатын өнімнің дизайнымен жұмыс істеуді көздеп отыр. Олардың өнімдерін спортшылар, студенттер, мектеп оқушылары, туристер және т.б қолданып, қызығушылық білдіріп келетін көрінеді.

87777777578

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, өңірдегі бизнестің 25,2%-ын әйел кәсіпкерлер басқарады. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, 2023 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша облыста 70 717 кәсіпкерлік субъект тіркелсе, оның 35 000-ын қыз-келіншектер басқарады. Сонымен қатар, әйелдер мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда да белсенді екен.

2022 жылдың қорытындысы бойынша 600 әйел кәсіпкердің жобасы қаржыландырылған. Сондай-ақ, өз кәсібін ашуға ниетті 37 азаматқа 106 млн теңгеге қайтарымсыз грант ұсынылса, оның 24-і – әйелдер. Олар 30 жаңа жұмыс орнын ашқан.

screenshot 5

Әйелдер басқаратын кәсіпкерлік субъектілері негізінен білім беру, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп және т.б. салаларды дамытуда мемлекеттен қолдау алған.  

Осындай қолдаулардың нәтижесінде төрт бала тәрбиелеп отырған отбасылы кәсіпкерлер алдағы уақытта еліміздің нарығын бағындыруды көздейді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button